БӨКЕЙ ОРДАСЫ ТАРИХИ КЕШЕНІ
«Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені Батыс Қазақстан облысы орталығынан 550 шақырым жердегі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан. Ішкі қазақ немесе Бөкей ордасы Бөкей негізін қалап, Жәңгір жаңартқан тарихи мекен. Тарихи-музей кешенінің аумағында бүгінгі күнге дейін сақталған және мемлекеттік қорғауға алынған ХІХ ғ. тарих және сәулет ескерткіштері болып табылатын тарихи ғимараттар біріктірілген.
1828 жылы салдырған хан Жәңгір сарайы қазақ жерінде сақталған бірден-бір хан ставкасы болса, Қазақстанда тұңғыш ашылған жәрмеңке, мектеп, дәріхана, аурухана, казначейство, қыздар мектебі, өрт сөндіру мекемесі, баспахана, оба індетіне қарсы станция, басқа да мекемелердің ғимараттары аспан астындағы музейдің ішіндегі дайын жәдігерлері іспеттес. Әлі күнге дейін Жәңгір хан негізін қалаған Хан ставкасында, немесе бүгінгі таңдағы атауы бойынша Хан ордасында хан құрылыстары, сауда көшесі, аурухана кешені, мектеп қалашығының аймақтары сақталған. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамында Хан сарайы, ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1867 жылы ашылған Казначейство мекемесінің ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, ХІХ ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Хан Жәңгір, күйші Д.Шығаев, ғалым М.С.Бабажанов кесенелерін құрайтын пантеон бар.
Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді. Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніндегі Казначейство ғимаратында Бөкей ордасының 200 жылдық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде –«Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс флигелінде– «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде қайта қалпына келтірілген Қыздар училищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды. Кейінгі алаш зиялыларының саяси-идеологиялық қызметі осы ордамен тығыз байланысты болды.
2003 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Халықаралық Музейлер Кеңесінің (ICOM) мүшесі болып қабылданып, Парижде тіркелді. Жәңгір ханның тұрған Хан сарайының сақталмай қалған ортаңғы бөлігі мен батыс флигелінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылы «Хан сарайы» мемориалдық музейі ашылды. Сол жылы кешен ауласы жанындағы бұрынғы мектеп қалашығының 5 үйі сатып алынып, осы үйлердің бірінде 2013 жылы бесінші музей – «Тұңғыш қазақ баспаханасы» музейі ашылды.
Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/kz/attraction/view?id=31