Богдан Петров: «Волонтер жылы пандемиямен есте қалады»
Еріктілер жылының аяқталуына таяп қалды. Волонтерлердің белсенділігі, әсіресе, Мақтаарал, Арыс және пандемия секілді мемлекетімізде орын алған ауыр жағдайларда ерекше байқалды.
2020 жылы болған қиын сәттерде көзге түскен волонтерлердің бірі – журналист, Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі, «Qyzyljar» телеарнасының дикторы, мемлекеттік тіл жанашырларының бірі және жас ерікті Богдан Петров. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Трудовое ауылында дүниеге келген.
Спикерден Еріктілер жылы несімен есте қалды деп сұрағанымызда:
«Волонтер жылы пандемия уақыты ретінде есімізде қалады. Бірақ қиын жағдайға қарамастан, Қазақстанда көптеген жақсы істер бастау алды. Мысалы, СҚО-да фронт-офис өз жұмысын бастады, «Қазақстан волонтерлер лигасы» РҚБ филиалы ашылды. Жалпы өңір бойынша, 1 мың солтүстікқазақстандық волонтерлықпен айналысады. Олар мұқтаж жандарға қол ұшын созып, азық-түлік, маскаларды таратады, экосенбіліктерге қатысады, ескерткіштерге мониторинг жүргізеді және жедел-жәрдемнің жұмысына көмектеседі», – деп жауап берді.
Қоғамдық жұмыстарға әрдайым белсене араласатын ол үш тілде еркін сөйлеп, болашақта журналистика саласының биік белестерін бағындыруды мақсат етеді.