Жаңалық Редакция таңдауы

Chupa-Chups-тың алғашқы атауы қандай болған?

Таяқшалы тәтті Чупа-Чупстың (кей жерлерде Чапа-Чапс) тарихы 1958 жылдан басталады. Chupa Chups Group-тың негізін салушы — Енрик Бернат (Enric Bernat). Оның әкесі де кондитер. Испаниядағы Барселонада Granja Asturias S.A деп аталатын кондитерлік дүкендері болған.

Мұз тәттінің пайда болуы туралы аңыз бойынша, Енрик бірде киімін ластағаны үшін баласына ұрысып жатқан ананы көреді. Бар мәселе мынада еді: шоколад жеген соң қолдары кір әрі жабысқақ, киімдерін ластайтын, үйдің ішінде де осының кесірінен ретсіздік орнайтын. Осыны ескерген кондитер балалардың қолында жүретін, шанышқы тәріздес тәтті жасау керек деп шешеді. Таяқшалар бастапқыда ағаштан жасалған. Кейіннен ол пластмассадан жасалатын болды. Кондитер дүкен иелерінен чупа-чупстердің кассаның жанында, балалардың қолы жететін жерде тұруына мән беруін сұрайтын.

Бүгінде мұз тәттінің жүзден астам дәмдері бар. Әлемдегі ең үлкен чупа-чупс — құлпынай дәмі бар, 725 грамдық түрі. Бір қарағанда футбол добына ұқсас тәттілердің алғашқы атауы «GOL» болды. Олай аталуының себебі де жоқ емес. Бастапқыда Енрик мұз тәттіні доп ретінде, ал ауызды қақпа деп ойластырған. Бірақ, компания басшысы бұл атауға аса қанағаттанбай, кейін «CHUPS» деп өзгертіліп, соңында бүгінге атауына ауысты. 1962 жылы атауы да, сауда белгісі де ресми түрде тіркелді. Мұз тәттілер саудасы дамып, 1964 жылы компания атауы «Chupa Chups S.A» деп өзгерді.

Чупа-чупстың тарихындағы қызықты деректердің бірі — марка дизайнын белгілі сюрреалист суретші Сальвадор Дали жасаған. 1969 жылы Енрик Бернат Дали жерлесімен кездесіп, оған логотип салып беруін өтінеді. Ол бірнеше сағат ішінде түймедаққа ұқсайтын логотип салып береді. Бүгінгі логотиптің кей жерлерінен Далидің идеяларын толық болмаса да, аңғаруға болады. Айырмашылықтары — бастапқыда логоның  жанында емес, кәмпиттің төбесінде жазылғандығында. 1988 жылы жасалған логотиптің редизайны қазіргімен бірдей. Танымал суретшінің чупа-чупсқа қатысы болуы да өнімнің бағасын арттыра түседі.1960 жылдардың соңында компанияның Францияда алғашқы филиалы ашылады. Ал, осыдан 20 жылдан кейін мұз тәтті бүкіл әлемге таралады. Күллі жер шарында керемет қолдауға ие болуына маркетологтардың мықты жұмысын атап өтпеске болмайды. Себебі, тәттілердің қорапшаларда емес, арнайы әдемі дисплейлерде тұрғызылғандары да мұны ерекшелеп тұрады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button