Жаңалық

«ECO Pack»

27 қазан күні «Жасыл ел» еңбек жасақтарының Республикалық штабы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен Елорда тұрғындары және қала қонақтарына арналған «ECO Pack» экологиялық науқанын ұйымдастырды.

ECO Pack – бұл экологияның көкейкесті мәселелері мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудартуға бағытталған экологиялық науқан. Бұл науқанның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға құндылық ретіндегі қарым-қатынас орнату мен табиғат ресурстарын тиімді қолдануға назар аудару. Бұл жобаның аясында 700-ден 1000 жылға дейін ыдырайтын полиэтиленді пакеттер көп мәртелік эко-дорбаларға ауыстырылды.

«Биыл біз «ECO Pack» жобасын алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл экологиялық науқанды ұйымдастырудағы мақсатымыз – жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, қоқыстардың табиғатқа тигізетін зияны сынды экологиялық мәселелерге жұртшылықтың назарын аудару. Эко-дорбалар планетамыздың экологиясын жақсартуға көп үлес қосады. Полиэтиленді пакеттерге қарағанда, табиғи матадан жасалған эко-дорбалар бірнеше айдың ішінде ыдырап, топырақты органикамен байытады. Осы сынды экологиялық науқандар тек қана Елордамызда емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асып келеді», – дейді «Жасыл ел» еңбек жасақтары Республикалық штабының жетекшісі – Азамат Данияр.

ECO Pack науқаны блогерлер және қазақ эстрада жұлдыздары – Мирас Жүгінісов, Rick 04/07 қатысуымен өтетін концертпен сүйемелденді. Ұйымдастырушылар концерт барысында ойын ойнату және бағалы сыйлықтар тарату арқылы жұртшылықтың назарын экологиялық мәселелерге аударды.

Әлем елдерінің экологтары пластик пакеттердің зиянын алға тартып, бас тартуға үндеп келеді. Полиэтиленді пакеттердің өндірісіне бүкіләлемдік мұнай өндірісінің 4%-ы жұмсалады.Жыл сайын триллион тонна полиэтилен қоқыс полигонына аттанып, жер ананы улы қалдықтарымен нәрлендіруде. Жеңіл болғандықтан пластик дорбалар желдің арқасында өзен мен көлдерді, ормандар мен тауларды ластап жатыр. Пластик жолда, парктерде және жағажайлардағы қоқыстардың 80%-ын және мұхиттардағы қалқып жүрген қоқыстардың 90%-ын құрайды. Тонна пластиктер Тынық мұхитына тап болады. Мұхиттың әрбір шаршы метрінде 46000-нан астам пластик табылған. Полиэтилен дорбалар – сан мыңдаған құстар мен балықтардың қырылуына себеп болып отыр. Көз тартарлық қаптаманы олар тағам деп қабылдап, жұтып қояды. Улы қалдықтар олардың жаппай қырылуына немес жапа шегуіне әкеліп отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button