Жаңалық Редакция таңдауы

Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Айтулы мереке 1949 жылы Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресімен бекітіліп, балалар күнін бірінші рет 1950 жылдың 1 маусымында атап өту шешімі қабылданды.

Биыл қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауды ұсынды.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,- деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан кейін ҚР Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығына сәйкес, 2022 жыл балалар жылы деп жарияланып, ҚР Үкіметінің қаулысымен балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шаралар «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «BALA QORǴAÝ», «BALA_TIME.KZ» деп аталатын 7 бөлімнен және 50 тармақтан тұрады.

Алғашқы бөлім – «Білімді бала». Жобаның мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» бөлімі баланың берекелі отбасында білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды. Үшінші бөлім – «Дені сау бала» жобасы. Оның мақсаты – балалардың, мүгедек балалардың құқықтарын жүзеге асыру, балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту және қорғау. Төртінші «Жетімсіз ел» бөлімі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын іске асыру бойынша іс-шаралар қолға алынады. Бесінші бөлім «Жайлы мекен» бөлімі балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Келесі «Бала қорғау» бөлімі балалардың қауіпсіз даму жағдайларында құқығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жариялау мәселесі бойынша ұсынымдар әзірленеді. Сонымен қоса мектептерде 24/7 режимінде «Balaqorgau» дербес QR-коды енгізіледі. Соңғы 7-бөлімінде «BALA_TIME.KZ» жобасы бойынша балалар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында балалар жылына арналған іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз етудің медиа-жоспарын әзірлеу, балаларға арналған арнайы медиа өнімдерді шығару және тарату: телешоулар, сериалдар, деректі фильмдер, GIF-тер, әлеуметтік желілердегі имидждік өнімдер, «Балапан» телеарнасында мультимедиялық және танымдық контентті көрсету және «Дана бала» www.danabala.kz балалар әдебиеті сайтының мазмұнын қазақстандық авторлардың кітаптарымен толықтырылады.

2021 жылдың маусым айындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда 6,1 млн бала бар. Оның жартысынан көбі, яғни 3,1 миллионы – ұл бала, ал 3 млн – қыз бала. 3,4 млн бала мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button