Ақмола облысы

Бөгенбай батырдың атымен байланысты кешен (жерленген жері, стеласы және тарихи музейі)

Ерейментау және Біржан сал ауданындағы барлық объектілер кешені әйгілі Бөгенбай батырдың атымен байланысты. Олардың барлығы облысымыздың рухани рухани киелі жерлері болып келеді.

1775 жылы Ереймендегі Қоржынкөл басындағы Қанжығалы Бөгенбай батыр ауылы Сілетідегі жайлауға көшіп шығады. Сілеті өзенінің терістігінде ағып жатқан Киікбай өзекшесінен өткен соң Бөгенбай ба­тыр жаппа күркенің ішінде 98 жасында дүние салған екен. Ол кезде хан Абылай Омбы жағына жол жүріп кетсе керек. Мәйітті хан келгенше қарағай бөренелерден биік сөре жасап, былғарыға орап, сонда сақтайды. Ол кезде халқына танымал, атақты адамдарды қасиетті Түркістан қаласына апарып жерлейтін дәстүр болған. Абылай хан батыр өлімін естігеннен кейін оның бұйрығымен мәйітті үлкен ұлы Тұраналы бастап Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлейді. Басы немере інісі Адай болып, балалары Тұранәлі, Тұрымбет, Арғынбай, Жылқыбай бастаған 40 кісі Бөгенбай батыр мәйітін әулие жатқан ғимараттың ауласына барып жерлеп қайтады. «Бөгенбай сөресі» деп аталып кеткен жерде тұрған ескерткішке «Бұл жерде 1775 жылы қазақтың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар гранит тастан тақтайша орнатылған.

1991 жылы маусым айында Ерейментау қаласына кіреберістегі төбешікке Бөгенбай батыр стелласы орнатылды. Стела мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Үш найзаны біріктіретін қалқанында «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме. XX ғасыр ұрпақтарынан» деп жазылған.

2009 жылы Ерейментау қаласында атақты қолбасшы және ержүрек Бөгенбай батырға ат үстіндегі ескерткіш тұрғызу қарсаңында аудан әкімінің ұсынысымен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі батырдың жерленген жерінен бір уыс топырақ алдыртып, оны капсулаға толтырқызып, болашақ ескерткіш табанына түсіреді. Сол топырақты жеткізу Бөгенбай батыр ұрпақтарына жүктелген еді.

Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Ерейментау қаласының орталығында орын тепкен. 1999 жылы музейге даңқты батырдың есімі берілді.

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button