«Дариға, дәурен» әні қалай шықты?
Бүгін сөз зергері Несіпбек Айтұлы 70 жасқа толып отыр. Осыған орай парасатты қалам иесінің «Дариға, дәурен», «Арман» әндерінің қалай шыққанына тоқталып өтсек.
Әндердің шығу тарихы туралы ақынның өзі былай еске алады.
Мен әнге сөз жазуға өте қорқа-қорқа келген адаммын. Себебі әннің сөзі өте кірпияз. Бір мысқал артық не кем кетуге болмайды. Оған нысананы көздегендей дәлдік керек. Демек, шебердің шебері ғана баратын іс. Абай атамыз «Әннің де естісі бар, есері бар» дегеніндей мен тек қана ойлы, есті әндерге сөз жазуға тырыстым. Алғаш әнге сөзді Жәнібектер апарып таныстырған белгілі копозитор ағамыз Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбыра» әніне жазыппын. Ойлап қарасам ешқашан жеңіл-желпі дүниеге сөз жазып көрмеппін. Бұл менің о бастағы ұстанымым болатын. Және сөзді кімдерге жаздым? Жаңағы Мейрамбек Жанболатов, Ақселеу Сейдімбек, Секен Тұрысбек, Ермұрат Үсенов, Тұрсынжан Шапай. Ал Тұрсынжан екеуміздің әндеріміздің бағын ашқан – Рамазан Стамғазиев, – дейді ақын.
Елге танымал «Дариға, дәурен» әні қалай шықты.
Тұрсынжанның кереметі кез келген аспапта еркін ойнайды. Оны білетінім Алматыда «Қазақфильмде» көрші тұрдық. Күнде бір-бірімізде қонақпыз. Бір күні Тұрсынжан дастархан басында отыр едік «Аға, мына әнді тыңдап көріңізші» деп гитарамен бір әуенді ойнай бастады. Мен бірден «Мынауың Дариға, дәурен деп тұр» деп ат қойдым. Осылайша, сол жерде 15 минут шамасында «Дариға, дәурен» туды. Сөзі бірден төгіліп түсті, – дейді ол.
Несіпбек Айтұлы «Арман» әнінің қалай шыққанын да айтып берді.
Енді «Арманға» келейік. Ол ұзақ жазылды. Шықпайды. Ақыры болмағасын үмітімді үзіп отыр едім Тұрсынжан жетіп келді. Өзі көңілді. «Тапсырма орындалды ма?» деп қояды. Мен «таңнан алысып шығара алмадым. Бұдан үміт үздім» деп едім Тұрсынжан «Жеңгей, мына шал таңнан бері не жазды» деп сұрай бастады. «Ағаң таңнан бір шелек қағазды умаждап лақтырды» деді. «Сол мусордағы қағаздарды қарайыншы» деп кірісе кетті. Бір шелек қағаздың ортасынан әннің екі шумағын алып шықты. «Ой, шал! Жазып тастапсың ғой. Несіне қиналып отырсың?» деп жадырап шыға келді. Өз-өзіме қанағаттанбай лақтыра бергем ғой. Осылай «Арман» келді өмірге. Одан кейін де біршама әндер жаздық. Ол басқа әңгіме, – деп еске алды ақын.