Disney ұсынған «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрсетілді
Астанада Дисней ұсынған «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі ұйымдастырылды. Премьераға танымал тұлғалар, дубляж мамандары, қоғам қайраткерлері кәсіпкерлер мен депутаттар, сондай-ақ БАҚ өкілдері келді. Тынық мұхиты аралындағы шытырман оқиғаны баяндайтын «Моана 2» фильмін биыл Дисней компаниясы өз қаражатына аударған. Бастамаға «Қазақ тілі» қоғамы ұйытқы болды, деп хабарлайды Ruh.kz.
«Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліне аударылуына бастамашы болған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғасатанын айтты.
Disney компаниясы фильмдерін өз қаражатына әлемнің 30 шақты тілдеріне аударып, таратады. Сондай тілдердің қатарына қазақ тілі де қосылып отыр. Бұл бастаманың маңыздылығы біз үшін өте үлкен, - дейді ол.
Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер: қазақстандық әнші Назима, ол Моананың барлық әнін орындайды. Моана Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Актриса Айнұр Болат – Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді дыбыстады, ал Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Қобыланды Болат алпамсадай жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Бақытжан Әлпейіс – «күңкілдек бағбан» және Моана тобының мүшесі Келені «сөйлетті». Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. Музыкалық жетекші – Анель Сіргебаева.
Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.