Дарынды азаматтармен «Public Talks» форматында кездесу өтті
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында, үстіміздегі жылдың 4 мамырында Қызылорда облысы, Сырдария ауданында Жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақтың дарынды азаматтарымен «Public Talks» форматында кездесу өтті.
Кездесуге аудармашы, педагог-психолог Сымбат Әбдірахманова және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы, А.Нобель атындағы медальдың иегері Нұрбол Аппазов, Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық жобалар байқауының жеңімпазы Дінмұхамед Ақпан шақырылды.
Аталмыш шараның мақсаты – өз замандастары арасынан білімімен, ізденімпаздылығымен оқ бойы озық шыққан көшбасшыларды жастар арасында насихаттау. Олармен еркін форматта, ашық байланыс орнату арқылы, жастырды жігерлендіру. Бәсекелік қабілеттерін дамыта отырып, сананың ашықтығын, ой еркіндігін қалыптастыру, прагматик болуға тәрбиелеу.
«Public Talks»-те бірнеше тілді меңгерген Сымбат Әбдірахманова қаржы қажет етпейтін жобаларды жүзеге асырудың жолдарын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Балалардың танымдық әрекетін дамытатын мультфильмдер дайындап жүрген Сымбат Нұртазақызы өз туындылары жайында да сөз қозғады.
Ғылым жолында жүріп, биік белестерді бағындырған Нұрбол Аппазов бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекшілік жасап жүр. Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертабысты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медальды кеудесіне таққан жас ғалым жастарға ғылым саласындағы жаңа, заманауи мүмкіндіктер жайында айтты.
Ал келешек ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыратын, болашағынан үлкен үміт күттіретін Дінмұхамед Ақпан замандастарына тың жобалары жайында айтты. Заман көшінен қалмай, әр адам үнемі өзін дамытып, жетілдіріп отыру керектігін айқындап, өз тәжірибесімен бөлісті.
«Public Talks» (қоғам алдында сөйлеу) форматы еркіндікке, адамдар арасындағы ашық байланыс орнатуға негізделгендіктен, онда талқыланатын тақырыпқа шектеу болмайды. Яғни, кейіпкерге қатысушылар өздерінің толғандырған сауалдарын ашық жолдап, тиісті жауаптарын алды.
Шара нәтижесінде жастар білім-ғылым саласындағы тың деректерге қанығып, өз істерінің шебері атанған кейіпкерлермен ашық әңгімелесе отырып, болашаққа бағдар алды деп толық сеніммен айта аламыз.