Жаңалық

Е.Қожағапанов: Спортты теңдей қаржыландырудың моделі әзірленді

Осы жылдың басты спорттық оқиғасы Токиода өткен 32-ші жазғы Олимпиада ойындары болды. Дүбірлі доданың аяқталуына орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов Ұлттық олимпиада комитеті мен бірлескен федерациялар жұмысы, спортшылардың дайындығына қатысты кейбір жағдайларға қатысты пікір білдіріп, өзгерістерді хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, «Спорт туралы» Заңға сәйкес Министрліктің Спорт комитеті мен Ұлттық олимпиада комитеті арасында мемлекеттік тапсырманы орындау бойынша тиісті келісім-шартқа қол қойылған. Оның шеңберінде Ұлттық олимпиадалық комитет 2018 жылдан бері қарай олимпиадалық спорт түрлері бойынша Ұлттық құраманы түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға дайындап келеді.

«Осы мемлекеттік тапсырманы іске асыруға 2021 жылы республикалық бюджеттен 15 жарым миллиардтан астам қаржы бөлінді», деген ол таңдаулы спорттың негізі ретінде бұқаралық спорт бағытына кеңірек тоқталып өтті.

Е. Қожағапановтың айтуынша, 2017 жылы спорт түрлері бойынша бюджеттік қаражаттың ашықтығы мен теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған Заңға «Спорттың рейтингі» ұғымы енгізілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі No 216 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы спорт түрлерінің рейтингі ережелеріне сәйкес жүргізілген рейтингтік рәсімнің нәтижелері бойынша алдағы екі жылға арналған басым спорт түрлерінің тізімі бекітілді. Бұл тізім спортқа бюджет қаражатын бөлу үшін негіз болып табылады.

«Рейтингтік көрсеткіштерді анықтаудың негізгі критерийлеріне мыналар жатады: спортшылардың жарыстардағы осы спорт түрінен спорттық жетістіктері, адами ресурстардың болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, осы спорт түрінің сипаттамаларының аймақтың климаттық жағдайына қатынасы», дейді ол. Осылайша, қазіргі уақытта республикалық деңгейде қаржылық ресурстарды объективті бөлуге кепілдік беретін спортты қаржыландырудың моделі жасалып отыр.

«Осының нәтижесінде спорт түрлері негізгі үш топқа бөлінеді. Біріншісі – дамыған спорт түрлері, екіншісі – жоғары әлеуетке ие спорт түрлері, үшіншісі – дамудың төмен әлеуетіне ие спорт түрлері. Осы арқылы, қазіргі кезде спортты қаржыландырудың моделі әзірленді. Бұл өз кезегінде республикалық деңгейде қаражатты объективті бөлуге кепілдік береді», деді спикер. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын орындау үшін бұрын кәсіби спорт клубтарын ұстауға бөлінген қаржылық ресурстарды қайта бағыттау, халықты дене шынықтыруға тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Енді кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер қойылды: футбол мен хоккейге 1,2 млрд теңгеден аспайды, басқа спорт түрлеріне – 450 млн теңгеден аспайды. Нәтижесінде республикада бұқаралық спортқа бөлінген бюджеттік қаражат көлемі – 16,6 млрд теңгені құрайды.

Бұдан бөлек вице-министр мемлекеттік тапсырыстарды енгізу арқылы 4-17 жас аралығындағы 77,5 мың балалар мен жасөспірімдерге спорт секциялары тегін негізде берілетінін, бірінші кезекті балалар спортын тиісті деңгейде дамытуға, сол арқылы жоғары спорттық жетістіктер көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button