Мақала

Дархан Қыдырәлі. Президент Жошы ұлысының мемлекетіміздің негізі екендігіне айрықша мән беріп отыр

Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, cенатор Дархан Қыдырәлі өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: ашық дереккөзден
Мемлекет басшысы “Egemen Qazaqstan” газетіне берген сұхбатында биыл Жошы ханның таққа шығып, дербес ұлыс құрғанына 800 жыл толатынын атап айтқан екен.
 
Жошы – жолшы, қонақ деген мағына береді. Оның жолда дүниеге келгені, анасының ұзақ уақыт меркіт руы арасында тұтқын болғаны, сондықтан тегінің де «күмәнді» екендігіне қатысты әртүрлі әңгімелер айтылды. Бұған дәлел ретінде де Шыңғыс ханның меркіттермен соғысын алға тартады. Ал Жошы ханның бұл тарихын әйгілі Рашид ад-дин (1247 – 1318 жж.) «Жамиғ ат-тауарих» шығармасында былайша баяндайды: «Жошы хан Шыңғыс ханның ұлдарының арасындағы ең үлкені болатын. Шыңғыс ханның әйелі Бөрте ханым Жошы ханға жүкті болды. Осы уақытта меркіт руы, ыңғайлы сәтті тауып Шыңғыс ханның үйін тонап, оның жүкті болған әйелін де тұтқынға алып кетті. Бұл ру осыған дейін керейіт патшасы Оң ханмен дұшпан болып, дауласып келген болса да, сол кезде олардың арасында бейбітшілік орнаған еді. Сондықтан олар Бөрте ханымды Оң ханға жіберді. Ол Шыңғыс ханның әкесімен екеуі анда болғандықтан әрі Шыңғыс ханды ұлым деп атағандықтан, Бөрте ханымды сыйлайтын әрі құрмет ететін» дей келе, бұл жағдайдан хабардар болған Шыңғыс ханның Оң ханға Бөрте ханымды қай­та­рып беру туралы өтінішпен жалайыр руынан шыққан Саба есімді әміршіні жібергені туралы баяндайды. Оң хан Бөртеге қамқорлық жасап, оны Сабамен бірге қайтарған. Әрі қарай Рашид ад-дин былай жалғастырады: «Жолда кенеттен дүниеге ұл туды, осы себептен оны Жошы (Жолшы) деп атады. Жол қауіпті болғандықтан бесік құрастыру қиын еді. Саба біраз жұмсақ қамыр илеп, оған баланы орап алды да, оны өзінің етегіне салып алды. Ол оны абайлап алып жүріп, Шыңғыс ханға жеткізді. (Жошы) өскенде әрдайым әкесіне еріп жүрді және сәттілік кездерде де, қиындық кездерде де үнемі оның жанында болды, - деп жазды Дархан Қуандықұлы.
 
Тарих ғылымдарының докторының айтуынша, бұл мәлімет Моңғолдың құпия ше­жіресінде және Мырза Ұлықбектің «Улус-и арба-и Чингизи», Әбілғазы Ба­һадүр ханның «Түрк шежіресі», Қа­дыр­ғали би Жалайыридің «Жамиғ ат-та­уарих» еңбектерінде қайталанады. Мырза Ұлықбек тұтқынға түскенде Бөр­тенің алты айлық жүкті болғанын жаза отырып: «Ұлы Сахиб-и Қыран Шың­ғыс ханның мейірімділігі, махаббаты мен игі ниеттілігі шамадан тыс бол­ған­дығы соншалық, Шағатай мен Үгедей қызғаныштан осындай үлкен өтірікті ойлап тапты» деп, олардың Жошыға жала жапқанын айтады. Ендеше Жошының тегіне байланысты күмән болмауы тиіс деп ойлаймыз.
 
Ұлықбек «Шыңғыс хан Жошыны өзге ұлдары мен қыздарынан көбірек жақсы көрді» дейді. “Моңғолдың құпия шежіресіне” жүгінсек, Қоян жылы (1207) оң қанат әскерімен Орман еліне аттанған Жошы мәмілегерлік тәсілмен ойрат пен қырғызды бағындырып оралғанда Шыңғыс хан сүйсініп: «Ұлдарымның ағасы сен үйден шыға сала жолың болып, барған жеріңде ерді жарақаттамай, жылқыны қинамай, ырысты Орман ел-жұртын түгел бағындырып келдің. Осы ел-жұртты саған берейін», деп жарлық еткені баяндалады. Бұл – ұлы қағанның ұлына сүйсініп, сенгенін, болашақ мұрагер ретінде үміт артқанын көрсетеді. Жошы бұдан кейін Дешті-Қыпшақ даласы мен Сартауылға (Хорезмге) жасаған жорықтардың басында жүрді. Ол барлық сапарларынан тек жеңіспен оралды. Парсы тарихшысы Жузжани (1226) еңбегінде «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өте батыл, қайсар, ержүрек жауынгер болды. Оның күш-қуаты сонша­лық­ты, әкесі одан сескенетін еді» дейді.
 
Жошы 1224 жылы таққа отырып, ұланғайыр аймақта дербес мемлекет жариялады. Ол қазақ мемлекеттігінің бастауларының бірі болғандықтан ел тарихы үшін елеулі оқиға.
 
Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлық ұлыстың 750 жылдығына айрықша мән беріп, Ұлытауға арнайы барған еді. Одан бері Жошы хан кесенесі жаңартылып, Ұлытау мәртебе алды, арнайы облыс құрылды. Биыл да игілікті істердің бастауы болады деп сенеміз, - деді тарих ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button