Ел намысын қорғап жүрген азаматтардың бүгінгі жетістіктері

Бүгінгі күні туризм және спорт министрлігі ұлттық құрамалардың дайындық деңгейін арттыру басты міндет екенін айтуда. Алдымызда әлемнің 205 елінен 10 мыңға жуық спортшының қатысуымен 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынатын Париж олимпиадасы жақындап келеді. Аталған додаға біздің елден ұлттық құрама командалары қатысады. Олар спорттың 20 түрі бойынша бақ сынауға ниетті, деп хабарлайды Ruh.kz.
Министрліктің ақпаратынша, қазіргі таңда ел қоржынында 2024 жылғы Париж олимпиадасының 17 лицензиясы бар. Бұл спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс тағы басқа). Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Париж олимпиадасына 226 күн қалғанын және барлық күш-жігерді салу қажеттігін айтты.
Дегенмен қазіргі таңда дзюдодан ұлттық құраманың нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Оны соңғы додалардан байқауға болады. Франциядан келген үш маман дайындық әдістемелерін алып келіп, Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына екі жылдай уақыт өткен.
Кешегі Токиода өткен Grand Slam-ның нәтижесі өте нашар деуге болады. Әлемдік қатарлас мемлекеттердің дзюдо ережесіне сай бүгінгі спортшыларымыздың татамидің үстіндегі тәсілдеріне қарап, шынымен өте көңіліміз түсіп отыр. Соған қарамастан, біздің бірнеше салмақ дәрежесі бойынша үмітіміз әлі де бар. Қазіргі кезде 60 келі салмақ бойынша Азия ойындарында өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин спортшымыз жарақат алып қалды. Бүгінгі күні жарақатына операция жасалады. Қайтадан қатарға қосылатын болады. Жалпы 60 кг салмақта үш спортшымыз олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин. Одан бөлек әлем чемпионатының қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова бар. Бүгінгі күні рейтингте қай спортшы алда болады сол олимпиадаға барады, – дейді спорт комитетінің басшысы.
Ербол Мырзабосынов осы жарыстардан кейін аналитика жасап, іштегі бар жаттықтырушылармен ғылыми топ құрып, осы проблемаларды анықтаймыз деп отыр.
Бүгінгі күні федерация тарапынанан берген ұсыныстары бойынша министрлік толық қолдау берген болатын. Осы мәселелерді анықтап, алдағы жарыстарға дайындалып, спортшылармен дұрыс жоғары нәтижемен келуіміз керек, – дейді ол.
Биыл Қазақстан әйелдер құрамасы ерлерге қарағанда жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен ел қоржынына Азияданың алғашқы жүлдесін түсірген дзюдошы Әбиба Әбужақынова Ханчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалда жапондық Натсуми Тсунодомен кездесіп, есе жіберген болатын.
Одан соң аталмыш жарыста Мағжан Шамшадин қола медальді қанжығасына байлады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы үшінші орынға талас кезінде тәжікстандық Мерзода Суфиевті жеңіп, ел қоржынына екінші медаль түсірген еді.
Бұдан өзге қазақстандық дзюдошы Кәмила Берліқаш Әбу-Дабиде өткен әлемдік Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды. Ол финалда португалиялық Рошель Нуньеспен кездесіп, қарсыласына иппон әдісімен жол берді.
Айта кетсек, БАӘ-ның Әбу-Даби қаласында өткен Grand Slam жарысына еліміздің атынан 21 спортшы барған болатын. Алайда Кәмила Берліқаштан басқа спортшылар жеңіс тұғырынан көріне алмай қайтты.
Спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы мұның бәрі әйелдер дзюдосының ақырындап дамып келе жатқанын көрсетеді деп отыр.
Қазақ дзюдошылары 2023 жылы әлемдік Grand Slam, Grand Prix және Азия ойындарынан барлығы 27 медаль жеңіп алды. Grand Slam бәсекелерінде 1 алтын, 5 күміс, 11 қола. Grand Prix де 1 алтын, 2 күміс, 2 қола. Ал Азия ойындарында 1 күміс, 4 қола медаль иеленді. Тарихта тұңғыш рет қазақтың екі қызы Grand Prix жарысырың финалында өнер көрсетті. Қазақ қыздары Азия ойындары мен Grand Slam жарыстарының финалында күресті. Қазақстандағы әйелдер дзюдосы ақырындап дамып келе жатқандығын көрсетеді. Ал ерлер құрамасы өкінішке қарай болып тұр, – деді ол.
Сондай-ақ спорт сарапшысы биылғы жылы дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының нәтижесі көңіл көншітпегенін айтты.
Әлем чемпионатында біреуі де медаль ала алмады. Азия ойындарында да айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, 3 қола медаль ғана иеленді. Әлемдік Grand Slam, Grand Prix жарыстарындағы нәтижелері төмен болды. Бұл дзюдоға дұрыс жүйе қойылмағанның салдары деп ойлаймын. Ескі тәсіл, өзгермеген жүйе осындай нәтиже беруде. Құрамада резерв жоқ, бәсекелес жағы төмен. Бұрын тек Елдос Сметовқа сеніп келді. Бұған дейін Елдос Сметов талай жыл құраманы жалғыз өзі сүйреді. Қазір ол спортшы бұрынғыдай емес, деңгейі түсіп кеткен. Биыл бірде-бір жүлде ала алмады. Құрамада өсіп келе жатқан жас дзюдошылар жоқ емес бар. Бірақ оларға жоғары нәтиже көрсету уақыт керек, – дейді ол.
Француз мамандарының келуінен айтарлықтай пайда болмай тұрғанын айтты. Мүмкін алдағы уақытта бір нәтижесін берер. Мұның бәрі уақыт еншісінде деп отыр.
Біздің жігіттер функцияналдық және физикалық тұрғыда нашар. Тез шаршап қалады. Негізгі мәселе – құрамада дәрігер мен фармацевтің жоқтығында. Қазір әлемде спортшының физикалық-психологиялық қабілетіне емес, спорттық медицина мен ғылымның жетістіктеріне сүйенеді. Құрамада спорттық дәрігер тапшы. Спорт психологы да жоқтың қасы. Дзюдо деген тұнып тұрған «ғылым». Бізде ғылыми тұрғыда жолға қойылмаған. Бұл мәселені федерация жақсы түсініп отыр. Уақыт өте тығыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Сондықтан бұл мәселені тез арада қолға алу қажет, – деді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.
Министрлік енді халықаралық спорт ұйымдарында қазақстандық мамандардың өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыстарды күшейітпек. Өйткені олимпиадалық спорт түрлері бойынша 128 федерацияның 20-сы ғана халықаралық аренада өкілдіктерге ие екен.
Амангүл Тілейқызы