DuckDuckGo Google секілді алпауытпен неге шайқаспайды?
DuckDuckGo Google секілді алпауытпен неге шайқаспайды?
DuckDuckGo – Google компаниясының ең шағын, ең қаһарлы бәсекелесі.
Google нарықтағы үлестің 64%-ын алып, АҚШ онлайн іздеу саласында көш бастап отыр. Өзге екі алпауыт – Microsoft корпорациясының Bing жүйесі мен Yahoo! іздеу жүйесі бірігіп, нарықтың 34%-ын құрайды. Қалған құнды 2%-ды нарықта орнығуға ниетті ондаған басқа іздеу жүйесі бөліседі. Оған қоса Google және басқа іздеу жүйелері алпауыттарының басқа да пайда әкелетін бизнестері бар, соның арқасында олар нарықтағы үлесін ұстап тұруға және арттыруға көп күш-жігер жұмсай алады. Сонымен, шағын іздеу жүйесі жаһандық алпауыттармен қалай бәсекелескісі келеді? Ең үздік жауап: ол бәсекелеспейді, кем дегенде тікелей бәсекелеспейді. Оның орнына ол нарықтан бірегей ниша тауып, қызметін алпауыттар жоқ жерде жүргізеді.
Өзінің арнайы нарық нишасын тауып алған DuckDuckGo іздеу жүйесіне кіріп көріңіз. Google және басқа да алпауыттармен шайқасудың орнына DuckDuckGo нарықтағы көшбасшылар қамтамасыз ете алмайтын құпиялықты ұсынып отыр. Ол өзінің бірегей нишасын бренд даралығымен және қолданушылар қауымдастығымен қуаттандырады. DuckDuckGo белгішесі – көбелек галстук таққан үйрек бейнесі балаларға арналған классикалық хикаялардағы «мақсатына жеткен кішкентай қозғаушы күш» бейнесін сезінуге мүмкіндік береді.
DuckDuckGo өз нишасында жай ғана жұмыс істеп жүрген жоқ, ол өсіп келеді. Компания салыстырмалы түрде әлі де шағын, оны жылына 3 миллиард адам пайдаланады, ал Google іздеу жүйесінде бұл көрсеткіш 1,2 триллионнан артық. Бірақ DuckDuckGo жүйесінің күн сайынғы іздеу көлемі соңғы үш жылда шамамен он есе өссе, Google көлемі біршама төмендеді.
Габриэль Вайнберг алғаш рет сегіз жыл бұрын DuckDuckGo жүйесін іске қосқанда көп адам бұған күмәнмен қарап еді. Осындай шағын компания Google сияқты алпауытпен қалайша бәсекелесе алады? Бірақ Google жүйесіне еліктеудің орнына Вайнберг негізгі ерекшелейтін мүмкіндігі бар сапалы іздеу жүйесін дамытып, басқа бағытпен кетті. DuckDuckGo енді өзін «Ақылды іздеу. Жақсы жүйелеу. Шынайы құпиялық» ретінде мықтап позициялайды.
DuckDuckGo тек іздеуге ғана баса назар аударады. Ол ақылы жарнама өте аз көрсетілетін, оңтайлы, ешқандай бөгетсіз қолданушы интерфейсін ұсынады. Басқа іздеу жүйелеріндегідей, DuckDuckGo сұрауы үшінші тарап дерек көзіне негізделген сілтемелері бойынша іздеу нәтижесіне оралады, бірақ бұл нәтиже спам санын азайту мақсатында сұрыпталады және қайта құрылады. Әдеттегі іздеу-нәтиже сілтемелерімен қоса DuckDuckGo жүйесі іздеу нәтижесінің жоғары жағында тұратын, бір рет шертіп қол жеткізуге болатын ақпарат жолағы түріндегі тікелей «лезде қайтарылатын жауаптармен» қамтамасыз етеді. «Адам жауап іздейді, – дейді Вайнберг. – Біздің жұмысымыз – соны тауып беруге тырысу». Лезде қайтарылатын жауаптар мүмкіндігімен DuckDuckGo жүйесі «түймені бірнеше рет басып, мақсатыңызға жетуге көмектеседі».
Лезде қайтарылатын жауаптар мүмкіндігінің тиімді болғаны соншалық – оны Google мен Bing көшіріп алды. Мысалы, Google іздеу жүйесіне «давинчи», «ұлы қытай қорғанының ұзындығы» деп жазсаңыз, өзіңізге таныс көк түсті сілтемелермен қатар, Леонардо да Винчидің қысқаша өмірбаяны жазылған немесе Ұлы Қытай қорғанының ұзындығын (5500,3 миль) және басқа қызықты фактілерді көрсететін ақ жолақ пайда болады.
DuckDuckGo өзінің лезде қайтарылатын жауаптар мүмкіндігі әлдеқайда жақсы екенін айтады. Оның жауаптары үшінші тараптың дерек көзіне ғана сүйенбейді, оған жан-жақты әрі терең білімді, белсенді, саны артып келе жатқан ықыласты тұтынушылар мен әзірлеушілер қауымдастығы да үлес қосады. DuckDuckGo қауымдастығы іздеуде қосымша күшпен қамтамасыз етеді. DuckDuckGo пайдаланушылары Wikipedia стилінде жауаптар қандай болуы керегі туралы идеяларды, дереккөздерді ұсынады және тіпті өзі де жауап әзірлейді. «DuckDuckGo – қауымдастық басқаратын іздеу жүйесі болғандықтан, сен де біздің командадасың! Біз жай ғана серверлер мен алгоритм емеспіз. Біз одан да ауқымды дүние ұсынамыз», – дейді компания.
DuckDuckGo лезде қайтарылатын жауаптар мүмкіндігін Google компаниясынан бұрын жасағанымен, оған Google компаниясының жауап қайтаруы әдеттегі ниша мәселесін меңзеп тұр. Нарық көшбасшыларының қолында әдетте қомақты ресурс болады және олар стартап компаниялардың ең танымал функцияларын жылдам көшіре алады. «Кез келген сәтте әлемдегі Google немесе Facebook, Apple сияқты алпауыттар қол жетпеген арманыңызды техника тарихы қоқыс жәшігіне тастап, өзіңізді өзгешелеген нәрсені көшіріп ала алады», –дейді бір эксперт.
Қуантарлығы, DuckDuckGo үшін әлемдегі Google сияқты алпауыттар көшіріп ала алмайтын бір ерекшелік бар. Бұл – шынайы құпиялық. Google-дің барлық моделі тұтынушылар үшін толық дербестендіру және жарнама берушілер үшін мінез-құлыққа бағдарланған маркетинг негізінде құрылған. Бұл қолданушылар мен олар іздеген ақпарат туралы дерек жинау мен бөлісуді қажет етеді. Google жүйесі көмегімен іздегенде компания сенің кім екенің, не іздегенің және қашан іздегенің туралы ақпаратты толық біледі, әрі сақтайды. Одан кейін ол сіздің онлайн дербес мәліметіңіз бен дерегіңізді өз қызметіне біріктіреді.
DuckDuckGo, керісінше, өзінің бәсекелестеріне қарағанда мәжбүрлі болмайтын және қорқыныш тудырмайтындай етіп арнайы әзірленген. DuckDuckGo сіздің кім екеніңізді білмейді. Ол пайдаланушының IP-адресін тіркемейді және адамдардың белгілі бір уақыт аралығындағы және басқа онлайн орындарда бақылайтын cookies файлдарын пайдаланбайды. Қолданушыларда аккаунт жоқ. Шын мәніне келсек, DuckDuckGo қолданушының іздеу журналын сақтамайды. Ең маңыздысы сол – қолданушылар DuckDuckGo іздеу нәтижесінің сілтемелерін басқанда сілтемедегі веб-сайттар іздеу жүйесі шығаратын еш ақпаратты ала алмайды. Құпиялықты қорғаушының айтуынша: «DuckDuckGo – артыңыздан Сэм ағай (АҚШ-тың адам ретіндегі бейнесін осылай атайды) не басқа біреулер үшін дерек қалдырмай, интернетте іздеуге мүмкіндік беретін сенімді іздеу жүйесі. …Сіз кіретін сайттар сақталады».
Осылайша DuckDuckGo интернетте құпиялығын сақтағысы келетін адамдар үшін қолайлы іздеу жүйесіне айналды және бұл топ жылдам өсіп келеді. Вайнбергтің айтуынша: «Адамдардың іздеу журналы – құпиялықты қажет ететін жеке дүниесі. Нені жариялауға болатынын таңдайтын Facebook желісіне қарағанда іздеу жүйесінде адамдар медициналық және қаржы мәселелерін және басқа да көп нәрсені жазады». Қазір көп адам өзінің іздеу журналының құпиялық шарттары туралы ойланады. DuckDuckGo бастапқыда құпиялық позициясы туралы Вайнберг айтқандай: «Сол кезде бұл ерекше болды. Бірақ қазір адамдар өзін бақылағанды қаламайтыны анық».
DuckDuckGo пайданы қайдан алады? Өткен жылы Google компаниясы өзінің 74,5 млрд $ табысының 90%-ын іздеу жүйесінде көрсетілетін жарнамадан тапты және осы бизнестің басым бөлігі DuckDuckGo пайдаланбайтын ауқымды, іздеуге таргеттелген жарнамаға негізделді. Алайда шағын DuckDuckGo қолданушыларды бақыламай-ақ пайда таба алады. Ол жай ғана Google бизнестерінің басқа тұсына, яғни іздеу тақырыбына негізделген контекст жарнама ұсынуға назар аударады. DuckDuckGo қолданушы іздеген тақырыпқа қатысты кілт сөздерге төлеген өндірушілер мен бөлшек сауда жарнамасы мен сілтемелерін ұсынады.
Осылайша DuckDuckGo көп жағдайда Google сынды алпауытқа қарсы шыға алатын жеңімпаз. Бірақ DuckDuckGo алпауытпен бетпе-бет күреске шықпайды. Ол өзінің әлемнің Google және Bing сияқты алпауыттарымен бәсекелесе алмайтынын біледі, тіпті оған ұмтылмайды. Сонымен, онлайн іздеу жүйесі нарығының шағын бұрышында DuckDuckGo қалыптастыра білген тұтынушылармен өзара әрекеттестік және олардың ықыластылық деңгейін ескере отырып, Google және басқа алпауыттар дерегін құпия сақтағысы келетін қолданушылар үшін DuckDuckGo жүйесімен бәсекелесу қиын болатынын түсінеді. Қазіргі кезде сайтқа кірушілерді қайталап санамайтын unique monthly visitors көрсеткіші бойынша DuckDuckGo – елдегі ең танымал 11 іздеу жүйесі. Құпиялықтың маңызы артқан сайын DuckDuckGo өсе түседі.
Осыдан нишалық маркетинг не екенін көруге болады: ірі әрі көп ресурсқа ие бәсекелестер бұза алмайтын брендпен арадағы мағыналы қарым-қатынас арқылы таргет тұтынушылар қауымдастығымен әрекеттесетін айқын анықталған бренд. Эксперттің айтуынша, нишаны тапқырлықпен пайдалану DuckDuckGo жүйесін «Google жүйесінің ең шағын, қаһарлы бәсекелесіне» айналдырды. «Біздің болашақтағы ұмтылған бейнеміз қарапайым, – дейді DuckDuckGo. – Қолданушыны бақыламай, оған іздеудің үздік нәтижесін тауып беру».
Котлер Филип, Армстронг Гари
«Маркетинг негіздері»,
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітап