Мақала Редакция таңдауы

«Болашақ» бағдарламасына қатысу үшін нені білу керек?

«Болашақ» халықаралық стипендиясы – әлемнің ең үздік университеттерінің бірінде білім алу бақытын сыйлайтын бірден-бір бағдарлама.

Ол 1993 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен құрылылды. Бұл бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Былтыр «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша, ал 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты бойынша берілді.

Байқауға қатысу үшін қажетті құжаттарды кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен egov.kz сайты арқылы тапсыруға болады.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу тәртібі:

I кезең. Оқуға түсу үшін санаттарды анықтау. Магистратура, резидентура, докторантура немесе тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша оқу.

II-кезең. Қажетті құжаттарды дайындау. Құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін Жұмыс органы жыл сайын бекітеді және құжаттарды қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күн бұрын БАҚ-та жарияланады.

Негізгі қадамдар:

1) Талаптарға сәйкес келу;

2) Қажетті құжаттарды жинақтау;

3) Көрсетілген мерзімде Электрондық үкімет порталы арқылы құжаттарды тапсыру;

4) 3 турдан тұратын конкурстық іріктеуден өту. Жаңа іріктеу ережесіне сәйкес, конкурстың іріктеуі 6-дан 3 кезеңге қысқартылған. Қазіргі таңда  үміткерлердің ұсыныс хаттары мен негіздеме хаттарын бағалау, мемлекеттік тілді, шет тілді білу деңгейін айқындайтын тест алынып тасталды.

1-тур – Кешенді тестілеу;

2-тур – ТСК мүшелерімен дербес әңгімелесу;

3-тур – Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы

5) Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді қабылдағаннан кейін, стипендиат не оған сенімді тұлға стипендия тағайындалған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Заң қызметі департаментіне жүгініп, Орталықпен оқуды ұйымдастыру туралы шарт, сондай-ақ кепіл шартын жасасуы қажет. Шарттарды мерзімінде жасаспаған жағдайда, стипендиат «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері мәртебесінен айырылады.

«Болашақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес, оқу ақысы, ай сайынғы шәкіртақы, медициналық сақтандыру, виза, әуежол шығыстары, семестр сайын оқулықтарға бөлінетін көтермеақы толық Үкімет қаржысынан қамтылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button