Жаңалық

«COSPLAY» байқауы жарияланды

Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына 3 жыл толды.

Аталмыш бағдарламалық мақала қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берді, бұл ел халқының мүддесімен, идеяларымен, құндылықтарымен тығыз байланысуы арқылы үлкен қолдауға ие болды. Осы үш жылда жаһандық әлемдік ауқымда ел мен облыс өмірінде көптеген маңызды оқиғалар, игілікті істер орын алуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттары сана мен ойлаудың жаңа моделін қалыптастырумен байланысты екенін анық түсінеміз. Бұл тек өз мәдениетіне, тарихи тәжірибесіне, ұлттық-мәдени тамырларға арқа сүйеу ғана емес, сонымен қатар адамзатқа төнген қауіп алдында ұлт бірлігінің ауадай қажет екендігін түйсінуімен құнды деп білеміз.

Бұл туралы Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабеков мәлім етті.

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа бастамаларға ерекше серпін берді. Сол бастамалардың бірқатары үш жыл ішінде облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде іске асты. Ірі жобаларға тоқталып өтсек, жас ақындар шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тарихым өлеңде» атты мазмұнды жобасын атап өтуге болады. Бұл жоба арамызда нағыз отансүйгіш жастардың баршылық екенін көрсетті. Туған жердің қадір-қасиеті мен келбетін жырға қосқан талапкерлер арасында Бейбіт Бөжен, Алмас Ақтасов, Алтынбек Мақсұтхан, Оразбек Саят, Алтай Кәдірбек, Еламан Хасен, Әміренов Ерболат, Бақытжан Хакім, Алпысбай Хонж, Айбек Оралхан, Қуандық Башойдың шығармалары жеке дискімен жарыққа шықты және әлеуметтік желілерде таратылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеуге ерекше бағыт берді. Облыс көлеміндегі тарихи және рухани, киелі орындар: Әулиекөлдегі Исабек ишан мен Жандарбек қожа, Шарбақты ауданындағы Ғабдыл Уахит Хазірет, Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кешендеріне мектеп, лицей оқушыларына, колледждер мен жоғары оқу орын студенттері үшін экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жас дарындар әрқашан музей қолдауына ие. Мәселен, Жастар жылы музейде «Жастар залы» ашылды. Көптеген шығармашыл жастар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өнер көрсету құрметіне ие болды. Музейдің тағы бір жаңалығы − жаңа форматта ұйымдастырылған «Поэзия шеруі» байқауы. Байқауда жас ақындардың өлеңдеріне «Ұлы Дала» тақырыбы арқау болды.

Алғаш рет музей тарихында «Дала фольклорына мың жыл» атты фольклорлық-этнографиялық экспедиция өткізілді. Мақсаты − ел жадында сақталған ауыз әдебиеті үлгілерін жинастыру. Экспедицияға қатысушылар Железин, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында фольклорлық материалдарды жинай отырып, үш аудандағы 20-дан астам елдімекенге барып, осы аудандар тарихының білгірлері − 12 ақсақалмен кездесті. Жиналған материалдардан іріктеліп «Сыр сандық» атты жинақ жарыққа шықты.

Павлодарлықтар арасында шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай іске қосылған «Рухани кортеж» акциясы кеңінен танымал болды. Әрбір көлік жүргізушісі қалауы бойынша екі көрнекті қайраткердің бірінің қанатты сөзі мен портретін өзінің темір тұлпарына жапсырып алды. Бүгінгі күні Павлодар қаласында көптеген көліктер екі ұлы философтың портреттерімен, қанатты сөздерімен безендірілген. Аталмыш акция жалғасын тапты.

Жеңіс Нұртасұлының айтуынша, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі онлайн жобаларды жүзеге асыруда.

Музей «Менің сүйікті ақыным» атты мобильдік поэзия онлайн жобасын қолға алды. Әлеуметтік желілерде (Фейсбук, Instagram) павлодарлық танымал ақындар − Арман Қани, Шолпан Байғалы, жас ақындар − Еламан Қабділәшім, Нұрбек Кеңесбай өз өлеңдерін оқыды. Жобаны басқа өңірлердің Алматы, Түркістан, Семей, тіпті Монғолиядағы белгілі ақындар қолдап әкетті. Танымал ақын, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы бастаманы қолдап, өзінің жалынды өлеңін жолдады. Ал поэзияны сүйіп оқитын жастар ақын Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев және Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқуда.

Сондай-ақ Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі «COSPLAY» байқауын жариялайды. Косплей − бұл тарихи тұлғаларды, кітаптардағы, фильм-мульфильмдердегі кейіпкерлердің образын қайталау. Косплей ережесі бойынша, таңдалынған кейіпкердің костюмі мен қимыл-қозғалыстарын айнытпай салу болып табылады. Бұл рөлдік қозғалысқа, сондай-ақ тарихи қайта құруға байланысты (тарихи прототипті егжей-тегжейлі қайталауды талап етеді).

Ең бастысы біз біргеміз, қоғамдағы рухани серпілісті, ел болашағы үшін атқарылып келе жатқан ізгіліктерді қолдаймыз.

Павлодар облысы

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button