Жаңалық Редакция таңдауы

Биыл алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізіледі - Дархан Жазықбай

Фото: МҚІА

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топ мүшелері қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай өткен жылы Агенттіктің барлық бастамалары Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған және сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

Өткен жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында адами ресурстарды басқарудың заманауи құралдарын қолданатын арнайы HR институты құрылған.

Дархан Жазықбай Агенттіктің еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру бағыттарында іске асырылған Президенттік жастар кадр резерві жобасы бойынша үшінші іріктеуге 30 мыңнан астам адам өтініш білдіргенін, бұл оның жастар арасындағы жоғары танымалдылығын көрсеткенін айтты.

Тікелей тағайындау мүмкіндіктеріне сәйкес жоғары оқу орнын бітірген 100-ден астам түлек конкурстан тыс аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға тағайындалып, 300-ге жуық жеке сектордың тәжірибелі маманы мемлекеттік қызметке қабылданған.

Агенттік төрағасы жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Биыл алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілмек. Іріктеу 7 салалық бағыт бойынша өтеді, - деді ол.

Дархан Жазықбай «e-Qyzmet» жүйесі бойынша алты мемлекеттік органда өткен мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасының сәтті жүзеге асырылғандығын айтты.

Осылайша, конкурстарға қатысушылар санының артуында оң динамика байқалады. Жаңа жүйемен мемлекеттік қызметке 650-ден астам адам қабылданса, конкурстарға қатысқан үміткерлердің саны 5800-ді құрап отыр. Жаңа жоба бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарға енгізу жоспарда, - деді ол.

Мемлекеттік қызметте қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Басқа өңірлерге ротацияланатын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлемдер енгізілді. Икемді кестелерді қолдану және қашықтықтан жұмыс істеу Ережесі бекітіліп, оларды қолдану практикасы 72,4%-ға өсіп отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидалары да бекітіліп, «келісімшарттық қызметшілер» институты енгізілді.

Алқа отырысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау шаралары баяндалды. Дархан Жазықбайдың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Агенттікпен 513 мемлекеттік органда жұмыс уақытының сақталуына мониторинг жүргізгіліп, нәтижесінде 234 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс уақыты берілген.

Сондай-ақ 2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңестердің 195 отырысы өтіп, онда 1300-ден астам мәселе қаралғаны айтылды. Олардың 62% профилактикалық сипатта және әдеп бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлінеді. «Адал Азамат» ұстанымдары мен идеалдарын ілгерілету, жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру жұмыстары басталды, - деді Дархан Жазықбай.

Алқа отырысында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жұмыстың алдын ала қорытындылары айтылды. Мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 550-ден астам бюрократиялық кейстер әзірленген. Ұсыныстардың 152-сін іске асыру үшін заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдануы қажет болып отырғаны айтылды.

Сонымен қатар отырыста Агенттіктің алдағы жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button