ДИМАШТЫҢ ӘН КЕШІ ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ БОЛМАҚ
ДИМАШТЫҢ ӘН КЕШІ ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ БОЛМАҚ
Маусым айында Елордамыз Нұр-Сұлтанда еліміздің алтын баласы, халқымыздың мақтанышы Димаш Құдайбергеннің жеке шығармашылық концерті болады. «Арнау» деген тақырыпқа ие болған концертке ресми түрде бастау берілген сәттен бастап, Димаштың әндерін сүйіп тыңдайтын жанкүйерлері билеттердің сатылымға шығатын күнін тағатсыздана күтті. Ресми деректерге сүйенсек, концерт билеттерінің 15 000 немесе 70% сатылған. Яғни, «Арнауға» екі айдай уақыт қалса да, билеттердің саны күн санап, сағат санап азайып келеді. Статистика тілінде сөйлесек, әншінің бұл кешіне әлемнің он бес елінен мыңдаған жанкүйерлер тобы келеді деп күтілуде. Қонақтардың бұл көрсеткіші қалған билеттердің көрсеткішіне қарай, ұлғаюы да әбден мүмкін.
Қазақ сахнасы әншілерінің шығармашылық кешіне арнайы шет ел асып келген жанкүйерлерді білмейміз. Бұл феномен, әзірше, тек Димашқа тән. Әншінің өзі айтпақшы «мен өз жанкүйерлерімнің жанкүйерімін!». Қазақ баласының бойындағы көрегендік, үлкен биіктерге көтерілгендігіне қарамастан, халқының алдында өз болмысын жоғалтпауы – ол тектілік. Әр қазақтың жүрегіне қымбат әншінің «қымбаттылары» («dears»), жанкүйерлері бір үлкен әлем. Жанкүйерлер әншінің әр концертіне жер-жерден келіп, оны қолдайды, оны шабыттандырады. Жақында Мәскеу қаласында болған кештін өзіне әлемнің 56 елінен келген dears халықаралық өнер әлемін таң қалдырған еді. Димаштың осындай жанкүйерлерін, фан-клубтарын жақыннан біліп-тану үшін әңгімеге еліміздегі «Димаш Достар» фан-клубының жетекшісі Мадина Құрманғалиеваны сөзге тартқан болатынбыз.
Ruh.kz: Мадина Маратқызы, күніңіз сәтті өтсін! Әлемнің әр мемлекетінен табылатын, жер шарының әр түпкірінде бар Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері қандай?
Мадина Маратқызы: Сәлеметсіз бе! Димаштың өзі айтқандай, оның жанкүйерлері бір әлем. Оған дәлел, жанкүйерлер санының шексіздігі және олардың барлығы дүниенің 200-ден астам елден болуы. Олардың қатарына барлық ұлттар, барлық жас ерекшеліктер мен әртүрлі көзқарасты адамдар кіреді. Димаш көп жағдайда, қазақ тілінде ән шырқаса да, шет елдік жанкүйерлер одан алшақтамай, қайта бұл әннің мағынасын терең түсіну үшін қазақ тілін қызыға өздерінше танып жүр. Бізді барлығымызды біріктірген нәрсе – Димашқа, оның талантына, оның шығармашылығына деген шексіз махаббат. Әншіміздің қай туындысын алып қарасақ та, талдап қарасақ та, ол барлық қырынан мінсіз. Жанкүйерлер әр туындыны жүрегіне жылулықпен жақын қабылдайды. Оның әндерімен оянып, әндерімен ұйқыға батамыз.
Ruh.kz: Димаштың Қазақстандағы және шет елдердегі фан-клубтарының саны қанша және қай елдерде олар бар?
Мадина Маратқызы: Өз елімізге келетін болсақ, біздегі клубтардың саны оннан асады. Клубтардың қатарына мүше болған тек қазақстандықтар емес, сонымен қатар, жақын және алыс шет елдегі жанкүйерлер де бар. Еліміздің ең ауқымды, әрі ресми түрде тіркелген фан-клубы, ол – «Димаш.Достар». Біздің клуб заңды түрде ресми тіркелген, өз Жарғымыз, ережелеріміз және клуб мүшелерінің міндеттері мен құқықтары көрсетілген нормативті құжатымыз бар. Биыл біздің клуб өзінің екі жылдығын атап өткен болатын. Клуб, Димаш Қытай елінде «I am a singer» жобасына қатысып жүргенде құрылды. Бізді бұл қадамды жасауға қытайлық жанкүйерлер шабыттандырды. Сол жылдары, клубымыздың негізін қалаушы өскемендік Баян Кенжалина клубтың дүниеге келуіне, елде жанкүйерлердің жиналуына, әлеуметтік желілерде танылуға, ресми сайттың ашылуына көп еңбек етті. Бұл сайтта Димаш туралы барлық ақпаратты тауып, клубқа мүшелікке өту үшін анкета толтыра аласыз. Ақпарат әлемнің әр түпкіріне таралу үшін, жанкүйерлерден құралған редколлегия мақалалардың барлығын ағылшын және орыс тілдеріне аударып отырады, ешқандай сыйақысыз. Әлемдік деңгейдегі фан-клубтарға тоқталсақ, олар АҚШ мемлекетінде, Еуропаның көп мемлекетінде,ТМД кеңістігінде, Қытай елінде бар. Жалпы, әншіміздің фанаттары әлемнің жүзден аса елдерінде кездеседі, ал 35 елде фан-клубтар құрылған.
Ruh.kz: Керемет! Саны мен көлемі жағынан шексіз жанкүйерлермен қалай байланыс ұстап тұрасыз?
Мадина Маратқызы: Дұрыс айтасыз, осындай көлемдегі адамдармен, клубтармен үзбей қарым-қатынас орнату мүмкін емес еді. Алайда, технологиялар дамыған уақытта, біз бір-бірімізбен тек Димаштың концерттерінде ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы жиі байланыс орнатып тұрамыз. Мысалы, Димаш туралы мақала, сұхбат қандай да бір елде жарық көріп жатса, сол елдің клубы оны ортақ чатқа жүктейді. Егер, шет елдік жанкүйерлеріміз қазақ тілінде жазылған мақаланың мазмұнын түсінбей жатса немесе қазақтың тарихына, қазақтың дәстүрі мен тағамдарына қызығушылық білдіріп жатса, біздің елдің жанкүйерлері әрқашан да қолғабыс болуға дайын.
Ruh.kz: Талантты ұлымыздың әр концерттік кеші аншлагпен өтетіні бәріне де мәлім. Ал, осындай концерттердің алдында жанкүйерлермен препати (негізгі іс-шараның алдында өткізілетін шара – ред.) өткізу дәстүрге айналды. Осы шара туралы айтып өтсеңіз.
Мадина Маратқызы: Алғашқы препати кеші 2017 жылы, Димаштың елде өткізген «Бастау» атты концертінің алдында ұйымдастырлған болатын. Бұл идеяның негізін қалаушы Алпамыс Шәрімов еді. Негізгі мақсат – Димаштың талантын мойындап, әлемнің көп мемлекетінен келген жанкүйерлермен тікелей танысу, оларға қазақтың қонақжайлығын көрсету, еліміздің бай табиғатын, бай салт-дәстүрлерін паш ету еді. Бұл кездесуге АҚШ, Жапония, Қытай, Германия елдерінің қонақтары қатысты. Олар Елорданы аралады. Қазақ халқымен жақын танысты. Кездесуге әншінің отбасы мен достары да қатысты. Кеш барысында Димаштың әндері шырқалды, ұлттық тағамдар ұсынылды және түрлі конкурстар мен викториналар ойнатылды. Димаштың және опера саңлағы Майра Мұхамедқызының бейне сәлемдемесі жанкүйерлер назарына ұсынылды. Жалпы, алғашқы препати келесі концерттерге де жол тартты. Осылай, концерт өткізілетін елдің фан-клубтары бізбен бірігіп препатилар өткізеді.
Ruh.kz: Димаштың жаз айында өткізетін кешінің алдында осындай шара ұйымдастыру күтілуде ме?
Мадина Маратқызы: Міндетті түрде. Біз, елдегі барлық фан-клубтармен дайындықты бастап кеттік. Бұл жолы бізге қолдауды «Қазақстан» РТК АҚ мен QTCom компаниясы көрсетіп отыр. Барлық ерекшеліктерді ашып айта алмаймын. Ол әзірге құпия. Бір айтарым, өткен кештердің тәжірибесі назарға ілінді, қонақтардан музыкалық сәлемдемелер, интерактивті ойындар мен тосын сыйлар саны шексіз болмақ. Шет елден келген қонақтарды Елордамызбен таныстыру, ұлттық қазақ тағамдары ұсынатын мейрамханаларға апару көзделген. Ал ең қызығы, қонақтарымызға қазақтың салт-дәстүрін жақыннан таныстыру, ұлттық қолданбалы қолөнер мастер-кластарын өткізу үшін табиғат аясында «Nomad time» арнайы шарасы ұйымдастырылады.
Ruh.kz: Димаш – еліміздің мақтанышы! Оның таланты мен тұлғалық қасиеті әрқашан да жоғары. Сіз, қазақстандық жанкүйерлердің атынан оқырмандарымызға қандай ой жолдар едіңіз?
Мадина Маратқызы: Біз Димашпен мақтанамыз, ол біздің ұлттық байлығымыз! «Арнау» кеші барлық қазақстандықтар мен қонақтар үшін үлкен мереке сыйларына сенеміз. Димаштың феномені біздің елге көптеген мемлекет азаматтарының назарын аудартты. «Арнауға» арнайы елге келетін шет елдік қонақтардың саны мыңдаған. Олардың барлығы да халқымыздың тіліне, мәдениетіне, салтына қызығушылық танытып жүр, танысуға келеді. Елімізге келген қонақтарды шын жүректен, кең пейілмен қарсы алайық!
Ruh.kz: Cұхбатыңызға алғыс білдіреміз! Қазағымыздың талантты ұлына шын көңілмен жанкүйер бола білген жандар әрқашан да жарқырай берсін!
Мадина Маратқызы: Рақмет сізге!
Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ruh.kz