Жаңалық Редакция таңдауы

Бүгін – Конституция күні. Қазақстанның негізгі заңы қалай өзгерді?

Жыл сайын 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні тойланады.

Бұл күннің мемлекеттік мереке саналып келе жатқанына биыл 28 жыл толды. Осы жылдар ішінде Конституцияға алты рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.

2022 жылы еліміз Конституция күнін референдум арқылы жаңартылған Негізгі Заңмен атап өтті.

Конституция қалай дүниеге келді?

Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстанның Конституциясы 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы шыққан.

Алайда бұл оның соңғы нұсқасы болмады: келесі екі жылда еліміздің Негізгі Заңына бірқатар баптар қосымша енгізілді. Содан Конституция 1995 жылдың 30 тамызында түпкілікті бекітіліп, бүкілхалықтық референдумның қорытындысы бойынша қабылданды.

Конституцияның қорытынды нұсқасы президенттік басқару нысанын бекітіп, өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп жариялады, оның ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Қазақстан Конституциясы қалай өзгерді?

Алдағы 28 жылда Қазақстан Конституциясына алты рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.

Басты өзгерістер:

2007 жылы мамырда парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің мемлекеттік құрылымының нысанына қатысты түзетулер енгізілді. Қазақстан президенттік-парламенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекетке айналды.

2017 жылдың наурыз айында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылып, оған сәйкес президенттің бірқатар өкілеттіктері биліктің басқа тармақтарына берілді.

Екі жылдан кейін, 2019 жылдың наурыз айында Конституцияға Қазақстан астанасының атауын өзгерту бойынша өзгерістер енгізілді: Астана қаласы – Нұр-Сұлтан атауын алды.

2022 жылғы кең ауқымды конституциялық өзгерістер

5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтті. Дауыс беруге құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берді. 8 маусымда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді.

Негізгі өзгерістер:

  • Қазақстан суперпрезиденттік басқару түрінен күшті парламенті бар президенттік басқару түріне өтті.
  • Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп белгіленді.
  • Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметтерде, квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшылық лауазымдарын атқару құқығы жоқ деп танылды.
  • Қазақстандықтар Конституциялық Сотқа өз бетінше жүгіне алатын болды.
  • Өлім жазасына тыйым салынды.
  • Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады деп белгіленді.
  • Сенаттағы президенттік квота қысқарып, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылды.
  • Мажоритарлық жүйе сайлаушылардың өтініші бойынша депутатты кері қайтарып алуға мүмкіндік берілді.
  • Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

Референдумға сайлаушылардың қатысуы 68,05 пайызды құрады. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдап дауыс берді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button