Донорлар форумы өтті
Бүгін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, онлайн-форматта донорлар форумын өткізді, – деп хабарлайды Ruh.kz.
Спикерлер үкіметтік емес ұйымдарды қолдау шараларын, донорлық қызметтің халықаралық тәжірибесін талқылады.
«Бұл алаңда қазақстандық және шетелдік сарапшылар жоспарлау саласында ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде де тәжірибе мен білім алмасады. Біз ҮЕҰ-ды қаржыландыруға дайын әлеуетті донорлық ұйымдармен танысуға мүмкіндік береміз», – дейді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Арбат Рахимбаев.
Спикер атап өткендей, елімізде үкіметтік емес ұйымдардың маңызы жыл санап артып келеді. Тұтастай алғанда, бұл сектор қоғамның маңызды әлеуметтік міндеттерін шешуге белсенді араласуда.
«Мемлекет-бизнес-үкіметтік емес ұйымдардың диалог алаңы өзара серіктестік аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, өйткені ҮЕҰ жергілікті қажеттіліктерді, яғни жергілікті жерлердегі проблемаларды анықтайды», – деп қорытындылады Арбат Рахымбаев.
Қаңтарда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік емес гранттық қаржыландыру бойынша жобалық кеңсесін құрды. Оның негізгі мақсаты үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларына қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету үшін әлеуетті донорларды іздеу және гранттық конкурстарға қатысу болып табылады.
Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстың нәтижелері көріне бастады. Мысалы, Қазақстандағы Ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі Түрік агенттігі (TIKA) грант беру үшін Орталықтың әлеуметтік жобалар тізіліміндегі 2 әлеуметтік жобаға донор болды, сондай-ақ осы форумға дайындық аясында орталыққа медиа-бөлмені сыйға тартты.