Жаңалық

Дәстүрлі ән әуелеген күн

2019 жылы 4 желтоқсанда Павлодар облысы Успен ауданында республикалық «Ән мен жырдан ақ шашу» атты дәстүрлі ән-жыр фестивалі өтті.

Қазақ халқының мақтаныш етер асыл мұра, рухани жәдігерлерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасы ерекше орын алады. Қазақ әні – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан куәгері.

Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі ұйымдастырып отырған фестивальға елімізге танымал дәстүрлі әншілермен қоса, облысымыздың жас әншілері де қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – дәстүрлі әншілердің өнерлерін дамытып, еліміздің өңірлеріндегі ән мақамдарының ерекшеліктерін халыққа насихаттау және аудандағы дәстүрлі ән орындаушыларын қолдау.

Аталмыш шараға Нұр-Сұлтан қаласынан Күнсұлу Түрікпен, Алматы қаласынан Сәбит Дабыл мен Шаттық Уатқан, Қызылордадан Марат Сүгірбай, Көкшетаудан Назира Бейсенова, Павлодар қаласынан Ербол Айтбаев, Салтанат Қисатова, жас әншілер Базарбай Азамат, Құрметжан Ербақ, Бөкен Жігер, Жалын Құнанбай және Маңғыстаудан «Мен қазақпын» жобасының жүлдегері, айтулы дәстүрлі әнші Оспан Құлсымақ арнайы келіп қатысқан болатын. Фестиваль барысында әншілер өз өңірлерінің мақамына сай екі дәстүрлі ән орындап шықты. Дәстүрлі әнді шеберіне келтіріп орындаған әншілерге Успен ауданының тұрғындары қолдау көрсетіп, қол соғып демеп отырды.

Фестиваль барысында ақын, дәстүрлі әншілермен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов өткізіп, ақындар мен дәстүрлі әншілердің қоғамдағы имиджін көтеру шараларын талқылады.

Фестиваль соңында қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button