Еламан Қабділәшім: Өнер – ұлттың жаны, ұлылығының айнасы
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп бекітіп еді. Жастар жылында жастармен ой алмасып, сұқбаттасып көрдік.
Назарларыңызға Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы, болашағынан зор үміт күттіретін жас ақын Еламан Қабділәшіммен өрбіген әңгімені ұсынып отырмыз.
Жас ақын, республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың жеңімпазы Еламан Қабділәшім
Еламан – қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең танымал жаңа есімдердің бірі. Арналы әдебиетіміздің алдыңғы толқын ағалары жас ақынның қадамына ізгі ниет білдіріп, ақ батасын берген ді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскер өмірін жырлаған бозбала бүгінде туған өлкесіне оралып, Керекудің кереметі болған Баянауылдың мәдени дамуына өз үлесін қосып жүр…
Ruh.kz: «Жастар жылының» сіз үшін маңызы қандай?
Еламан Қабділәшім: Жастар жылы – ұлы істер мен үлкен жетістіктерге, тек жарқын істерге бастау жылы болса екен деп тілек білдірген едік, «Жыл – жастардыкі» деген уақытта. Әлеуметтік желіде көп талқыланған бұл бастаманы әркім өзінше қабылдап, өзінше пікір білдірді. Солардың бірі: «Жастарға жылды емес, мүмкіндік пен орынды беру керек» деген сөз еді. Ауылдық жерде, аудандық басылымда жұмыс жасағаннан кейін өз көзіммен көріп жүрген жайттар төңірегінде сөйлейін…
Жақында ауданымызда жас мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Өзін-өзі басқару күні» ұйымдастырылды. Мақсат – жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Жұмыс бабымен барғаннан соң тек сырттай ғана бақыладым. Түйгенім, жастар әлі де мемлекеттік қызметке, билікке, саясатқа сенімсіздікпен қарайды. «Аз ғана жалақыға акиматтың жұмысын істегенше, мал өсіріп, кәсіп қылғаным артық», – деген де ой айтылды ол жерде. Бұл – халықтың билікке деген көзқарасын аңғартып қалды. Шындығында солай екені көпке мәлім еді. Дегенмен сол жиында ұққаным, мемлекеттік қызмет жастарға мұқтаж екен. Қызметке қызыққан жастарға емес, мемлекетке қызмет етітін жастарға мұқтаж екен.
Жоғарыда айтқан пікіріме қайта оралсам. Билікке келуге жастарға мүмкіндік берілеп отыр. Енді сол орынды алудан бұрын, сол орында лайықты қызмет етуді ойлау керек. Қателіке жол бермеуді ойлауы керек. Аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңес беріп, бағыттап отыруы дұрыс, әрине. Тек кейінгі буынның көзқарасын, пікіріп, ойын өз көзқарасына айналдырып жібермеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жастарға ағалардың көлеңкесі түспесе, ешкім бізді өз мүддесі үшін пайдаланбаса екен.
Жастар жылының маңызы, мен үшін осында. Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын. Ол мүмкіндіктер – жастардың баспаналы болуы, жұмыспен қамтылуы, кәсібін дөңгелетуі, жан-тәнімен қалайтын іспен айналысуы, қоғамға пайдасын тигізуі және шын мәнінде рухани жаңғыруы. Тек, әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы айтпақшы, «Рухани жаңғыру» аясында жасалғандай шырша шамын жағып, сенбіліктер ұйымдастырып, флеш-моб билеп кетпесек болғаны.
Ruh.kz: «Қазіргі жастар…» деп басталатын шағым сөздер жетерлік. Сіздің ойыңызша қазіргі жастар қандай?
Еламан Қабділәшім: Қазіргі жастар – менің замандастарым. Менің пікірлестерім. Шынын айту керек, сол замандастарыммен ойымыз, пікіріміз, мүддеміз бір жерден шыға бермейді. Бұл жақсы да шығар?! Бірақ көп жағдайда бұл мені қынжылтады.
Қазір жастардың қалауы, қызығушылығы, хоббиі әртүрлі. Белгілі бір іспен айналысатын жастар өзге шаруаға мойын бұрғысы келмейді. Ал, енді біреулері әмбебап болуға құштар. Бұл екеуінің де кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Біріншілері тек табыс деп, танымалдылық деп, жарнама деп жүгіріп жүр. Олар үшін үлкеннің ақылы, сырт көздің пікірі, тіпті тіл, діл, мәдениет деген ұғымдар жоқ секілді. Ал, екіншілері аздап бишілікке, аздап әншілікке, аздап спортқа, аздап кәсіпкерлікке, аздап режиссерлікке, тағы басқа салаларға машықтанған. Белгілі бір кәсіпті толық меңгермеген. Бір сөзбен айтқанда – өз-өздерін әлі де таба алмай жүргендер. Бәлкім, бұл ойым қате де шығар?! Мен көргенімді немесе маған көрінгенді ғана айтып отырмын.
Менің ұстанымым, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын». Әркім өз ісінің шебері һәм маманы болуға ұмтылғаны жөн. Және ол талпыныстың түп-төркінінде қазаққа қызмет ету, ұлтты сүю жатса болды.
Қазіргі жастар қандай?, – десеңіз, олар ізденгіш, талаптанғыш. Тек олардың әрқайсы өз беттерінше, өз білгендерінше, өз қалауларынша әрекет етіп келеді. Соған бейімделіп қалды.
“Сарбаз күнделігін” жазған ақын
Ruh.kz: «Жастар жылында» қандай шаралардың ұйымдастырылғанын қалайсыз? Не үшін?
Еламан Қабділәшім: Мен әдеби-мәдени шаралардың қатардан қалмауын сұрар едім. Себебі өнер – ұлттың жаны, ұлылығының айнасы. Ондай шараларға ақша шашудың қажеті не, онсыз да көп өтіп жатыр емес пе?!, – деп қарсы уәж айтушылар да табылар. Бірақ, бұндай шараларда ауыл-аймақтардағы жастарға көп көңіл бөлінгенін қалаймын. Сонда ғана астана мен провинция арасында тығыз байланыс орнар еді.
Менің есіме былтырғы жылы Елордасында өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІҮ съезі түсіп отыр. Жастар саясатын жүзеге асыруға арналған сол аса зор маңызға ие дүбірлі жиынға барып-келгеннен кейін әлеуметтік желіде «Менің ұсынысым не болды?» деп өз ой-пікірімді білдерген едім. Сол ойымды қайта ортаға салғым келеді:
«Жас Отан» жастар қанатының ІҮ съезіне қатысу мәртебесі бұйырды маған. Гала-форумда «Жас Отан» жастар қанатының «Сана» бағытының үйлестірушісі Әйгерім Серікжанова бірінші күні әр сессияда айтылған ұтымды пікірлер мен ұсыныстарды көпшіліктің назарына ұсынды. Соның нәтижесінде Жасотандықтардың ұйымның дамуы мен еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысуы жөніндегі стратегиялық міндеттер көрсетілген «Жаңа әлемге жол саламыз» атты құжат қабылданды.
Демек, бұл құжат жастар саясатын іске асыруға ықпал ететін басты фактор. Жастардың қоғамдағы орны мен беделін айқындап беретін құжат.
Сессия жұмысында мен «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиевтің «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесінің мүшесі болғанына қарсылық танытқан ақтөбелік досымның сөзін қоштап едім.
Мәулен Сағатханұлы айтқандай, «Рухани жаңғыру» – сананың ашықтығы. Ал сананың ашықтығы «Шымкенттің қыздары зың-зың» деген дүние емес қой?! Ұлдарымыздың қыздар секілді киініп, шашын бояп, құлақтарын тесіп сырға салуы, қыздарымыздың етектерінің қысқаруы, қоқыс жәшігіне айналған әлеуметтік желідегі белден төмен жазбалары мен бейнероликтерін жариялау емес қой?! Сөз қадірін кетіру емес қой?!
Сондықтан да мен «Рухани жаңғыру» сессиясына қатысушы жастардың атынан ертең қабылданатын құжатта өнерге бет бұрған жастарды жөнге салатын пунктың болуын сұраймын. Әйтпесе, «91» секілді топтардың әншілігін, биін, танымалдығын,қызғанып жатқан жоқпын. Тек, сөз қадірін кетірмесе екен деймін. Өз қадірлері турасында өздері біледі. «Рухани жаңғыру» сананың ашықтығы, ойдың еркіндігі, сөздің бостандығы болса, ойдың ашықтығы таяздық пен төмендік емес, тереңдік пен асқақтық.
Ертең осы ұсыныстарыңызды талқылап, шешім шығаратын боламыз дегенімен, гала-форумда оқылған құжатта өнер мен өренің деңгейін көтеретін пункт болған жоқ. Орталық кеңес құрамында әдебиет өкілінің болмауы мені қатты қынжылтты.
Сонымен бірге, Орталық кеңес ықпалы бар ұйым деп білемін. Ертеңгі күні, «Рухани жаңғыру» аясында өтетін жұмыстарға мұрындық болатын да кеңес. Сол кезде «Ninety One-дық» стильдағы жұмыстар ауқымды атқарылып, өріс алып жатса, қайтпекпіз?!
Гала-форумда Дулат бауырымыз: «Рухани жаңғырудың негізгі көзі – өнер саласы. Рухани қордың қоректендіруші, салмақты құралының бірі – шоу бизнес. Қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе, онда біз қазақ тілін Q-POP жанрына ыңғайластыруымыз керек» деді.
Айналайын, бауырым! Өзің айтқандай рухани қорды қоректендіруші салмақты құрал – өнер. Тек, ол өнер – сырға таққан, шаш бояған, сөздің киесінен қорықпаған «Иглздардың» және тек танымалдылық үшін әнін емес тәнін жарнамалағандардың өнері емес. Құрманғазы мен Динадан, Ақан сері мен Жаяу Мұсадан, Сұлтанмахмұт пен Жұмекеннен қалған киелі өнер.
Ешкімге, ешқандай ұран тастағым келіп отырған жоқ. Тек, сананы жаңғыртуда сапалы жұмыстар күткен көңілімізді су сепкендей басқан осы жағдайға қынжылғаным болмаса…»
Осы пікір білдірілгеннен кейін әлеуметтік желіде көптеген талқылаулар жүрді. Менің ғана емес, мен секілді жүздеген жастың жүрегіне батқан бұл жиынның өткеніне бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде «Жас Отан» ұйымының дамуы мен еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысуы жөніндегі стратегиялық міндеттер көрсетілген «Жаңа әлемге жол саламыз» атты құжат қалай жұмыс жасады? Ол жағы маған беймәлім. Мүмкін, орталық кеңес құрамында бір жас әдебиетші және құжатта әдебиетке қатысты бір пункт болмағаннан кейін, мен күткен іс-шаралардың ұйымдастырылмайтынын білгеннен кейін кеңестің жұмысына назар салмаған болармын?! Бір білетінім Жастар жылының алдында жасалған осы алғашқы қадам көңілімізді көншітпеді.
Енді тек, алдан күтеріміз көп.
Ruh.kz: Сіз таңдаған мамандық, сіз істеп жүрген шаруаның ел үшін қандай маңызы бар деп ойлайсыз?
Еламан Қабділәшім: Менің негізгі мамандығым – кітапханашы. Бірақ, қазіргі уақытта аудандық басылымда журналистік қызметтемін. Газетіміздің екі мыңнан астам оқырманы бар. Басылым арқылы сол оқырман қауымға ауданымыздың жеткен жетістіктерін, аудан тұрғындары мен жастарының бағындырған белестерін, талантты да дарынды оқушыларымыздың алған асуларын сүйіншілей жеткізіп, айналадағы қауымды ынталандыруды, талаптандыруды, қоғам өмірінен тысқары қалмауға шақыруды басты мақсат етіп ұстанамыз. Газет бетіне шыққан ата-апаларымыз қуанып хабарласқанда, мақалалары басылған авторларымыз алғыстарын жаударғанда, оқушылар өздерінің шығармалары мен өлеңдерінің басылғанына шаттанғанын көргенде босқа тер төгіп жүрмегенімізге көз жеткізе түсеміз. Ал, кейде сынға ұшырап қаламыз, қарсы пікір де айтылып жатады.
Жеңіс тұғырынан…
Негізгі мамандығыма келер болсам, аудандық кітапханамен тығыз қарым-қатынастамын. Ондағы ұйымдастыру шараларына қолымнан келгенше атсалысып тұрамын. Ондағы басты мақсат – кітапхананың «Мешіттен соңғы киелі орын» екенін оқырман қауымға ұғындыра түсу.
Қазіргі қызметім, таңдаған мамандығым осы тұрғыдан алғанда ауыл халқы үшін зор маңызға ие деп ойлаймын.
Ruh.kz: Жастарға берілген мүмкіндіктерді толық пайдалана алып жүрсіз бе? Қалай?
Еламан Қабділәшім: Маған берілген бір мүмкіндік – аудандық басылымды басқару мүмкіндігі шығар. Осындай жауапты қызметті сеніп тапсырған ауыл ақсақалдары мен атқамінер азаматтарға алғысымды білдіремін. Өзімде бар мүмкіндікті пайдалануға деген талпыныс бар, ынта бар. Негізгі бағытым – жастардың бойындағы шығармашылық қабілетті ашу және оларды ынталдандыру. Ұжымымызбен осы үдеден шығу жолында біршама еңбек еттік деп ойлаймын. Әдеби байқаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастыру арқылы мектеп оқушыларына сапалы тәрбие беріп келеміз деген сенімдемін. Біздің басты мақсат – газет арқылы азамат тәрбиелеу.
Ruh.kz: Көңіліңіз толмайтын, өзгерту еңгізілсе дейтін мәселелеріңіз бар ма? Қандай өзгертудің еңгізілгенін қалайсыз?
Еламан Қабділәшім: Жақында облыс орталығында өткен бір жиынға қатыстым. Жиынның мақсаты – Елбасы есімін Астана қаласына беру туралы ұсынысқа қолдау көрсету. Жиында сөз алғандардың барлығы Елбасы еңбегіне лайықты баға беруге тырысты. Сөйлеушілердің көбі – жастар. Бәрі орынды. Тек менің көңілімді жабырқатқаны – «Болашақ» бағдарламасының түлегінің сөзі болды. «Шет елде Қазақстан десе, тек Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласын айтады. Әлем халқы бір-бірімен егіз ұғымға айналған осы екеуін ғана біледі», – деді ол. Жалпы, Елбасын ұлықтау – елдің болашаққа деген үлкен үміті деп білемін. Бұл үміт болашаққа жол салмақ ниеттен туған ұлы сенім. Бірақ, Шет елдіктердің тек «Нұрсұлтан Назарбаев» пен «Астананы» ғана білуі – мақтаныш па, абырой ма? Меніңше – жоқ! Әлем халқы біздің әншіміз бен актерімізді, ақынымыз бен жазушымызды, ғалымымыз бен спортшымызды, бізде ашылып жатқан ғылыми жаңалықтарды, жазылып жатқан шығармаларды, түсіріліп жатқан фильмдерді неге білмейді? «Айналайындар-ау! Олай «котегорияшыл» болмаңдаршы!», – дедім. Бірақ, іштей! Мен қалайтын өзгеріс жастардың пәс тартпауы, еңсесінің еңкіш болмауы!
Жас ақынның тұңғыш кітабы
Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханов бір сұхбатында Президент оркестріне жетекшілік етіп жүрген шағын еске алады. «Бірде Елбасы маған: «Иманжүсіптің әнін» айтшы», – деді. Елбасы сұрағасын ерекше шабытпен шалқыта орындадым. «Қыран едім, қор болдым торға түсіп, шығар ма ем аспаныңа бір күн ұшып. Жүз қатыны Қыпшақтың ұл тапса да, бірібір бола алмайды Иманжүсіп», – деген жеріне келгенде, Елбасы: «Бекболат, айналайын, тым «котегоричный» боласаңдаршы! «Бола алмайды» деген сөз «Енді ешқашан Иманжүсіптей ұл тумайды» деген сөз. Бізге ондай ерлер керек. «Сондықтан да, «Бәрі де бола бермес» деп орындашы, одан ештеңе өзгермейтін шығар?», – деді», – дейді Бекболат Тілеуханов. Кейін әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада Елбасының «Иманжүсіптің әнін» өзі де солай орындағанын көрдік. Елбасының бұл сөзі мен ойының астарында елі мен жері үшін қызмет қылар Иманжүсіптей қайратты, рухты, намысты ерлердің көп болуын тілеген тілегі жатқаны анық.
Ендеше, неге біз де Елбасыдай кемеңгер ұлдар көп болса екен деген үлкен арманды, ұлы мұратты айтпаймыз?!
Ruh.kz: Ойыңызды айтып, пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет айтамыз! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұлтан МҰСТАФИН,
Ruh.kz