Бүгін – Абай күні
2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысымен «Қазақстандағы мерекелік күндердің қатары «10 тамыз – Абай күні» деген тармағымен толықты.
Хәкім мұрасын құрметтеуді парыз еткен халық үшін мерейлі күн тарихи оқиғаға, үлкен қуанышқа айналды.
Дана Абай өсиет еткен «кемел адам» философиялық ұғымын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Абай туралы сөз» атты кітабында тілге тиек етті. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», деп жазған еді. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және 21-ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы арқылы ұлттың рухани жаңғыру үрдісінің өзегі – ақын мұрасын терең зерделеу керек екеніне назар аудара отырып, халықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп ақын жырлағандай, жастарымызды ізгілік пен білім жолындағы адам ретінде тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты бағыты, Хакім мұраты болса керек.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адалдықты көздесең,
Жаттап тоқы, көңілге.
Ақиқатында, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген сөз текке айтылмаған. Абай – артына өлмейтұғын мұра қалдырған ақын. Ол өз дәуірінің көзі ашық, көкірегі ояу данагөй данышпаны ғана емес, әлемдік ойға ой қосып, ұлылармен терезесі тең тұрған кемеңгерге айналды.
Саналы ғұмырын ғылымға арнап, ақын мұрасының жан-жақты зерттелуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым, абайтану саласының алыбы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы саяси жүйенің ықпалымен қоғамдық-саяси көзқарастарынан бастап өмірбаянына дейін бұрмаланған ақынның туған күнінің мерейлі мерекеге айналырудың маңызы зор дейді. «Ұлы ақынның туған күні 10 тамыз екені айдан анық, еш талассыз шындық. Аға сұлтан Құнанбайдың анкетасында балалары туралы мәліметтер көрсетіледі. Сол жерде Абайдың туған күні деп 10 тамыз жазылған. Одан Семейге саяси қуғынға ұшырағандар келгені белгілі. Олардың пікірлері де мұны қуаттайды. Абайдың 1845 жылы, 10 тамыз күні Ералы жазығында туғаны айқын. Ол кезде Семей халқы көшіп-қонып жүрді. Олардың бір жерге отырықтануы өткен ғасырда ғана жүзеге асты. Шортанбай ақынның айтатыны бар ғой: «Әуелі бастан ханды алды, Қамалып қазақ сандалды», деп. 1822 жылы хандық жүйе жойылған соң орыс губерниялары құрыла бастады. Олардың мақсаты белгілі еді. Әрине бұл ұзақ әңгіме. Біздің айтпағымыз, Абай сол тұста өмірге келді. Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Енді ұлы ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың бекігені құптарлық іс болды деп ойлаймын. Бұл сөзсіз солай болуы қажет нәрсе», -дейді акбайтанушы.
Былтыр поэзия шамшырағының 175 жылдық мерейтойы аясында Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия, грузин, иврит, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шықты. Республика бойынша 31 елді мекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады. Бұл ретте Абай мұрасын таныту, бағалау, рухани кемелдік жолында абыз тағылымын бағыт-бағдар ету жолындағы өміршең істер жалғаса бермек.