Жаңалық Редакция таңдауы Сұхбат

Ел шырт ұйқыда жатқанда еңбек еткен жан

Ел шырт ұйқыда жатқанда тер төгіп жүрген Гүлзат Ахметова – біздің айдарымыздың бүгінгі кейіпкері. Ол – қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығынан тайсалмай, еңбек майданында шыныққан жан. Гүлзат Ахметова 14 жылдан бері «Астана тазалық» мекемесінде қызмет етеді. Жұмыс күні таңғы 5-те басталатын жол жұмысшысымен бірге бір күнді өткізіп, сырласқан едік.

Қолайсыз ауа райымен алысып еңбек етсе де, әр сәттен жылт еткен жақсылық көре білетін  біздің кейіпкеріміз өзінің елгезектігімен тәнті етті.

Жұмыс қызып кетпей тұрғанда, аз-кем әңгімелесіп үлгердік. Гүлзат ханыммен бірге Тәуелсіздік сарайы маңындағы саябаққа келдік. Жылы жерге үйренген біз үшін далада сұхбаттасқан оңай болмады. Күздің қара суығы өңмеңімізден өтіп, бір сағат өтпестен тоңа бастадық. Бірақ біздің кейіпкерімізден мұны байқамадық. 

– Халықпен жұмыс істеу оңай   емес. Оның сөзінше, біреу еңбегіңді бағалайды, енді біреу қоқыс шашып кетеді. Реніш туындайтын кездер болып тұра ма?

– Қақаған қыстың суығында қар тазалап жатқанымызға қарап, аяп тұратын кездері болады. Біз жұмысымыз қиын деп, салымыз суға кетіп жүрмейміз. Жұмыс істеп жүргенде қиындығын ұмытып кетеміз. Бірақ адам болған соң кейде біреу көз алдыңда қоқысты жерге тастап бара жатқанын көресің. Мұндайда көңіліңе кірбің түседі. Әттеген-айы қала тұрғындары тарапынан сыйластық пен құрмет жетіспейді. Жанашырлық таныту – жақсылықтың белгісі. Осы сәтті пайдаланып Астана қаласының тұрғындарына үндеу жолдағым келеді. Бір-біріміздің еңбегімізді сыйлай білейік. Енді ғана жинап болып, бригадирмен бірге қайта өткенде, қоқыстар шашылып жатады. Еткен еңбегің еш кеткендей болады. Кейбір бригадирлер жинамады деп ойлауы мүмкін. Күн сайын осы аймақты 3-4 рет айналып шығамын. Әр айналымда көшедегі шашылып жатқан қоқыстар алдымыздан мен мұндалап шығады. «Біздің де еңбегімізді бағаласыңыздар екен. Қоқыс тастамаңыздар!» деп айтып та жүрміз. Кейбірі түсініп, қоқыс жәшігіне салып жатады.

– Жалақыларыңыз қалай?

– 180 мың теңге жалақы аламыз.

– Күн көріске жете ме?

– Жетсе де, жетпесе де басқа таңдау жоқ қой. Ауылда қаншама адам жұмыс таппай жүр. Тапқан күннің өзінде жалақысы мардымсыз. 180 мың теңге оның қасында қомақты сома. Қайта біздің жұмысымыз бар. Сондықтан көтерілсе жақсы болар еді дейміз де қоямыз.

– Алдағы уақытта ақша қосылады деп айтып жатыр ма?

– Көтеріледі деп айтады. Бірақ нақты мұнша сома қосылады деп айтып жатқан жоқ.

– Қыстың қақаған аязында далада жұмыс істеу қиын емес пе? Тоңып, қиналып қалатын кездеріңіз бола ма?

– Қиындығы бар. Күн аязда, боранда, жаңбырдың астында жұмыс істей береміз. Кейде қар жолды жауып қалып, үйге де жете алмай қаламыз. Бала-шағыңның қасында болғың келеді. Бірақ оларды асырау оңай емес. Маңдай термен нан тауып жүргенімізге шүкірлік етеміз. Балаларымды осы жұмысымның арқасында жолдасымның бір жағына шығып, еңбек қылып жеткізіп жатырмыз. Құдайдың берген екі қыз, бір ұлым бар. Қыздарымды құтты орнына қондырдым. Ұлым қазір Көкшетауда білім алып жүр. Болашақ ұстаз. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін болады. Ұлым оқуын бітірген соң, өзім асыраймын деп бізді қуантып қояды. Жолдасыммен күні кешеге дейін осы мекемеде бірге істедік. Қазір ол ауылда мал бағады, – деді кейіпкеріміз ақтарылып.

– Қала тазалығын сақтау көп адам үшін қарапайым ғана жұмыс, күн көріс қамы болып көрінгенімен, қызығы мен шыжығы да жоқ емес.  Мәселен, таңның 3-те ұйқыдан ояну қиын емес пе?

– «Жұмысты таңғы бесте бастаймыз. Дер уақытында жұмыс орнында болу үшін 3-те ұйқыдан оянамын. Мен жұмысқа Қарағанды облысы Нұра ауданы Көбетей ауылынан қатынаймын. 80 шақырым жерден келемін. Бір жақсысы автобуспен өздері алып кетеді. 3:30-да автобусқа отырамыз. Таңғы 5-те жұмысымыз басталады», – деді ол.

Сұхбаттасқан Бақытжан Отарбаева

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button