БҰҰ өкілдерімен Халықаралық еріктілер жылына дайындық жайы талқыланды
Астанада БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Штаб-пәтері өкілдерімен Халықаралық еріктілер жылына дайындық мәселелеріне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова және БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Халықаралық хатшылығының басшысы Сандра Ингрид Кох қатысты.
Кездесуде Халықаралық хатшылық пен Қазақстанның Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттер талқыланды. Сондай-ақ, волонтерліктің жаһандық тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуға бағытталған ұсыныстар қаралды.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсаттарына еріктілерді жұмылдырудың Халықаралық жылы деп жариялады.
Қазақстан мемлекет пен еріктілер қауымдастығы арасындағы табысты институционалдық әріптестіктің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда елде 740-тан астам волонтерлік ұйым және мыңнан астам бастамашыл топ белсенді жұмыс істейді. Жалпы белсенді волонтерлер саны 240 мыңнан асады.