Домбыра үнін Еуропаға жеткізген қазақстандық тенор туралы фильм прокатқа шығады
“Әміре” фильмі еліміздің кинотеатрларынан 5 сәуірден бастап көрсетілімде
Алматыда Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ және Әлидар Өтемұратовтың “Dar Play” компаниясымен бірлесе түсірген “Әміре” фильмінің тұсаукесері өтті.
Қазақ халқының аяулы перзенті Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына орай түсірілген көркем фильм жалпыұлттық прокатқа 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шыға бастағаны көрермендерге белгілі. Кино қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың өмір суреттейді. Сондай-ақ, фильмде Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы да көрініс тапқан.
Фильмнің желісінде, Әміре Қашаубаев 1925 жылы Париждегі дүниежүзілік музыка конкурсында КСРО делегациясы қатарында өнер көрсетеді. Ол қалың өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденеді. Содан Еуропа жұршылығына ең алғаш қазақтың дәстүрлі ән өнерін және ұлттық аспап домбыраны паш еткен Әміре Қашаубаев болды.
Осы ретте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарихи тұлғалар жайында түсірілген “Әміре” секілді фильмдер шетелдік көрерменнің елімізге деген қызығушылығын арттыратынын айтты. Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” аты бағдарламалық мақаласында, рухани жаңғырудың басты шарты – мәдениетіміз бен ұлттық кодымызды сақтап қалу керектігін және онсыз рухани жаңғыру құр жаңғырық болып қалатынын терең ұқтырды.
Халықарлық түсірілім тобының құрамында америкалық қоюшы-режиссер Дфефф Веспа бар. Басты рөлдерді отандық актерлер Еркебұлан Дайыров пен Санжар Мәдиев бар.
Фильм Лос-Анджелес, Латвия қалаларында түсірілді. Сондай-ақ, фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы, “Үш дос”, “Балқадиша”, “Бес қарагер”, “Дударай” және тағы басқа әндері орындалады.