Жаңалық

Джон Уилфорд Уорделдің «Қазақ даласында» атты кітабы жарық көрді

Қазақ еліндегі өндірістің осыдан 100 жыл бұрынғы тарихы мен тағдырын сипаттаған ағылшын инженері Джон Уилфорд Уорделдің «Қазақ даласында» атты кітабы тұңғыш рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таяуда Қазақстанның ғылым, мәдениет, еларалық байланыс саласында елеулі жаңалық болды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты Джон Уилфорд Уорделл (John Wilford Wardell) ныспылы ағылшын инженерінің «In the Kazak Steppes» («Қазақ даласында. В Казахских степях») атты тарихи маңызды еңбегін қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде басып шығарды (жариялаған – «Алашорда» қоғамдық қоры). Бұл естелік кітап Лондонның «Галери Пресс» баспасынан 1961 жылы шыққан. Кітаптың авторы, инженер Джон Уилфорд Уорделл Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған 1914 жыл мен Азамат соғысы өршіген 1919 жыл аралығында Қазақ өлкесіндегі Атбасар, Спасск кен өндіру орындарында 5 жыл қызмет атқарып, Алаш жұртының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын еуропалық көзқараспен қызықты етіп хатқа түсірген. Еңбектің осыдан 60 жыл бұрын Ұлыбритания тарапынан әлемдік ғылыми айналымға енгізілгені – оның тарихи құнын арттыра түседі.

Оның үстіне Джон Уорделл 40 жыл бұрынғы (60-жылдардан есептегенде) Қазақ даласын, алаш жұртының салт-дәстүрін, ерекшелігін ілтипатпен жазады. Ағылшынға тән нақтылықпен өзен-су, сай-сала, қора-қорым, тау-тас – бәрін сипаттап өтеді. Қаншама жердің, оқиғаның, мекеннің суреттерін ұсынады. Сол кезеңнің карталары қоса беріліп, қазақ тұрмысы мен өңір табиғаты, ағылшын өндірісі орналасқан орталық, солтүстік Қазақстанның тарихи оқиғалары, экономикалық жағдайы, өнеркәсіп дамуы сипатталады.

Джон Уилфорд Уорделдің «Қазақ даласында» атты кітабы жарық көрді

Кітапты тауып, орыс тіліне аударған – Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, шет тілі доценті Мәдина Анафинова. Қазақ тіліне аударған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Құралай Ерімбетова. Басылымның жауапты редакторы – Дихан Қамзабекұлы.

М. Анафинова «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өтуге барғанда Кембридж университетінің кітапханасынан аталған еңбекті көреді. Тарихи мұраның түпнұсқасын Қазақстанға жеткізуге Әлем тілдері университеті мен Қазақ-Британ университетінің ректоры болған азамат, экс-сенатор, елші, ғалым Әділ Ахметов пен Кембридж университеті Орталық Азия форумының төрағасы, профессор Сиддхарт Саксена жәрдемдеседі.

Дж. Уорделл кітабының маңызды бір қыры – естеліктер мен құжаттар тарих пен ағымдағы өмірді қатар көрсетіп, сол кезеңдегі қилы мәселелерді өзіндік көзқараспен орайлы жеткізгендігінде. Еңбек авторы ғалым-тарихшы да, этнограф та емес, ол – Батыс әлеміне Қазақ халқы мен оның байырғы жерлері туралы мәліметті, осы ерекше елдегі өнеркәсіптің дамуын хаттап көрсетуші.

Тарихи мұра алғысөзінде автор әлемдегі ең кең дала аймағының бірі туралы жолжазбасы Қазақстан халқының болашақ ұрпағына қызықты болатынын жазады. Оның айтқаны айнымай келді.

Бұл еңбекті аударып басып-шығару «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндетіне сәйкес келеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button