Жаңалық

Бразилиядағы жемқорлық қалай әшкереленді?

ruh.kz

Бразилиядағы жемқорлық қалай әшкереленді?


«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» айдары. Бразилия мемлекетіндегі негізгі проблема көзі қандай? Жемқорлыққа белшесінен батқан елдердің ішінде Бразилия нешінші орынға жайғасты, оның бұрынғы президенті неліктен тергеуге алынды? Әлемдік саясат пен бизнес салаларына қатысты осынау бір маңызды деректерге қанық болғыңыз келсе, Ruh.kz порталы келесі мақаланы оқуға кеңес береді.

Бразилия экономикасы жалпы ішкі өнімі (2 трлн долларды құрады) бойынша әлемде жетінші орын алады. Мемлекетте демократиялық үкімет пен орташа еркін нарықты экономика орнаған, бірақ ірі мұнай компаниясы (Petrobras) мен ең ірі банкі (Banco do Brazil) мемлекет меншігінде. Бірқатар экономистердің пікірінше, мемлекет әлі де өзінің тиісті экономикалық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Бұның басты себебі – саяси байланысқа қолайлы әрі шетелдік инвестицияларға бөгет болатын жемқорлықтың ушығуы.

Мемлекеттердің жемқорлыққа қаншалықты батқанын бағалайтын Transparency International мемлекеттік емес ұйымы 2016 жылғы есебінде Бразилияны 176 елдің ішінде 79-орынға орналастырды. Бразилиядағы негізгі проблема – үкіметтен жеңілдік алу мақсатында мемлекеттік лауазымды тұлғалар өз қызметін «саудаға ықпал ету» және жеңілдік алу үшін, сондай-ақ мемлекеттік контрактілер жасағанда пара сұрау үшін пайдаланады. Осыған байланысты, Дүниежүзілік экономикалық форум зерттеуіне сәйкес, мемлекеттік қаражатты дұрыс пайдалану бойынша Бразилия 144 елдің ішінде 135-орынға тұрақтады.

Соңғы он жылда Бразилияны жайлаған сыбайлас жемқорлық індетін бірнеше жанжал ашып берді. 2005 жылы mensalao (ай сайынғы төлемақыға байланысты) дауы жұртты дүрліктірген еді. Поштаның орта буын шенеунігі алған пара кейіннен жанжалға ұласты. Оның кейбір компанияларға контракт жасауға қолдау көрсетпек болған уәдесі таспаға жазылып қалған. Кейінгі тексерулер нәтижесінде анықталғандай, Ұлттық конгрестегі мемлекеттік бастамаларды өз ыңғайына бейімдеу үшін заң шығарушыларға ай сайын төлемақы берілетіні айқындалды. Ұзаққа созылған тексерулерден кейін, 2012 жылдың соңында, 25-ке жуық саясаткер мен бизнес басшылары сыбайлас жемқорлық, пара беру және ақшаның ізін жасыру қылмыстары бойынша айыпталды.

Mansalao жанжалы туралы қоғамдағы шу енді басылған тұста, 2014 жылдың наурызында, сыбайлас жемқорлықтың басқа жанжалы бразилиялықтарды дүр сілкіндірді. Ендігі жанжал Petrobas мемлекеттік мұнай компаниясы төңірегінде өрбіді. 1997 жылдан бері сәтті жұмыс істеп тұрған тәсіл бойынша, Petrobas компаниясымен жұмыс істегісі келетін құрылыс фирмалары компания басшыларына пара беруге келіседі. Осы басшылардың көпшілігі лауазымды тұлғалар болатын. Басшылар өздеріне қайтарылатын 3 пайыздық «төлем» сомасын қосып, жасалатын контрактілердің құнын көтеріп отырған. Осынау 3 пайыздық төлем Petrobas компаниясы, құрылыс компанияларының басшылары және саясаткерлер арасында тең бөліске түскен. Құрылыс компаниялары ақшаның ізін жасыру үшін жасанды компаниялар құрған. Тергеу жүргізген прокурорлардың сөзіне жүгінсек, параның сомасы шамамен 3,7 млрд АҚШ долларынан асады.

Ақшаның ізін жасыруға және сыбайлас жемқорлыққа қатысты Petrobas компаниясының бұрынғы төрт лауазымды тұлғасы мен құрылыс компанияларының 23 басшысы жауапқа тартылды. Оған қоса, Бразилияның Жоғарғы соты прокурорларға конгрестің бұрынғы және қазіргі 48 мүшесін, оның ішінде Бразилияның бұрынғы президенті Фернандо Коллора де Меллуді тергеуге рұқсат берді. Осы кезде Бразилия президенті Дилма Русеффтің де жанжалға қатысы бары анықталды. 2016 жылдың маусым айында Русефф импичмент сотының алдында президенттік қызметінен шеттетілді. Ол осы жанжал кезінде Petrobas компаниясының төрайымы болған. Сонымен қатар бірнеше мүшесі жемқорлық дауының басты кейіпкеріне айналған Жұмысшылар партиясының да мүшесі болған. Дилма Русеффтің пара жөнінде білгенін немесе одан пайда тапқанын дәлелдейтін ешқандай айғақ табылмаса да, оның басқару қабілетін қауымдастық қатаң сынға алды. Дау-дамайдың Бразилияны күйзеліске ұшыратқаны соншалық – елді тоқырауға жеткізді. 2016 жылдың тамызында Русеффке импичмент жарияланып, президенттік қызметінен алынды.

Осы оқиғалардың ең пайдалы тұсы – жемқорлықтың әшкереленгені. Сыбайласқан саясаткерлер, үкімет шенеуніктері және бизнес басшылары Жоғарғы соттың үкіміне, сондай-ақ қоғамдық наразылыққа негізделген сот үкіміне сай жауапқа тартылды. Бұрынғы кездерде бұл мүмкін болмас еді.

Дереккөз: Will Conners and Luciana Magalhaes, «Brazil Cracks Open Vast Bribery Scandal», The Wall Street Journal, April 7, 2015; Marc Margolis, «In Brazil’s Trial of the Century, Lula’s Reputation Is at Stake», «Newsweek», July 27, 2012; «The Big Oily», The Economist, January 3, 2015; Donna Bowater, «Brazil’s Continuing Corruption Problem», BBC News, September 18 , 2015; Romero, «Dilma Rousseff Is Ousted as Brazil’s President in Impeachment Vote», The New York Times, August 31. 2016.

«Халықаралық бизнес: Жаһандық нарықтағы бәсеке»

Хилл Чарльз, Халт Томас

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button