Жаңалық Редакция таңдауы

Дүние жүзінен жиналған қазақтар «Отандастар» форумында бас қосты

Елордада ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Отандастар» форумы өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: СІМ

Осымен екінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға 30-дан астам елден 200-ге жуық шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, қоғам белсенділері және ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері келді. Жиынға сондай-ақ еліміздің бірқатар мемлекеттік ұйымдарының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастықтың мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Форумға жолдаған құттықтау сөзін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алқалы жиынның ресми ашылу салтанатында оқып берді. Президенттің айтуынша, құрылтайда ата-бабаларымыз мемлекеттік мәселелерді әрдайым шешіп келді, мұндай кездесулер жақсы үрдіс болды және дүние жүзіндегі этникалық қазақтар арасында жан-жақты байланыстарды дамыту маңызды.

Форум барысында кездесуге қатысушылар тілге, ұлттық бірегейлікке және шетелдегі қазақтарды қолдауға байланысты мәселелерді талқылады.

Отандастар форумының пленарлық сессиясында сөз алған белгілі қандастарымыз жиынның маңыздылығына тоқталып, шетелдегі қазақ ұйымдары мен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастық орнатудың өзектілігін атап өтті. Атап айтқанда, Қытай және Қазақстанның құрметті жазушысы Әкбар Мәжит, Моңғолиядан келген Ұлттық ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпар, «A-studio» продюсері Байғали Серкебаев, Францияның Крей қаласы мэрінің орынбасары Ешим Саваш, Өзбекстан Парламентінің экс-депутаты, саясаткер Расул Көшербаев, АҚШ-тың Google компаниясында қызмет атқаратын жерлесіміз Арай Сабыржан сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар Форум аясында «Ел дамуында қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «Медиа және заманауи трендтер», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» атты панелдік сессиялары өтті.

Шараның соңғы «Тайқазан» сессиясында «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы форумды қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button