Жаңалық Редакция таңдауы

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні

5 қыркүйек Қазақ халқы тілдері күні мерекесі. Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам.

Қазақстан халқы тілдері мерекесі 1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 2017 жылға дейін 22 қыркүйекте атап өтілетін. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес 5 қыркүйекке ауыстырылды.

Атаулы датаның ауыстырылуында өзіндік сыр бар еді – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлағатты сөз қалдырған, тіл тазалығы, ел егемендігі үшін басын бәйгеге тіккен, қазақ даласының бостандығын аңсап, Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді.

Содан бастап барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде, яғни 5 қыркүйекте Тілдер мерекесін тойлайды.

Қазақстанның барлық этностары тойлайтын мерекені туғанына 151 жыл толып отырған Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орайластыруында үлкен мән бар. Ахмет Байтұрсынұлы – Қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн қалаушы ғалым, алғашқы қазақ әліпбиінің авторы, ағартушы-педагог, тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор, сөз құдiретiн танытқан ақын, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсеткен талантты публицист. Ұлт Ұстазы бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнап, Қазақстан тарихында ойып орын алған тұлға.

Бүгінде Жаңа Қазақстан құру жолында Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұрпақ тәрбиесінде ұлы жол салған тұлғалардан үлгі маңызды. Ұлы тұлғалардың еңбегін саралай отырып, елге адал қызмет ету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп санаймын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button