Дауыс арқылы аудару қызметі қазақ тілі үшін қолжетімді болды
Қазақ тілі Google аудармашының дауыс арқылы аудару қызметіне қосылды деп хабарлайды Ruh.kz порталы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлына сілтеме жасап.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы өзінің Instagram-дағы парақшасында тамаша жаңалықпен бөлісті. Қор жетекшісінің айтуына қарағанда, Google аудармашының дауыс арқылы аудару қызметіне қосылу 5 жыл бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болды.
«Достар, тамаша жаңалық! Тіліміз Google аудармашының дауыс арқылы аудару қызметіне қосылды.
Бұл біздің Google-мен жүргізген 5 жылдық жұмысымыздың нәтижесі.
Ол үшін Google-ге сан мың бет аударма мәтін, қазақ тіліндегі жүздеген сағат аудио жазба, дыбысталған том-том сөздік бердік.
Google аударма қызметі – нейро жүйелер негізінде дамып келе жатқан машиналық аударманың ең ілгерісі. Сондықтан тілді сақтау және оны дамыту тұрғысынан бұл аса маңызды оқиға», – деп жазды Рауан Кенжеханұлы.