Жаңалық

«Бөкей ордасы» тарихи кешені

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің атауы ХIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір ханның есімімен тығыз байланысты. Бүгнігі таңда кешен 100 киелі нысан тізіміне енген. Ruh.kz порталы Батыс Қазақстан облысының мақтанышы жайлы біршама мәліметті ұсынады. 

Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені Батыс Қазақстан облысына қарасты Орда ауылында орналасқан. Музей орын тепкен хан ордасы ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 600 шақырымдай қашықтықта жатыр.

Тарихи музей кешені ХІХ ғасырда салынған. Оның құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, XIX ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, XIX ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Хан Жәңгір, күйші Д.Шығаев, ғалым М.С.Бабажанов кесенелері құрайтын пантеон бар.

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені дәрежесіне көтерілді. Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніндегі Казначейство ғимаратында Бөкей ордасының 200 жылдық тарихынан сыр шертетін «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде «Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс флигелінде «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде қайта, қалпына келтірілген Қыздар училищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды.

Музейдің шалғайда орналасқанына қарамастан жыл өткен сайын келушілер саны көбейе түспесе, азайған емес.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button