«Ел бақытын тербеткен – тәуелсіздік!»
Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған «Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараны өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары, еңбек азаматтары мен қала тұрғындары тамашалады.
Салтанатты жиынға қатысқан қала басшысы Е. Айтаханов барша жұртшылықты еліміздің Егемендік алған күнімен құттықтап, даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қазақстандықтар қуатты халық екенін атап өтті.
«1991 жылы 16 желтоқсанда біз Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуелетіп, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгеміз енгізіліп, Атазаңымыз қабылданды. Қарулы күштеріміз құрылып, Шекарамыз белгіленді. Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз. Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз», – деді әкім құттықтау сөзінде.
Тәуелсіздік күніне орай адам өмірін сақтап қалған шымкенттіктер ерекше құрметке бөленді. Жиында 11 жасар баланың өміріне төнген қауіптен аман алып қалған зейнеткер Оразкүл Айтжанова ҚР Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталса, мүгедектердің мүддесі мен қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін «Сынақ» мүгедектер қоғамдық бірлестіктер қорының төрағасы Мұрат Жетпісбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек мерекелік жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 39 азаматы ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Тәуелсіздік күні мерекесінде ардагерлер де құрметке бөленді. Тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай қаламыздың ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген қарттарды марапаттады.
Қаламыздың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай, ұдайы игі бастамалардың бел ортасында жүрген аға буынның еңбегі ерен екенін айтқан қала басшысы егеменді ел болып қалыптасудағы еңбектерін айрықша бағалайтынын жеткізді.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлері сынды қаламыздың 300-ге жуық ардагері мерекелік дастархан басында Тәуелсіздікке дейінгі өмірлерін еске алып, бүгінде ұрпағымыз бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүріп жатқандарын айтты. Егемендік алу жолындағы Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың еңбегінің орасан екенін тілге тиек етті
.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі