Жаңалық

Чехияда Қазақстан музей қоры коллекциясы ашылды

Көрменің мақсаты – Қазақстанның ежелгі көшпелі мәдениетінің сан қилы және бай екендігін көрсету, ғылым мен мәдениет саласын нығайту, музейдің насихаттаушылық ролін және географиялық қызмет аясын кеңейту.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей (ҚР МОМ) жұмысының негізгі бағыттарының бірі шет мемлекеттерде қазақтардың тарихы мен мәдениетін таныстыратын музей қорындағы коллекциялар негізінде көрмелер ұйымдастыру болып табылады. Орталық музей әлемдегі жетекші музейлер және ғылыми мекемелермен бірлесе отырып көптеген ортақ жобаларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ, АҚШ, Италия, Германия, Жапония, Корея, Франция елдерінде көрмелер ұйымдастырды. 2018-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік орталық музейі Қытай (Сиань қ.) және Түркия (Стамбул қ.), Мажарстан (Сазхаломатта қ.) және Чехия (Прага қ.) елдерінде көрмелер өткізді. Музей жұмысының аталмыш бағыттары шетелге Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеудің жолы болып табылады.

Халықарылық ынтымақтастық шеңберінде, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында 2019 жылдың 17 қыркүйек күні Чехияның Ұлттық музейінде (Прага қ.) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қор коллекциясының «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме ашылды.

Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай, Чехия Ұлттық музейінің директоры Михал Лукеш, Чехия Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Иржи Взиентек, Қазақстанның Чехиядағы және Словакиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов ашты.

Көрме аясынды Орталық музей директоры, профессор Нұрсан Әлімбайдың бастамасымен «Орталық Азия көшпелілерінің мәдени кеңістігіндегі адам, социум, жер» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға Лондон университеті (Ұлыбритания) Шығыс және Африка елдерін зерттеу Мектебінің профессоры Николас Симс-Уильямс, де Франце Колледжінің профессоры Франц Гренэ (Франция), Алтай Мемлекеттік университетінің профессоры Алексей Алексеевич Тишкин (Ресей), Пиза қ. Университетінің профессоры, доктор Пьер Джорджио Борбоне (Италия), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Александр Николаевич Подушкин сынды көптеген елдердің бірқатар ғалымдары, сонымен қатар музейдің ғылыми қызметкерлері қатысты.

Ұсынылған көрменің құрылымы «Ежелгі көшпелілер мәдениеті» және «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты өзара себеп-салдарлық байланыстағы екі бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде көшпелі өркениетті қалыптастырған сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары даму деңгейіне жеткен бай мәдениетін көрсететін мәдени құндылықтар қойылып, таныстырылды. Олардың барлығы қола немесе алтыннан жасалған. Аталмыш бөлімде жазбалары («күлтөбе жазбасы» немесе «соғды жазбасы») сақталған қыш тақтайшалар ерекше орын алды.

«Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты екінші бөлімге қазақ мәдениетінің бірегей символы болып саналатын – киіз үй орын алды. Бірегей архитектуралық үйлесім, ішкі жабдықтарының эстетикасы, пайдаланылатын заттардың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі (киіз, ағаш, былғары және т.б.), жыл мезгіліне қарай қолайлығы, тез құрылып, қайта жиналуы киіз үйдің өмір сүруге өте ыңғайлы екендігін көрсетеді. Сонымен қатар дәстүрлі ортадағы киім-кешек үлгілері, зергерлік әшекей бұйымдар, кесте үлгілері мен тұрмыстық бұйымдар көрменің мазмұнын айшықтап, дәстүрлі қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көрсетіп, сан алуан тарихи-этнографиялық артефактілер арқылы қазақтың көшпелі тіршілік салтының интерактивті музейлік образын берді.

Көрменің басты мақсаты – Қазақстанның ежелгі көшпелі мәдениетінің сан қилы және бай екендігін көрсету, ғылым мен мәдениет саласын нығайту, музейдің насихаттаушылық ролін және географиялық қызмет аясын кеңейту. Аталмыш көрме экспозициясына 440 с.б. археологиялық артефакт қойылды.

Көрме Чехияның Ұлттық музейінде 2019 жылдың 19 қарашасына дейін жалғасады.

Алматы қаласы,

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button