Жаңалық

COVID-19: Аспирин мен парацетамол зиян ба?

Қатерлі індет өршіген уақытта көпшіліктің сұранысы артқан екі дәрі: парацетамол мен аспирин. Бүгін біз олардың пайдасы мен зиянын қоса талқылап көрмекпіз.

Кез келген дәрі-дәрмекті шамадан тыс қолданса, кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Коронавирус инфекциясына бүкіл әлем елдері дайын болмағандықтан, тез арада емін табу да оңайға соқпады. Осы күні көпшілік жұрт басы ауырып, сәл сырқаттанғанын сезсе болды, дереу парацетамол не аспиринге жүгіреді. Қайтпек керек? Ешкім бүгін-ертең «о, дүниелік» болғысы келмейді, әрине. Жан тәтті. Иә, аталған дәрілерді ішкеннен соң, дене қызуы түсіп, бас ауырғаны қояды. Бірақ екінші жақтан келесі бір ағзаны зақымдаумен бұзумен әлекке түседі. Зерттеушілер осы екі дәрілік препаратты пайдалану нәтижесінде 2000 адам өзін бұрынғы қалпынан да нашар сезінгендігін айтқан. Қысқасы, мамандар тұжырымына сүйенсек, аспириннің де, парацетамолдың да пайдасы мен зияны қатар жүреді екен.

Аспирин мен парацетамол ағзаға қаншалықты зиянды?

Парацетамол:

1. Рұқсат етілген 4 гр дозасынан артық ішсе, уланып, бауырды зақымдауы ықтимал;

2. Мөлшерінен 2 есе артық ішкен жағдайда бауыр жетіспеушілігі артып, арты өлімге апаруы ғажап емес;

3. Буынның ауруына әкеп соғады;

4. Америкалық ғалымдар 3000-нан аса адамға тәжірибе жасап, дәріні жиі пайдалану бедеулікке апаратынын дәлелдеген (жыныстық гормонды 35 жылға қартайтады);

5. Аяғы ауыр әйелдер қабылдаса, жүйке жүйесінің дамуында қиындық туындауы мүмкін және іштегі нәрестенің дұрыс жетілуіне зиянын тигізеді. Тіпті түсік тастауға себепші болатын жағдайлар да кездеседі;

6. Кішкентай балалар көп ішсе, көтере алмай, өліп кетуі мүмкін;

7. Мөлшерден тыс қолданса не глютатион жеткіліксіз болғанда метаболиттер, гепациттер некроз тудыруы мүмкін;

8. Дозаны сақтамаса, бауыр, бүйрек, қан айналым жүйелері бұзылады (бұндай жағдаймен, әсіресе, алкогольдік сусындарды пайдаланатындар ұшырасады. Сондықтан спирттік өнімдерді тұтынатындарға парацетамолды көп ішуге болмайды);

9. Кей зерттеулерде бүйректің қатерлі ісіге апаруы мүмкін екендігі айтылады.

Аспирин:

1. Аспирин ауруды тек бірнеше сағатқа ғана тияды;

2. Дәріден кейін бірнеше күнге дейін жара жазылмай, қан кететін кездер де болады;

3. Ұлыбританияның ғалымдары сау адамдарға қолдануға мүлдем бас тартуды ұсынады. Инсультті өткерген немесе тамыр ауруына шалдыққан адамдар ғана қолдануына болады. Мeddaily.ru порталының мәліметінше, 10 жылдық тәжірибе кезінде аспиринді қолданған 10 мың науқастың 170-тен астамында дәрінің кері ықпалы байқалған;

4. Өсу гормонының синтезіне кері әсер етеді;

5. Дәрілік затты қабылдағаннан соң бірнеше күнге дейін спортпен шұғылдануға болмайды;

6. Бас ауруынан уақытша құтқарғанымен, толықтай айықтырмайды;

7. Ас қорыту жүйесіне кері ықпал етеді;

8. Буынның бұзылуына әкеледі;

9. Жас балалардың ағзасы дәріні көп ішкенді көтере алмайды. Өліп кетуі мүмкін;

10. Демікпе синдромы, тері бөртпесі, есекжем, ісінулер, тері қышымасы, ринит, мұрынның шырышты қабығының ісінуі, кардио-респираторлық дистресс-синдромын қоса алғанда тері жабындары, тыныс алу жолдары, асқазан-ішек жолы және жүрек-қан тамырлары жүйесі жағынан жеңіл және орташа ауырлық реакциялар беруі мүмкін;

11. Мұрыннан қан кету болады (жиі);

12. Неврологиялық бұзылуларға апарады;

13. Дәрігерлер ішке қан кету ауруына бейім жандар, гастрит, асқазан жарасы, астма, аллергия, өкпе, бауыр, жоғары қан қысымы бар адамдар бұл дәріні қолданудан мүлдем бас тартуы керек екенін айтады (болмаса арнайы мамандардың рұқсатымен қабылдаған дұрыс);

14. Тұмау, шешек аурулары кезінде пайдалануға болмайды («Рейе» синдромына, бауыр энцефалопатиясына, адам өліміне апаруы ықтимал);

15. 15 жасқа толмаған балаларға ішуге болмайды;

16. Улануға апарады;

17. Бір түйірінің кішкене бөлігінің өзі бас ауруына, ұйқышылдыққа, құлақ шыңылына әкеп соғады;

18. Австралияқ ғалымдар көру мүшесін төмендетіп, соқырлыққа апаратынын айтқан;

19. Әр 6 сағат сайын қабылдау, мөлшерден тыс ішу болып есептелінеді.

Пайдалы тұстары. Қандай ауруларға шипа?

Парацетамол:

1. Дене қызуын және бас ауырғанды басады;

2. Демікпеге ем;

3. Қабылдағаннан кейін ішке тез әрі толықтай сіңеді, ағзаға жылдам әсер етеді;

4. Жұқпалы ауруларды емдеуге көмектеседі.

Аспирин:

1. Ауырып тұрғанда қандағы тромбоциттердің бірігуіне жол ашып, науқастың дене қызуын көтеретін топтың түзілуіне қарсы тұрады;

2. Дене қызуын басады;

3. Қанды сұйылтады;

4. Атеротромбоздың, жүрек ауруларының және обырдың алдын алады;

5. Америкалық дәрігерлер егер аспиринді тұрақты түрде ішкен жағдайда асқазанның қатерлі ісігіне шалдығу қаупі 48%-ға азаятынын анықтаса, Оксфорд университетінің ғалымдары 30%-ға төмендейді деген. (дегенмен мамандар толықтай сауықтырады деп кепілдік бермегенін еске саламыз);

6. Сүт безі, тері, ішек ісіктері ауруларымен ауыратын науқастардың иммунды жүйесінің белсенділігін арттырады (АҚШ-тың «Cell» журналына жарияланған);

7. Аурудың денеге тарап кетуінен сақтап, өсуін тежейді;

8. Сүйел, денеге тиген жарақаттарды емдейді.

Құрамында қандай заттар бар?

Парацетамол:

Парацетамол, картоп крахмалы, стеарин қышқылы, крахмалды патока, тағамдық желатин.

Аспирин:

Ацетилсалицил қышқылы, целлюлоза ұнтағы, жүгері крахмалы, эудрагит L 30 D, полисорбат 80, натрий лаурилсульфаты, тальк, триэтилцитрат.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай ғана түйіні – дәрілік препараттардың қандай түрінің болмасын пайдалы жағымен қоса, зияндылығы бірге жүретінін ұмытпағайсыздар. Дәл қазіргі сәттерде дәріні қабылдамас бұрын арнайы маманмен ақылдасуға мүмкіндіктің тым аз екені рас. Ел басына туған мына қауіпті індет кезінде кейбіреулер қорыққаннан дәрінің мөлшеріне, кері әсеріне қарамауы мүмкін. Дәрілік заттың құрамын тексеріп, пайдасы мен зиянын оқып отыруға уақытын қимайтындар да кездеседі. Сондықтан да пандемия жаулап алған шақта ең тиімді жолы – ем үшін пайдаланатын дәрілік затты, шипалы шөптерді белгіленген дозасынан артық ішпеу, артық жемеу. Тіпті қарапайым лимон мен сарымсақтың да кері әсері бар екенін есте сақтау қажет. Ауырмаңыздар! Дендеріңізге саулық, дерттеріңізге шипа тілейміз!!!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button