Жаңалық

Данияр Есин: «Біз алмайтын қамал жоқ!»

«Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында түйткілді тақырыптарды қозғады», – деп жазады «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ КеАҚ Басқарма Төрағасы Данияр Есин Facebook парақшасында. Назарларыңызға жазбаның толық нұсқасын ұсынамыз:

«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ойын Абай сөзімен айшықтауының өзі бекер емес. Білімді әрі бәсекеге қабілетті адам – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Оларды, әсіресе, осындай алмағайып кезеңдерде мемлекетіміздің бірден-бір жәрдемшісі деп білемін. Үнемі ізденісте болу, білімі мен біліктілікті толықтырып отыру, бәсекеге қабілетті болу – қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі аспектілері.

Жастардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, төл тарихымызды жете түсініп, тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің қадіріне жете алуы да аса маңызды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек», – деп атап өтті.

Адамгершілік нормаларын насихаттайтын, ұлтымызды дұрыс жолға бастайтын тәлімнің қайнар бұлағы – салт-дәстүрімізде жатыр. Әдет-ғұрпымызды, жөн-жоралғыны қайта жаңғырту – ұлттық тәрбиені ұлт бойына сіңіру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу керектігіне тоқталды. Бұл тұтас ұлтты ұйыстыратын, бірлігімізді нығайта түсетін маңызды іс.

Жер туралы алып қашпа сөздерге де нақты жауап берілді. Бұл – мемлекет көзқарасы. Бұл – ақиқат. Тек осы жердің бізге тиесілі екенін анық іспен көрсете алсақ екен. Бұл ретте мен жастардың еңбекқорлығы мен бәсекеге қабілеттілігіне зор сенім артамын!

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – дейді Әлихан Бөкейхан. Мақсатымыз айқын, ниетіміз адал, рухымыз мықты болса, біз алмайтын қамал, аспайтын шың жоқ!

Бірлігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button