Жаңалық Редакция таңдауы

Дүниежүзілік ойындар жарысы өтіп жатыр

АҚШ-тың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі XI Дүниежүзілік ойындар жарысы өтіп жатыр. Төрткүл дүниенің бірнеше елінен келген 3500-ден астам атлет спорттың 34 түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының спортшылары да бар. АҚШ-қа аттанған 16 спортшымыз жарыс бағдарламасына енген спорттың 8 түрінен сынға түсуде.

Өткен аптада Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков Дүние­жүзілік ойындарына қаты­сатын Қазақстан делегациясын шығарып салу рәсіміне қатысты. Іс-шарада Самат Ерғалиев кикбоксингтен әлем чемпио­ны Шыңғысхан Тлемісовке Мемлекеттік туды табыстап, ел намысын қорғайтын барлық спортшыға сәттілік тіледі.

«Сіздер мұхиттың ар жағында өтетін жарыс­та Қазақстанның Көк туын биікте желбіретесіздер деп сенемін. Сіздердің әр жеңісіңіз жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлайды. Араларыңызда Дү­ние­жүзілік ойындарға бір­неше рет қатысқан спортшы бар. Сондықтан біз сіздерге зор сенім артамыз», – деді С.Ерғалиев.

Спортты дамыту дирекция­сының баспасөз қызметі тарат­қан ақпарат бойынша, АҚШ-та жалауы желбіреген әлемдік додаға ел құрамасының спортшылары кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг және WKF каратэден жүлделерді сарапқа салып жатыр. Жарыстың алғашқы аптасы аяқталмай жатып жерлестеріміз алғашқы алтынын олжалап үлгерді.

Каратэшілер бәсекесінде сын­ға түскен былтырғы Токио Олим­пиадасының қола жүл­дегері қазақстандық Софья Берульцева барлық қарсы­ласын қоғадай жапырып, 68 кило салмақта Дүниежүзі ойындарының чемпионы атанды. Жарыс барысында отандасымыз бес жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Тек бір кездесуінде ғана қарсыласымен тең түсті. Атап айтар болсақ, С.Берульцева алғашқы бәсекесінде каратэден былтырғы әлем чемпионы испаниялық Мария Торрес Гарсияпен тең түссе (7:7), кейінгі кезеңдерде америкалық Сиррус Линглды (1:4), чехиялық және тунистік қарсыласын (3:1) жеңді. Ал бас жүлде үшін өткен финалдық бәсекеде Софья Берульцеваның жолы алғашқы айналымдағы қарсыласы Мария Торрес Гарсиямен қайта түсіп, бұл жолғы бәсекеде жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетті – 7:1. Осы алтын медаль­дың арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте алтын алған 14 елдің қатарына қосылды.

Өкінішке қарай, ерлер арасындағы сайыста Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов жүлделі орыннан көріне алмады. 67 кило салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы айқасында алжирлік қарсыласын 5:2 есебімен жеңгенімен, екінші кездесуінде италиялық спортшысымен тең түсіп, соңғы жекпе-жегінде америкалық спортшыдан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бас­тап әр төрт жылда бір рет, Олим­пия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылып келеді. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі бұл спорт­тық жарыс тек Олимпиада бағ­дар­ламасына енбейтін спорт түрлерінен өткізілсе, бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері де қосыла бастады. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, шыңға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынып жатыр. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрлері биыл алғаш рет Дүниежүзілік ойындардың бағ­дарламасына енгізілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button