Екі қазақстандық спортшы азиялық үздік боксшылардың ондығына ілінді
Asianboxing.info сайты азиялық боксшылар арасындағы ең үздік ондықты атады. Оның ішінде екі қазақстандық боксшы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Үздік ондыққа жақында ғана кәсіби рингте дебют жасаған Тұрсынбай Құлахмет (1-0, 1 КО) пен Бек Нұрмағанбет (1-0, 1 КО) енді.
Құлахмет өзінің кәсіби мансабын 23 тамызда бастады. Ол төртінші раундта өзінің отандасы Сағадат Рахманқұловты (6-2, 4 КО) жеңген болатын. Тұрсынбайдың келесі жекпе-жегі 11 қарашада британдық Маколей Макгоуэнмен (14-0-1, 3 КО) болады.
Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы алғашқы ойынын 26 шілде күні өткізген еді. Ол мажарстандық Тамаша Ласканы (19-23-1, 10 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберген болатын. Бектің екінші жекпе-жегі 31 қазанға жоспарланған. Оның қарсыласы -танзаниялық боксшы Абдалла Паззи (28-7-1, 25 КО).