Жаңалық Редакция таңдауы

Дала заңы. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік таптар

Қоғам бейтарап өмір сүре алмайды. Оны басқарушы топ, құқықтарын белгілеуші топ, асыраушы топ, жұмсаушы топ болғаны ләзім. Қайбір кездерден де солай келе жатыр.

Жақпар-жақпар тастардың қатпар-қатпар тарихынан білетініміз қазақ қоғамында «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» секілді бірнеше заң үлгілері болған. Бұған дейін ше? Есім, Қасым, Тәуке хандарға дейін де белгілі бір заң болуы керек қой?! Бұл заңды отбасында – әке, ауылда – ақсақал, округте – би немесе болыс, жалпы халық арасында – ақсүйектер қадағалап отырғаны даусыз. Демек заң – қоғамның әлеуеттік таптарына тікелей байланысты. Сол таптар турасында, олардың құқығы мен саяси рөлі турасында тереңірек зерттеп көрелік.

Хандық дәуірдегі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын зерттеуде ең маңызды екі принципті бөліп қарау керек. Олардың бірі – қазақ қоғамының бір-біріне қарама-қарсы, бірінен-бірінің экономикалық жағынан гөрі, саяси және құқықтық жағынан айырмасы бар екі түрлі әлеуметтік топ – ақсүйектер мен қарасүйектерге бөлінетіндігі.

Қоғамның бұлайша тегі жағынан екі жарылуы олардың құқығын да айқындап беретін еді. Бұл принцип өте қатаң сақталды. Құқықтар мен міндеттер теңсіздігіне негізделген қоғамның топтарға бөлінуі неғұрлым қара дүрсін болса, сословиелік теңсіздік соғұрлым көзге ұратыны белгілі, мұны біз қазақтардың «ақ» және «қара» сүйек жайындағы ұғымынан да байқап, түркілердің аристократиялық мұрагерлік идеясын қаншалық қатаң сақтағанын көреміз. Қазақтардың қоғамдық құрылысындағы екінші негізгі принцип өздері Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атап кеткен үш бірлестікке топтасқан тайпалар мен рулар иерархиясы болды. Бұл принцип бойынша әрбір қарасүйектің қоғамдық орны, оның атасы би ме, қарапайым көшпенді ме, өз руының мұрсаттылық дәрежесіне қарай айқындалатын. Біртұтас қазақ халқының үш жүзге, үш рулар бірлестігіне бөлінуінен қазақ қоғамдастығы дәреже-деңгей егжей-тегжейлі белгіленген және қатаң сақталатын қоғамдастық болды.

Ақсүйектер мұрагерлігі идеясының бұлжымай жүзеге асырылуы арқылы ақсүйектер мен «әулетті рулар» делінетіндердің өкілдері қара халықтан айрықша бөлектендірілетін.

Сұлтандар. Біз әңгімелеп отырған дәуірдегі қазақ қоғамының жоғарғы ақсүйектер тобы және ең ықпалды саяси күші сұлтандар болатын. Сириядан тараған бұл араб сөзі басында билеуші, әмірші, сондай-ақ өкімет, үкімет мағынасындағы жиынтық ұғым ретінде пайдаланылып келді. Бірақ ІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай сұлтан деп дін өкілі – имамға қарама-қарсы қоғам ішіндегі өкілетті билік иесін атай бастады. Бұл сөзді алғаш рет ресми қолданысқа енгізіп, теңге бетіне жаза бастаған Ұлы Селжұқтар (1038–94) болды. Осман империясында сұлтан деп ел билеушісін айтатын. Әйтсе де тек падишах қана емес, Осман әулетінің (1299 – 1922) барлық шахзадалары да сұлтан аталып келген. Кіші Азияда «сұлтан» сөзі сопылар бауырластығының мүшелері арасында да қолданылып, олардың ең жоғары дәреже иесі екендігін білдіретін.

Жошы ұлысы (Алтын Орда) мен Шағатай ұлысында (Түркістан) XIV ғасырдан бастап Шыңғыс әулетінің әрбір мүшесі сұлтан атала бастады. Шыңғыстан тараған сұлтандар әлеуметтік иерархияның ең жоғары сатысындағы «ақсүйектер» тегін құрады. Шыңғыс әулетінің әрбір баласы туа сала мал басы, ақыл-ес, денсаулығының жағдайына қарамастан, сұлтан атағымен бірге осы әлеуметтік топқа мұраға қалған барлық құқықтарынаа ие болатын еді. Сұлтан болып тусаң болғаны. Әйелі жағынан «алтын ұрықпен» туысу күйеу балаға Шыңғыс әулетінде бар ешқандай артықшылық та, құқық та бермейді. Хан тағына мұрагерлік құқы тек Шыңғыс әулетінің үлесі еді де, бұл артықшылыққа олар туа сала ие болатын, олардың табиғи атрибуттары есептелетін. Бұл қүқыққа этностық та, мемлекеттік шекаралық та шек қойылмайды. Шыңғыс хан әулетінің қай бұтағына жататынына қарамастан, әрбір Шыңғыс нәсілі Моңғол империясының дәстүрлері азды-кем сақталған жердің бәрінде хан тағынан үміт етуге қақысы бартын. Сондықтан да қазақ ұлыстарындағы Шыңғыстан тарағандар біресе қарақалпақ пен қырғыздың падишасы, біресе Хиуа мен Бұхара ханы болып шыға келетін еді.

Сұлтандар әскерден басқа ешбір міндеткерлік атқармайтын. Қазақ ұлыстарының барлық Шыңғыс нәсілінің бірыңғай таңбасы, атадан қалған «арқар» ұраны болды, қара халықтың оны пайдалануға қақысы болмады. Қоғамның басқа мүшелерінен сұлтандардың тағы бір артықшылығы – оларға дүре соғылмайтын, билер сотына бағынбайтын. Шыңғыс нәсілінің жазасын тек аға сұлтан немесе ханның өзі ғана бере алатын. «Қарадан шыққандарға олардың атын атауға болмайтын, тек «тақсыр» деп қана тіл қататын. Сұлтанмен бетпе-бет келіп қалған қара халық өкілі аттан түсіп, бір тізесін бүге сәлем беретін болған. Сұлтан оның иығына қолын салып тұрып: «Мал-жан аман ба?» – дейтін. Киіз үй ішінде де осы тәртіп сақталатын. Сұлтан мәртебесінің тағы бір белгісі – ақ киіз еді. Той-томалақ, салтанатты жиындарда ақсүйектер тек ақ киіз үстіне отыратын. Сұлтандардың бәрі «ақ тыспен қапталған қара түлкіден бас киім» киетін», делінеді Тұрсын Сұлтановтың «Қазақ хандығының тарихы» атты еңбегінде. Егер қараның бірі атақ қуып, өзін «сұлтан» деп атай қалған жағдайда, оған он бестен отызға дейін дүре соғылатын. Егер «қара сүйек» қарапайым адамның бірі, өзін сұлтан тұқымынанмын деп алдап, сұлтан қызына не соның жақындарына үйленсе, ол толық құн есебінде, яғни бір еркек құнына төленетін есеппен жазаға тартылатын. Бұл жерде, осының бәріне қарамастан қазақ ұлысының сұлтандарының өздерін моңғол-түркі тайпаларының ешбіріне, ешбір жүзге жатқызбайтынын, атаға бөлінбейтінін айта кетуіміз керек. Олар тек билеуші әулет өкілі ретінде ХХ ғасырдың басына шейін томаға-тұйық қауымдастық қалпында қалып келген болатын.

Сөйтіп, сұлтандар өздерінің заңды жағдайына байланысты хандықтың басқа тұрғындарынан оқшау өмір сүрді және оларды өзгелерден оқшаулатып тұрған құқықтар да мұрагерлік жолмен берілетін. Сұлтандардың бірігіп атқарар саяси құқықтары мынадай болды;

– жалпы мемлекеттік басқаруға қатысу;

– жергілікті басқаруға қатысу;

– ұлыстық-иелік басқару ісі.

Қазақ хандығы тұрғындарының ішкі өмірінің көп қыры, өкінішке орай, бізге беймәлім. Біз, мәселен, сұлтандардың қалай тәрбиеленгенін, олардың қайда, қандай білім алғанын білмейміз. Ал қазақ сұлтандары мен шонжарларының ең болмағанда бір бөлігі білімді адамдар болғаны жайлы деректер аз емес. 1509 жылы жазылған «Михман-нама-ий Бухара» авторының айтуынша, қазақ жақсыларының біразы өз балаларын «мектепте оқытатын» болған. Қазақ ханы, «далада туып, қырда өскен» Шығай (1582 жылы өлген) XVI ғасыр авторы Хафизи Таныштың айтуынша, өлең жазған. Оның ұлы Тәуекел сұлтан, кейіннен Дешті Қыпшақтың асқан ержүрек ханы да өлең жазған. Фирдоусидің «Шахнамасының» денін жатқа айтатын, кітапты да мақамдап оқитын адам болған». Қашқардағы моғол ханының сарайында бес жыл бойы ең жоғарғы қызмет – аталық (қамқоршы) қызметін атқарған қазақ сұлтаны Мұхаммед Момын «дарынды да көп білетін адам еді», – деп жазады Шах-Махмуд Чорас. Осы арада Жалайырдан шыққан Қошым бидің баласы, XVII ғасыр басының авторы Қадырғали би есімін айтпай кетуге болмайды. Қазақ даласынан шыққан, қазақ Оразмұхаммед сұлтанның қасына ерген ол парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамиғат тауарих» аталатын атақты шығармасын түркі тіліне қысқартылған нұсқада аударып, XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі мен қызметі туралы деректер жинағын құрастырды. Көшпелі тұрмыс және хандықты аздырып та, тоздырып та біткен өзара үнемі қырқысулар қазақтар арасында жазу-сызу, кітаби білім таралуына жағдайлы болмады. Сейте тұра, мысалға келтірілген материалдардан көрінгеніндей, қазақ қоғамының жоғарғы тобы немесе олардың бір бөлігі білімді болғанын, оны да осы әлеуметтік топтың артықшылығы деп білуімізге болатынын көрдік.

Ақсүйекке сондай-ақ XIV ғасырда Жошы және Шағатай ұлыстарында ислам ресми дiнге айналғаннан кейін Шыңғыс әулеті «тектілер тұқымы» деп таныған сейіттер мен қожалар да жатады. Сейіттер (сөзбе-сөз – көсем, басшы, мырза мағынасында: мұны арабтардағы кісі атымен шатастыруға болмайды). Сейіттер деп мұсылман әлемінде Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатима мен Әзірет Әліден (Әлиден) (656 662 жылдары билеген) тараған ұрпақтарды атайды. Әйелдерді сенда (әміршім) деп атаған. Сейіттер мұсылман қоғамындағы әлеуметтік иерархияда оқшау бiр жiктi құрап, ежелден айрықша құрметке бөленіп, көптеген артықшылықтарды пайдаланып отырған. Мұсылмандар үғымында сейіттер көбіне әулиелермен теңестіріледі. Олар мұсылмандықтың діни идеяларын таратушылар деп есептеліп, өлім жазасына бұйырылмайтын. Тек солар ғана мұсылман билеушілеріне шындықты айтып, кейде тіпті олардың мінін бетіне басып отырған. «Мунтахаб ат-тауарихи Муини» (XV ғасырдың басы) кітабында Алтын Орда әміршісі Әзіз хан (1360 жылдары билеген) зинақорлыққа бейім болып, сол үшін оны Махмұд сейіттің жазғырғандығы айтылады. Хан оның сөзіне құлақ асып, тіпті оған қызын беріп опынатынын білдірген, бірақ көп уақыт өтпей бұрынғы тірлігіне қайта оралып, ақыры өз жақтастарының қолынан өлген.

Темір саясатының негізі – дінді, дін иелерін, әсіресе сейіттерді құрмет тұту болған. Мұхаммед Пайғамбардың ұрпақтарының, Темірдің өзінің ұрпақтарының өмірі де, тағдыры да қайда айдағанмен, жазадан тыс болған. Әскерилердің сейіттерді және діни ғұламаларды тонауына, оларды тұтқындауына тыйым салған. Сейіттердің біреуі Темірге қарсы жаулық әрекет жасар болса, жер аударылып, әрі кетсе елден қуылған. Сейіттер барлық сословиеден қыз алғанымен, өз қыздарын басқаларға бере бермеген, өйткені сейіт қызынан туған бала, ататегіне қарамай, Мұхаммед Пайғамбар әулеті сейіттердің барлық қүқығы мен артықшылығына ие болып отырған. Сейіт болу құрметі қымбат бағаланғаны, олардың өз қатарына өзгені жолатпауға тырысқаны соншалық, XVIII-XIX ғасырларда тіпті Шыңғыс тұқымына жатпайтын Түркістан билеушілерінің кейбірі өз ұрпақтарының дәрежелері мен құрметті теңеулеріне «сейіт» деген жоғары атақты қосу үшін Мұхаммед Пайғамбар әулетінен зорлықпен қыз алып отырған.

Қожалар (сөзбе-сөз – қожайын, мырза). Түркістанда мұндай құрметті атақ бір жорамал бойынша, Мұхаммед Пайғамбардың ең жақын серіктері, төрт әулие халифтің (Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли (оның Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатимадан туған балаларынан басқа)) ұрпақтары деп саналатын адамдарға берілген; екінші бір болжамда олар ортаазиялық косөзен Әмудария мен Сырдария аралығы (Мәуереннахр) мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған (VIII ғасыр) алғашқы арабтардың ұрпағы деп аталады. Сөйтіп, Шыңғыс әулеті мен сейіттерден өзгеше қожалардың бәріне ортақ ататегі жоқ. Жазба деректердің айтуынша, қожаларға да, «әулет, рулар» өкілдеріне де күш көрсетуге болмайды. Қожалар ішінде оқымысты адамдар, дін мен мемлекет қызметкерлері көп болған. Қожалар рулар мен тайпалардың бәрінен тысқары тұрады, өздерін қазаққа да, өзбекке де, тәжікке де жатқызбайды. Олар сұлтандар мен сейіттер сияқты томаға-тұйық ақсүйектік тек құрады, әлеуметтік пирамиданың үстіңгі қабаттарына көтеріліп, көп артықшылықтармен пайдаланды. «Ақсүйекке» қарама-қарсы қалған жұрттың бәрі «қарасүйек» аталды.

Сұлтан, сейіт, қожалар сияқты емес, халықтың бұл әртүрлі санаттарының орынын атау үшін бірнеше термин қатар қолданылды: қараша, қара халық, қара кісі, құл-құтан, шаруа, бұқара, көшпелі малшылар. Деректер мәліметтеріне сүйенсек, қатардағы көшпенді – жеке бас және мүліктік құқы бар ерікті заңды тұлға. Отағасы ретінде, оның өз қалауы бойынша, мал-мүлкін мұраға қалдыруға, куәгер болуға, жыл сайынғы «халық жиналысына» қатысуға қақысы болған.

Ақсүйек тұқымдарға қарағанда бұларда ру мен тайпаға бөліну берік сақталған. Сондықтан да қарасүйектердің әрбір өкілінің қоғамдағы орны да өз руының беделімен өлшенетін еді. Қарапайым көшпендіні өлтірген адам жазаланатын, дегенмен заң жауапкершілігі бірдей болмай, айыпкердің әлеуметтік һәм қоғамдық жағдайына байланысты болатын. Ерікті адамдардың жеке бастық және мүліктік құқықтарының қорғалуын мемлекеттік аппарат емес, тек қана ру мүшелерінің ынтымақшылдығы қамтамасыз етіп отырды; рубасы би арқылы мемлекет, мысалы: кісі қолынан өлген адамның туысқандарының қанды кек алу, барымта құқығын ғана қамтамасыз ететін. Сөйтіп, жеке адам сол рудың бір мүшесі ретінде ғана қаралды. Рубасы ғана заңдық тұлға болды. Көшпелілер өміріндегі құқықтарды жүзеге асырудың көшпелі тұрмысқа тән бұл әдісі бойынша, руы аластаған жеке адам заңнан тыс, қорғансыз қала берген. Ең көне әрі маңызды міндет – жасы жеткен жеке басы азат әрбір көшпендінің әскери міндеткерлігін өтеуі еді. Біз ол міндеткерлікті өткерушілердің қандай құқықты («халық жиналысын на» қатысу құқығы?) пайдаланғанын білмейміз, тек соғысқа тегін қатыс – жарамды болып саналмайтыны ғана аян, бірақ әскери міндеткерлікті өткеруге деп табылған адамға сұлтандар мен билерден басқаларына қосымша міндеттер жүктелетін.

Мәселен: «Жеті жарғы» бойынша, «қару ұстай алатын» ер адам жыл сайын өз мал-мүлкінің жиырмадан бір бөлігін хан мен биге телейтін болған. Деректерде ол алымның не деп аталғаны айтылайды. Қалай орындалғаны да беймәлім. Тек қана тұрғындардың көшпенді бөлігі үшін салық жүйесіндет алыс-беріс малмен есептелгендіктен, сондай-ақ хандық экономикасының тән сипаты көшпенді мал шаруашылығы болғандықтан, жалға жүріп те өтеген шығар деген жорамал жасауға болады. Көшпенді малшылар үшін енді бір міндеткерлік – үй-жай міндеткерлігі болатын, ол заттай өтелетін. Билеуші мен оның отбасына, толып жатқан нөкеріне қажет азық-түлікті халық ханның ұлыстарды аралауы кезінде беруге тиіс болды.

Билер. Қарасүйек әлеуметтік тобы ішінде тек солардан шыққан рубасы билер ғана едәуір ерекше құқықтармен пайдаланатын. Би сөзi келе-келе өзгеріске ұшыраған бек сөзінен шыққан, ол XV ғасырдан бұрынғы деректерде кездеспейді, ал түріктің «бек» сөзі моңғолдың ноян, араб-парсының әмір сөзiне келеді. Билер (бектер) күшті, көп те, беделді де болатын, өз руының ертеден келе жатқан көнелігі, көптігі олардың дәрежесін арттыра түсетін. Қазақ ұлыстарының билері бірқатар ерекше құқықтармен пайдаланатын, өз руының ішіндегі (ханнан басқа) сот, әкімшілік, әскери биліктің бәрі солардың қолында болды. Бұл билік билерге біршама саяси бедел де беретін, олар сұлтандармен бірге жыл сайынғы «ақылдық жиналысына» қатысып, жалпы мемлекеттік мәселелерді шешуге араласып отырды. Рубасыларының ең беделділері хан қасындағы «билер кеңесіне» кірді. Соғыс жорықтары кезінде өз руының жасақтары мен шерігін билер басқарды. Хандықты басқару ісінде маңызды міндет атқаратын болғандықтан, билер бойында бірнеше қасиет болуы шарт еді, тым құрығанда, әскербасылық, әкімшілік, соттық, дала ақсүйектерінің қасиеттері болуы тиiстін. Билер – көненің көзі, сондықтан олар ел билеу ісінің барша міндеттерін етене еркін меңгерген адамдар. Оның үстіне, билер (бектер) Орталық Азия мен Дешті Қыпшақта Шыңғыс әулетінен де бұрын болып келген. Тегі ұлттық емес Шыңғыс ұрпағына қарама-қарсы билер, былайша айтқанда, ұлттық ақсүйектер, қарасүйек әлеуметтік тобының бетке шығары болды. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, би атану үшін халықтың әдет-ғұрпы мен дәстүрлеріне жетік болу, оның үстіне, шешендік қабілеті болуы, тыңдаушысын иландыра білу, оның сана-сезіміне әсер ете білу талап етіледі. Би туралы «шешенге тіл берген ғой» деседі. Сөйлеген кезде олар мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін. Қазақстанда қызмет еткен орыс офицері Е.И.Шевалин былай деп жазған: «Қазақ тілінде олардың және жалпы халықтың мінезін анық білдіретін мақалдар көп… Олардың кейбіреулері тамаша екенін мойындау керек… Салиқалы би мен сұлтанның қайсысы болсын, мақалдап сөйлеуге құмар және қазақпен сөйлескенде, екі сөзінің бірі мақал болып шығады. Мұның өзі оларда ақылды, іскер, би, сот болуға таптырмайтын адамның белгісі деген сөз. Билер шешендігінің үлгілері ауыздан-ауызға тарап, замандастарын сөзсіз оларды ден қойып, ұғынады, бұл үлгілердің жазушылар, ақындар шығармашылығына ықпалы күшті.

Құлдар. Ақсүйектер мен қарашадан басқа, өз басы еркін байлар мен кедейлерден басқа көшпелі қазақ қоғамында, аз да болса, бас еркi жоқ құлдар (ер) мен күндер (әйел) болған. Құлдар қатары, негізінен, жау жағының қолға түскен адамдары, құл саудасы, борышын өтей алмаудан толығып отырған. Заң тұрғысынан құлдар қоғамның ең құқықсыз әлеуметтік тобы болды. Бас еркінің жоқтығының өзі құлды құқыққабілетті адамның пұрсаттылығынан айырып, затқа, малға теңестірді. Құл куәлікке де жүре алмады, қаншама қорлық-зорлық көрсе де, қожасының үстінен шағым айтуға қақысы жоқ болды. Құлдар өз қылмыстары үшін де жауап бермейтін. Құлдарының қылмысы үшін қожайыны жауап беріп, қарсы жаққа олар келтірген зиянды өтеуге тиіс болды. Сондай-ақ құлдың ісі билер сотында қарауға жатпады. Еріксіздің барлық қылықтарына жазаны қожайыны белгілейтін. Құлдардың мемлекет алдында да ешқандай міндеткерліктері болмайтын. Қоғамның басқа мүшелерінен даралап тұрған барлық құлдарға ортақ сипат – олардың өмірі қожасының қолында екендігі. Бұл еріксіздіктің шегі жоқ еді. «Жеті жарғы» бойынша құл өмірі мен өліміне қожасы ғана жауап беретін. Хандықта кез келген ерікті адам құл ұстай алатын, ал қожасының жекеменшігіне айналған құл өз еңбегі үшін ішер тамақ, киер киім ғана алатын.

Байлар. Әрине, қазақ қоғамында мал-мүлікке қарай бай, кедей болып бөліну де орын алған. Бай – осы сөздің тура мағынасындағы түркі сөзі. Бұл сөз көне түркі жазбаларында да, кейінгі ортағасырлық мұсылман деректерінде де кездеседі. «Бай» сөзі адамның әлеуметтік жағдайының көрсеткіші болып, адам атының құрамында қолданылатын ең көне жазу, В. В. Бартольдтің айтуынша, XII ғасырдағы мұсылман жазбасы, Жувейнидің мәжуси қарақытай горханының уәзірі мұсылман Махмуд бай туралы әңгімесі екен. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, байындыр және байат этнонимдерінің түбірі бай, байан сөзі көрінеді. 1934 жылы Түркияда «бай» сөзіне жаңа мағына беруге талап жасалды. Үкімет жарлығымен түрік азаматтары жиналысқа қарап сөз сөйлегенде, бір-бірімен тілдескенде, хат жазысқанда, ерлер есімінің алдына бай, әйелдер есімінің алдына байан сөзін қосып жазу міндеттелді. Ортағасырлық автор ибн-Рузбиханның айтуынша, бай деп ол кезде де қолда барымен беделді, малы да, мүлкі де көп, жылжымалы «арбаға орнатылған үйі» бар адамдарды айтқан. Ол кезде байлық деген билікпен егіз туғандай, «дала адамдары», Шыңғыс хан ұрпағы Мұхаммед Шейбани ханның айтуынша, «қысқа мерзім ішінде қой басын өсіру арқылы баий түсуге, мал ұстау арқылы иен далада үлкен дәулет құрау жолында аянып қалмаған» қазақтың нағыз байларының ішінде ондаған арбалы-үйі, жүздеп түйе, он мыңдап қой, он бес, он сегіз мың, тіпті жиырма алты мыңға дейін жылқы ұстағандары болған. Мал иелері үшін бұл, бір жағынан, атақ пен даңқ кезі еді. «Бірде мен 8 мың жылқысы бар байдан жыл сайын табынның белгілі бір бөлшегін неге сатып отырмайтынын сүрадым, – деп жазады ХІХ ғасырда А. И. Левшин. Ол маған: – «Мен неге жылқымды сатуым керек? Ақша деген не ол, сандық түбінде жатады, ешкім оны көрмейді. Ал өрістегі жылқыны көргендердің бәрі менің қандай бай екенімді, малымның көп екенін көзімен көреді, сөйтіп олар менің бай екенімді айта жүретін болады», – деп жауап берді». Көшпелі қазақ қоғамында байлар саны әжептәуір мол тап болған. Бірақ бұл жерде байлықтың текке жатпайтынын айрықша айтуға тиіспіз, ірі байлар сұлтандар, билер арасында да, қатардағы карасүйектер ішінде де болған. Байлық пен дәулет, әрине, адамның беделін арттырып, өрісі кеңейтетін. Бірақ айрықша артықшылық құқық бере қоймайтын. Қоғам ішіндегі жеке байлардың беделі олардың шыққан тегімен өлшенетін. Мәселен, қайсыбір сұлтан кедей болса да, қоғамның осы тобына заңмен берілген құқықтар мен артықшылықтардың бәрін пайдаланады. Сөйтіп, бай атанудың экономикалық және саяси да мәні болды. Байдың экономикалық дәрежесі байлығының мөлшерімен өлшенсе, оның «бақуатты өмірінің» негізі болып отырған сол байлық қоғам ішіндегі саяси мәртебесін де көтере түсетін. «Жеті жарғыға» сай, бай адам, егер ол сұлтан не би болмаса, «қару ұстауға жарайтын» кім-кімнің бәрі секілді ханға «жыл сайын өз мал-мүлкінің жиырмадан бірін» алым-салық ретінде төлеп тұруға міндетті болды.

Батырлар. Бас еркі өзіндегі көшпенділердің бәрі әскери міндеткерлігін өткеретін. Дала тұрғындары, шынтуайтқа келгенде, қарулы көпшілік сияқты еді. Қару асынып жүру әрбір ер адамның заңды құқығы ғана емес, тіпті міндеті де болатын. Халық бас қосқан құрылтайда бойында бес қаруы жоқ адам дауыс бере алмайтын, жастар оған ығысып орын бермейтін. Көшпенділер өмірінде соғыс дәстүрі маңызды орын алғандықтан да, әскери ерлікке аса зор мән берілетін. Жорықта кім көбірек қан төгіп, жаудың басын көп алса, сол айрықша құрметке бөленіп, соғыс әдісін жақсы білуімен көзге түскендерге батыр (бұл түрік-моңғол сөзі бахадүр, багатур түрінде XV ғасырда орыс тіліне де ауысты) атағы берілетін болған. Сайыста айрықша көзге түскен, жекпе-жекте қатарынан бірнеше жеңіске жеткендер, XV ғасыр деректері бойынша, толыбатыр, алып күш иесі, төзімді, батыл атағына ие болатын. Содан кейін сол адамның атына «батыр» сөзі қосылып айтылатын болған. Бұл құрметті дәреже-атақ ақсүйек пе, қара ма деместен, жеке ерлігі мен басқа да айрықша қасиеті үшін қоғамның кез-келген мүшесіне берілетін. Бірақ бұл атақ мұрагерлік жолымен ұрпағына ауыспайтын. Батырлардың, кәсіби әскерилердің мән-маңызы олардың соғыс кезіндегі іс-әрекетімен, хан сарайына не беделді сұлтанға қаншалықты жақын екендігімен де анықталатын болған. Өз мәртебесіне орай батырлар да қазақ қоғамында айрықша артықшылығы барлардың тобына жататын. Сөйте тұра батырлығынан басқа олардың көпшілігінің қолында билік болмайтын да, олар көбіне ерлігімен өз руын басқару құқығын тартып алушы рөлінде көрінетін. Батырлар есімі даланың түкпір-түкпірінде белгілі болатын. Даңқы алысқа тарап, ерлігін ақын-жыраулар жыр-дастанына арқау ететін. Ортағасырлық батырлар жырының бірінде: «Қобызын алып қолына, ел кезіп ақын жүреді, кімнің ер, кімнің ездігін жырау ғана біледі», – делінген.

Батырды Қазтуған жырау былайша сипаттайды:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қара үнымы сұлтандайын жүрісті,

Ұстаса қашағанның ұзын құрығы –

Қалайылаған қасқа орданың сырығы.

Ақсақалдар. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы ақсақалдарға (парсыша – ришни сафидан) да айрықша орын берілген. Ақсақалдар жайлы сөз қозғаған соң, менің ойымша, адамның бүкіл өмірін жас мөлшерлік кезеңдерге бөлу және боліп атау туралы ортағасырлық түркі әдеби ескерткіштерінен алынған деректерді де айта кету лазым. Оларда адам өмірін жас мөлшеріне қарай, негізінен, жетіге бөледі. Олардың алтауы адамның балалық, жігіттік және ересек кезін білдіреді және бала, жігіт деген негізгі екі атпен аталады. Мысалы, емшектегі бала, кішкентай бала (сәби), бозбала, жас жігіт – жігіт, жігіт ағасы, – ақсақал немесе қарт адам, қария, шал болып кете береді. Адам өмірінің ең қысқа кезеңі – емшектегі кез, ол небәрі он-он екі айға созылады. Харамханадағы ер балаларды анасының бауырынан тек жеті-сегіз жасында айыратынын ескерсек, бозбала дәуір де сол шамадан кейін басталатын болуы керек. Жас жігіт ретінде кәмелетке толған соң, егер ол Шыңғыс хан тұқымынан болса, Хиуа ханы – тарихшы Әбілғазының (1603—1664) айтуынша, оған өз алдына уалаят-иелік, ел беліп беріп, алдына мал салған. Деректердің материалдарына қарап пікір түйер болсақ, кәмелеттік жас – адам жасының он алты-он сегізге толған шағы. Жиырмадан кейін – жігіт жасы, болып-толған жас, қырыққа таяу – орта жас деп есептелген. Елудегілерді, негізінен, жігіт ағасы атайтынын ескерсек, келесі кезең – ақсақалдық алпыстан кейін басталатын болуы керек. Бұл жерде дәл осылай деп шектеу қойған ешкім жоқ, бәрі де мөлшермен айтылады.

Адам ғұмырының ұзақтығы да әртүрлі болған. Әлеуметтік жағдайына орай, қоғамның төменгі сатысындағылардың ғұмыры қысқарақ болды. Сөйте тұра, ортағасырлық жазба ескерткіштерінде жетпіс, сексен, тіпті жүз жасаған адамдар жайлы деректер аз емес. Ортағасырлық авторлардың бәрі де адамды алды-артына қаратпайтын есер шақ – жастық жайлы шабыттана жазады. жас кезінде махаббат та, ғадауат та, өкініш те, өкпе де, үміт те, күдік те, қауіп те, қатер де – бәрі-бәрі де керемет. Жас ұлғая келе бәрі көрген түстей жоғалып, көзден бір-бір ұшатыны жаман. «Бірақ жас ұлғайған сайын, – дейді олар, ақыл-тәжірибе көбейе түседі». Саманидтер дәуірінің өзінде (875—999) Низам әл-Мүлктің айтуынша, облыстар наместниктігіне отыз бес жасқа толмаған адам тағайындалмайтын. Бұл жерде ден қоярлығы: сол бірінші мыңжылдықтың аяғында да отыз бес жас жастықтың соңы болып есептелген. Көне деректерге сүйенсек, ақсақалдар елдің саяси өмірінде көбше маңызды рөл атқарған, олар араз ағайындар арасын дәнекерлеуге аталы сөзімен бітім айтушы ретінде құрметке бөленіп, ел-жұртқа қызмет еткен. В. В. Бартольдтің айтуынша, ақсақал – қолында өкілетті билігі жоқ, бірақ бұрыннан сіңген еңбегі бар, мол тәжірибе, парасатымен үлкен-кішіні аузына қаратқан құрметті адам. Оң жақтан және сол жақтан орын алып жайғасу ережесі бойынша, «Бахр әл-асрар» авторы Махмуд ибн Уәлидің сөздеріне жүгінсек, XVII ғасырда Аштархандықтар сарайында ақсақалдар (қарттар) терінің сол жағын ала жайғасатын болған. Қазақта да солай, құрметті орын қарттардікі.

Сонымен, қазақ қоғамы бір-бірімен тығыз және әркелкі байланыстағы топтар мен жіктердің иерархиялық түрде ұйымдасқан әлеуметтік құрылымы болды. «Ақсүйек» және «қарасүйек» адамдар туралы ілгеріде сипатталғанның бәрі бірдей бүгінгі өмірде жойылған деуге келмейді. Текке, жүз бен руға қатысты ескі нанымдар қайсыбірде қазір де қылаң беріп қалады. Бірақ әр дәуірдің өз жаңалығы бар. Сондықтан қазақ қоғамы да жаңарып, жасара беретіні сөзсіз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button