Жаңалық

Делиде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары таныстырылды

Фото: СІМ

Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі Үндістан сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы (FICCI) ұйымдастырған 3-ші «Көшпелі туризм саммитіне» қатысып, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы баяндады, деп хабарлайды Ruh.kz.

«Көшпелі туризм саммиті» - басқа елдермен көпжақты туристік және мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Шара барысында Қазақстан Елшілігі Саммит қатысушылары мен қонақтарына 2024 жылғы 8-13 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы презентация жасап, аудиторияны аталған ойындарында ұсынылатын бірегей спорт түрлерімен таныстырды.

Бұдан бөлек, Қазақстанның туристік әлеуеті туралы бейнематериалдар көрсетіліп, үкіметтің осы салада атқарған жұмысының негізгі элементтері атап өтілді. Оған қоса, қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласы пандемиядан толық қалпына келіп қана қоймай, туризмнің негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жеткені айтылды. Мәселен, Үндістаннан Қазақстанға туристер ағыны 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы үш есеге артып, 78 мың адамға жеткен.

Саммит аясында үнді бизнесі Қазақстандағы инвестициялық туристік жобаларды іске асыруға қатысуға шақырылды. Оның қорытындысы бойынша Елшілік барлық қатысушыларға танысу үшін ақпараттық-анықтамалық материалдарды табыс етті.

Іс-шараға қазақстандық өкілдерден басқа, Үндістанда аккредиттелген Кения, Грузия, Шри-Ланка, Мадагаскар, Малайзия, Сингапур және басқа да түрлі дипломатиялық миссиялардың қызметкерлері қатысты.

Сонымен қатар саммитке Үндістанның атқарушы органдарының, БАҚ, шағын және орта бизнестің өкілдері, атап айтқанда ірі туроператорлардың бірінші басшылары шақырылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button