Дүниежүзілік гимназиада: Қазақстандық оқушылар нешінші орында?
Қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік гимназиадада 85 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 32 күміс және 21 қола. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз Facebook парақшасында бөлісті.
Еліміздің құрамасы жалпы қорытындыда 3-орынға тұрақтап, үздік үштікке енді. Турнир кестесінде алтын және күміс медальдар саны бойынша Қазақстан 3-орында, ал қола медаль саны бойынша 5-орында.
Оқушылар таеквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, семсерлесу, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, садақ ату, бокс, грек-рим күресі, әйелдер күресі және регби сияқты спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен бірге ұлттық құраманың басшылығы қатысушыларға тағы 2 алтын медальды қайтарып беру үшін апелляция берді. Оқушылар арасындағы Дүниежүзілік спорттық олимпиада Францияның Нормандия қаласында өткен болатын.
Балаларымыз Гимназиадаға алғаш рет қатысса да, ел намысын лайықты дәрежеде қорғап, жоғары нәтижелер көрсете білді. Олар әлемнің 70 елінен келген 3,5 мың оқушымен бақ сынасты.