COVID-19 жұқтыру жағдайлары артқанда қолданылатын қауіпсіздік шаралары қандай?
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғанындар санының артқанын атап өтті. Мәселен, өткен аптамен салыстарғанда жұқтыру жағдайлары 2,9 есе артқан, науқастардың 80%-на жуығы – індетке қарсы екпе алмағандар және соңғы екпеден кейін 6 ай өтіп кеткен адамдар.
Елдегі COVID-19 көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлер эпидемиологиялық қауіп-қатердің сары аймағына көшкен жағдайда төмендегі қосымша шараларды қабылдау керектігі туралы шешім қабылдады:
- науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс жасау форматына көшіру;
- COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс жасау форматына ауыстыру;
- жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу;
- 10-нан астам адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну.
Сондай-ақ аймақтың эпидемиологиялық ахуалына қарамастан, ТЖ көліктері мен халықаралық автобустарда маска тағу ұсынылады.
Отырыс соңында Е. Тоғжанов облыс әкімдеріне коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын күшейтуді, сырқаттанғандар көбейген жағдайда кадрлармен, дәрі-дәрмек қоры және төсек орындарымен қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.