Даму жолында: біреуде бәрі тамаша, ал менде олай емес...
Біз ақылдылық деңгейінің бүгінгі және кешегі жай-күйі турасындағы сараптамамызды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыпта дамудың, бәсекенің қандай болуы керектігін жан-жақты ой таразысына салмақпыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері «бәсекеге қабілеттілік» деген сөзді жиі естіп, жиі көретін болдық. Расында бәсекеге қабілеттілік пен бақталастықтың қандай айырмашылығы бар?
«Ананың жолы болғыш, ал менде бәрі қиын» деп кім көрінгеннің артынан күңкілдеп отыратындарды көрмей жүрген жоқпыз. Өкінішке қарай, қоғам айнасында осындай кереғар қасиет әлі күнге жойылмай келеді. Елбасы осындай қоғам дертін жою үшін, бақталастықты жоғалтып, адал бәсекені дамыту үшін ұлы бетбұрыста бұл бағытты күн тәртібіне қойды.
Ал бақталастық пен бәсеке жөнінде ақылдылық деңгейінің кестесін құрған америкалық жазушы, философ Кен Уилбер не айтады?
Ақылдылық деңгейі негізінде кей адамдардың материалдық даму жолында үлкен жетістіктерге жеткенімен рухани даму көшінен кейіндеп қалғанын айтады. Соның кесірінен аталған типтегі адамдар көбіне қатыгез, адамгершіліктен ада болып келеді екен.
Бақталастық пен бәсекелестік ұғымдарының айырмашылығы жер мен көктей. Бақталастықтың адамзат баласы үшін берер бір мысқал пайдасы жоқ. Өйткені, бақталастықтың артында қарабеттік, зұлымдық деген аса бір мейірімге қарсы қызмет қылатын жағымсыз қасиеттер бұғып жатады. Және осындай қасиеті бар адамдар «Маған болмаған нәрсе саған да бұйырмасын» деген іспетті ұстанымда болады. Бұл ұстанымдағы адамдардың барлығын қоғам зиянкестері санатына жатқызуға болады. Олар дамуды көздемейді, керісінше өзгенің жетістігін қызғанып, оның өрлеуіне кедергі жасауға ұмтылады.
Ал бәсекелестік пен, бәсекеге қабілеттілік ше? Рас, бәсекелестік бақталастыққа жақын ұғым сияқты көрінеді алғашқы көзқараста. Ал шынтуайтына келсек, бәсекеге қабілетті болу – заман талабы және ешкімге зұлымдық, аяқтан шалу секілді адамгершілікке жат қылықтар жасауға итермелемейтін бағыт. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бекітіп берген бұл міндеті бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың бойынан табылуға тиіс. Өйткені, бәсеке арқылы адам дамиды, бәсеке арқылы дамыған адамдар деңгейі қоғам деңгейін өсіруге ықпал етеді.
Бәсеке – бәкінің жүзіндей лыпылдаған өте ауыр дүние. Кен Уилбердің айтуынша, бәсеке жолында тұлғааралық қашықтықты сақтап, эмоцияға берілмей әрекет ету қажет. Әсіресе, осы жолда эмоцияның алдыңғы рөлге шығып кетуі үлкен қатерге алып келуі мүмкін.
Кен Уилбер өз туындысында адам дамуының психограммасын жасады. Ол психограммада адам дамуын үш сатыға бөліп қарастырады. Алғашқы сатыға моральдық, эмоционалдық, психосексуалды тұрғыдан дамуды кіргізсе, екінші сатыға тұлғааралық дамуды, ал жоғары сатыға когнитивті дамуды үйлестірген.
Тарқата айтайық, жоғары сатыны иемденген когнитивті даму дегеніміз – ой-сананың, қиялдау дәрежесінің, тіл игеру деңгейінің дамуы. Осы аталған критерийлер адамның күнделікті жүретін ортасының деңгейіне байланысты дамып отыратынын нақты дәлелденген.
Демек, ақылдылық деңгейінің төңірегіндегі түйінді шешу үшін біздің қоғам өз алдына бәсекеге қабілеттілік деңгейін өсіруді көздеп отыр. Көздеп қана отырған жоқ-ау, сол бағыт бойынша өте қарқынды жұмыс жасап жатыр.
Бәсекеге қабілетті болу – берекелі даму бастауы. Бақталастық – бетбұрыстар мен жаңашылдықтарды көре алмайтын іштарлық қасиеттен туындайтын берекесіз тіршілік. Бұл – әлем бойынша дәлелденген тұжырым.
Бұл мақалада ақылдылық деңгейінің екінші дәрежесі туралы сөз қозғап, пайдалы кеңестер беруге тырыстық. Бұл ақыл мен адами интеллектуалды насихат етіп отырған соңғы жазба емес. Мақала алдағы уақытта жалғасын таппақ. Оқыңыз, өкінбейсіз.