Ақтөбе облысы

Дербісәлі батыр Қиғылықұлы кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: XIX ғасырдың бірінші жартысы

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жарсай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 17 км.

Зерттелуі: «Қобда энциклопедиясында», Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде, Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде  Дербісәлі батыр туралы біршама материалдар кездеседі.

Қысқаша анықтамасы: Дербісәлі батырдың есімі қазіргі күнге ел ішінде әулие түрінде сақталған.   Оның зиратына қазіргі дейін демеу сұрап, дерттеріне шипа тілеп, түнеп келеді, ерте кезде індетке ұшыраған малдарына дейін әкеп түнеткен жағдайлар болған. Әулиенің қабірін халық қасиетті жерлердің бірі ретінде санайды.

Аңыз әңгіме: Дербісәлі Қиғылықұлыбелгілі батыр, әулие, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кіші жүздегі танымал тұлғалардың бірі, 1822-1824 жылдары Жоламан Тіленшіұлы бастаған Ойыл, Қиыл өзендерінің бойларын жайлаған  көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі. Дербісәлі батыр есімі елге кеңінен тараған атақты батырлардың бірі. Оның есімі ел жадында ол дүниеден озған соң көбіне әулие есебінде сақталды. Дербісәлі 1822 жылы желтоқсан айының соңында Жоламан бастаған бір топ билер мен батырлармен бірге Жайық пен Елек арасындағы жерлерді қайтару және Ресейде кепілде ұсталып отырған Арынғазы сұлтан мен Жүсіп Сырымұлын босатуды сұраған хатқа мөрін басқан. Бұл хатқа Кіші жүздегі белгілі қайраткерлер Адай Сүйінқара батыр, Шөмішті Табын Барақ пен Асау, Байғана батырлар да қосылған.

Сонымен қатар 1823 жылы қыркүйекте Жоламан Тіленшіұлы 1000-ға жуық жасақпен Қазақ жеріне жіберілген полковник Милорадовичтің әскеріне шабуыл жасағанда осы шабуылға Дербісәлі батыр өзінің 300 сарбазымен қатысады. Ол осы шабуылдан олжаға 14 орыс тұтқыны мен 70 жылқы алған.

Ел ауызында сақталған Дербісәлі батыр туралы бір аңыз әңгімені келтіре кетейік. Күзді күні қатқақта, яғни із түспейтін уақытта бір ауылдың жылқысын адайдың барымташылары ұралап, жылқышыларын өлтіріп, айдап кеткен. Ауыл ақсақалдары Дербісәліге келіп мұңын шағыпты. Сонда ерте есейген батыр. «Дуадақ көтерілгенше оған жетіп баратын ұшқыр жеті атты дайындаңдар, сонымен көп жылқының алдын Батпақтының оң жағасындағы жайлымға қайтарыңдар, сырт көзге білдірмей аттарға таға жасай беріңдер, оны асыққанда алдыңғы тұяқтарға шегелеңдер» депті. Осы әдісті қолданғанда, адайдың тағасыз аттары мұзға тайып құлап, барымташылары қырылып қалған екен.

Қазақтың бойына біткен имандылық, осындай батыр әрі әулие атанған Дербісәлі тәрізді бабамыздың әруағына әркез бас ию, бүгінгі ұрпақтың қанынан әлі жоғала қойған жоқ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button