Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні
Бүгін көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық Алаш қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы, Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Бөкейхан дүниеге келген күн.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған.
Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Оқумен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.
Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, сол газетке «Қыр баласы» деген атпен өзекті мақалалар жазды. «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.
«Алаш» көсемінің туған күніне орай оның нақыл сөздерін оқырман назарына ұсынамыз.
***
Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.
***
Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.
***
Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса – башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.
***
Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.
***
Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.
***
Дүниеде не болса да бірте-бірте аздап ілгері басып болады.
***
Талас-тартыс жоқ болса – өмір абақтыға айналар еді.
***
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді.
***
Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.
***
Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.
***
Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.
***
Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.