Жаңалық

Елбасы. 15 жетістік.

Бұл жазғандарымыз Елбасының қолдауымен жеткен жетістіктеріміздің айтулысы ғана. Олардың барлығын толығымен біліп, тиісінше сезіне білу әрбір қазақстандықтың парызы. Мереке құтты болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

Ағымдағы жылы 19 наурызда Қазақстан халқы және әлем елдері елімізге қатысты маңызды шешімді естіп, куә болып, ол күн тарихта қалды. 30 жыл бойына тұтасымен бір елді, соның ішінде көп этностан құралған мемлекетті ауызбіршілік пен ынтымақтастықта басқарып отыру бір адамға жеңіл іс емес. Бәлкім, көпшілікке айтуға оңай да болар?!

79 жасында Президент ретіндегі соңғы жарлығына қол қойған Елбасы тарихи сәтіндегі қимастық сезімін төмендегіше жеткізген еді:

«Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес».

Халқына үндеу жариялай келе, Елбасы Қазақстанның 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналатынына зор сеніммен қарайтынын білдіріп, сөзінің соңын: «Бұл – менің президент ретінде қол қойған соңғы жарлығым» деп аяқтайды.

Осы сөздердің барлығын көгілдір экранның бетінде, тікелей эфир арқылы көріп отырған әрбір қазақстандық азаматтың жүрегі сол бір сәтте үлкен тербеліске түседі, іштей ерекше қимастық сезімін кешкені хақ. Не дегенмен Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның дамуы жолында жасаған еңбегі ерен. Осыдан 30 жыл бұрын бүкіл халық бірауыздан қолдап, дауыс беру нәтижесінде Елбасы Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланады. Сол кезеңдердің қандай ауыр, күрделі шақ болғанын үлкен кісілер арқылы көп естіп, біліп жүрміз. Оған дәлел: өткен ғасырдың аяғында еліміздің аумағында 130 кәсіпорынның жұмыс істеу қарқыны бір орында тоқтап қалып, 2 млн адам жұмыссыз қалған сәттерде көрші елдердің нарықтағы бағаны еркін айналымға жіберуінің әсерінен халық жағдайының мүлдем қиындап кеткені. Тұңғыш Президентіміз сондай уақытта қазақ елінің өзіне артқан үмітін ақтай білді, сеніміне сызат түсірмеді.

Ұлт көшбасшысы өзі ел басқарған жылдары еліміздің экономикасы 15 есе, халықтың табысы 9 есеге өскенін, кедейшілік 10 есеге азайғанын, сондай-ақ Қазақстан 2007-2012 жылғы қаржы дағдарысы кезінде қиындықтарға ешкімнің көмегінсіз төтеп бере алғанын өз сөзінде айтқан болатын. Бұдан әр қазақ не ұғынуы тиіс? Күнделікті күнкөріс деңгейі төмен болған мемлекетті 30 жылдың ішінде дамыған 50 елдің қатарына кіруіне айтарлықтай үлес қосып, халықтың әл-ауқатын жоғырылатып қана қоймай, әлем елдерінің арасында беделін арттырған ұлы тұлғаны әрдайым мадақтауға, ұмытпауға міндеттіміз.

Өздеріңіз білетіндей бүгін тұстас бір ел көлемінде ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі өз деңгейінде тойлануда. Мемлекет қайраткері, Елбасы туралы мақаламызға егемендік алған жылдар ішіндегі Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, ұйымдастырылған, атап өтілген, қазақ елі қол жеткізген ең ірі де игі бастамалар мен жетістіктер жайлы мәліметтерді порталымыздың оқырмандарына ұсынамыз. Мархабат!

1. Болашақ стипендиясы.

Болашақ – ҚР Тұңғыш Президентi, Елбасы Н. Назарбаевтың білім беру, сана-сезімді жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық бағдарлама. Ол 1993 жылғы 5 қарашада Елбасының қаулысымен тағайындалды. Аталған бағдарлама білім іздеп, биікке ұмтылған азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Дарынды жерлестеріміз білімдерін әлемнің ең үздік деген жоғары оқу орындарында жетілдіріп, туған жерге келіп, сол алған тәжірибелерімен бөлісе алды. Болашақ бағдарламасы арқылы әрбір қазақстандық тек шет тілінде білім алып, озық ұстаздардың дәрісін тыңдап қана қоймайды, олар жер көріп, саяхатшылықты сезіне алды. Ең алғаш рет еліміздің азаматтары аталған бағдарламамен оқуға 1994 жылы жіберілді. Ресми дерекке сәйкес, 1994-2004 жылдар аралығында «Болашақ» стипендиясы негізінде 785 студент әлемнің 13 елінде білім алған. Ал қазіргі күні олардың саны бірнеше есеге көбейді.

2. Қазақстан халқы ассамблеясы.

Ішіне 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін сыйдыра білген, береке мен бірлікті, татулықты ту еткен қазақ елі үшін Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы тарихи маңызды шешімдердің бірегейі еді. 1995 жылдың 1 наурызында Елбасының Жарлығымен құрылған ассамблея халқымызға және бүкіл дүние жүзі мемлекеттеріне бейбітшілік пен келісімді насихаттап, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық моделін паш етуде. Ассамблеяның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстан азаматтарының отансүйгіштік сезімдері одан әрі ұлғая түсіп, халықтар арасындағы достық пен бірлік нығайып келеді.

3. Нұр-Сұлтанға Рим папасы Иоанн Павел II келуі.

2001 жылы 16 желтоқсан күні барша қазақ жұрты Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Сол жылы еліміздің әр шетінде кең көлемдегі сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде ерекше есте қаларлық тарихи сәт – елордамызға Рим папасы Иоанн Павел II келуі еді.

4. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы.

2003 жылы сәуірде Елбасы халыққа арнаған кезекті жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау мақсатында құрылған бағдарлама тарихи жәдігерлерді, жалпыұлттық құндылықтарды сақтап тұруға бағытталған. Адамзатты рухани тұрғыда байытатын бағдарлама іс жүзінде орын ала бастағаннан соң, 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Барлығы 218 нысанды қамтитын Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін ерекше мәнге ие 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.

5. Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылуы.

2008 жылы Елбасы өзі бастап, ашылуына қолдау көрсеткен ерекше игі іс –Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылуы. Орталық ашылған күннен-ақ дәрігерлер ота жасауды бастады. Себебі денсаулық сақтау орны алдын ала дайын еді. Яғни ауруханадағы нейрохирургтардың барлығына министрлік үш айдан алты айға дейін АҚШ, Италия, Швейцария, Авс­трия, Германия, Израиль сынды мемлекеттердің үздік клиникаларынан тәжірибеден өтуге мүмкіндік сыйлап, оқып, біліктілігін арттырып қайтуға жіберді. Алғашында Алматы қаласынан 35 дәрігер бірге көшіп келген орталықта бұл күні 50 нейрохирург жұмыс істейді. Қазірде емханада 4000-ға жуық адам хирургиялық ем алып, 10 жыл ішінде 38 мыңға жуық науқас емделген. Тіпті ем-дом алатын науқастардың арасында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай секілді мемлекеттерден келетін азаматтармен қатар, алыс шет елдерден келетіндер де бар. Біздің министрлік жылына тек 6-7 адамға ғана шетелде емделуге квота беретін. Ал бүгінде ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігелері бір жылда 700-ге таяу ота жасайды. Бұрындары 6-7 адам ғана квотамен емделу мүмкіндігіне ие болса, бүгінгі таңда 700 адам атамекеннен жыраққа шықпай-ақ тегін ем­делуде. Сондай-ақ тұтынушылар үшін тағы бір жақсы жаңалық: ауруханаға 70-ке жуық жаңа технология енгізілген.

6. Концерт залдары мен спорт сарайлары.

2009 жылы Қазақстанның мәдениеті өркендей түсіп, спорт, өнер салалары елімізді әлемге таныстырады. Осы орайда жас өнерпаздарды қолдау мақсатында Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде ірі концерт залдары мен спорт сарайлары салынды. Солардың ішіндегі ең ауқымдыларының қатарына «Астана Арена» стадионын, «Алматы Арена» спорт кешенін, «Қазақстан» орталық концерт залын қосуға болады. 30 000 көрермен сиятын «Астана Арена» стадионы еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда орналасқан. Стадионның ерекшелігі оның қозғалмалы шатыры болуында және сол үшін де «Астана арена» дүние жүзіндегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның қатарына кіреді. Ал «Алматы Арена» спорт кешені болса ТМД елдері бойынша бірінші рет біздің елде өткен 2017 жылғы Универсиада ойындарының ең маңызды спорттық нысаны болды. Спорт кешені 12 000 көрерменді қамти алады. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Қазақстан» орталық концерт залы өнер иелері мен өнерді сүйетіндер үшін жасалған пайдалы әрі жақсы іс болды. Концерт залына барушылар барлық алдыңғы қатарлы технологияларға куә болып қана қоймай, онда әлемдік және отандық концерттерді, салтанатты іс-шаралар мен ресми кездесулерді, көрмелер мен конференцияларды көріп, тамашалай алады.

7. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бірінші төрағасы.

2010 жылдың 1-2 желтоқсаны еліміздің тарихында қалатын айтулы датаға айналды. Себебі бұл күндері Қазақстан Республикасының басшылығымен ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) 56 мемлекеттің басшысы елордамызға жиылып, нәтижесінде Қазақстан халықаралық ірі ұйымның бірінші төрағасы болды. Бұл сара жол да Елбасының салған ізі екені белгілі. Н.Ә. Назарбаев Азиядағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді бірлестіктердің құрылуына ерекше үлесін қосып, кейін оларды экономикалық интеграцияға айналдыра білген бірегей тұлға.

8. VII Қысқы Азияда ойындары.

2011 жыл еліміздің спорт тарихында естен кетпес жыл болып қалды. Дәл сол жылы Қазақстанның оңтүстік және солтүстік астаналарында VII Қысқы Азияда ойындары өтті. Әлемнің 27 елінен мыңдаған ойыншы бақ сынасқан Азиада ойындарында спорттың 11 түрі ойнатылды: коньки тебу спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыс. Қысқы спорттық ойындар жарысында еліміз дүние жүзі бойынша рекорд жаңартып, отандық құрама бірінші орынды иеленді. Екінші орын Жапония еліне бұйырды.

9. «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі.

2012 жылы Париж қаласында өткен ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында Қазақстанда «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі болатыны белгілі болды. Жасырын дауыс беру барысында ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті Нұр-Сұлтан қаласына, қалған 44 дауыс бәсекелес жақ болған бельгиялық Льеж қаласына берілді. Нәтижесінде Халықаралық көрме 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында біздің елде өтті. Дүниежүзілік ауқымда болған көрмеге әлемнің 115 мемлекетінің өкілдері және 22 халықаралық ұйым қатысып, 3 миллион адам тамашалауға келді. ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесінде ұсынылған басты тақырып – Future Energy (Болашақ қуат) әлемдік деңгейдегі эксперттердің тарапынан бірауыздан құпталды. Көрме арқылы қазақ жұртын әлемнің қанша елдері танып, білді. Мұның өзі үлкен жетістік емес пе?!

10. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі.

2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстан әлемнің 148 елдерінің ішінен 50-орынға ие болды. Сол жылдың қазанында жарияланған Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісіне сәйкес еліміз 3 тармаққа позициясын жақсартып, 189 мемлекеттің арасында 50-орынға көтерілді. Сондай-ақ 2013 жылдың мамырында жария етілген Халықаралық даму менеджменті институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан өзінің позициясын 2 орынға төмендетіп, 60 елдің ішінен 34-ші орынды иеленеді. Бұдан не түйеміз: үш халықаралық рейтинг қорытындысы бойынша қазақ елі әлемнің 50 көшбасшы елдерінің қатарына кірді.

11. Арал теңізінің қайта қалпына келе бастауы. 

Арал теңізін қайта қалыпқа келтіру мақсатында «Солтүстік Арал» жобасы бастау алып, ол дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асты. Қазіргі таңда теңіз деңгейі біршама көтеріліп қана қоймай, су көлемі жоғарылап, минералдау төмендеген. Сонымен қатар ауланған балықтар саны да артып келеді. Ондағы балықтарды өңдейтін зауыттар жыл санап көбейю үстінде. Теңіздің көксерке балығы Брюссельге жеткізіледі. Бүгінде теңізден өңделіп шығатын балықтардың көлемі 11 мың тоннадан асты. Экспорт көлемі 3,6 есеге артып, балықтың 22 түрі қайта қалпына келтірілді. Бұл игі істің бастауында тұрған да Тұңғыш Президент болып табылады.

12. Қазақстанның ДCҰ-ға мүше болуы.

Қазақстанның ресми түрде ДСҰ-ның (Дүниежүзілік сауда ұйымы) мүшесі атанғанына 5 жылға жуықтады. 2015 жылы 26 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев Женеваға барып, келесі күні Қазақстанның ДCҰ-ға кіруінің ресми салтанаты болды. Негізінен бұл туралы келісімдер 10 шілде күні аяқталған.

13. Бокстан әлем чемпионаты.

Еліміздің тарихына таңба болып жазылатын ерекше сәттердің бірі: 2013 жылы 14-26 қазан аралығында Алматы қаласында Әуесқой бокстан әлем чемпионатының өтуі. Додаға әлемнің 111 елінен 457 боксшы қатысты. Қорытынды бойынша еліміз бірінші орынды қанжығасына байлады. Содан кейінгі орындар Куба, Әзербайжан және Ресей мемлекеттеріне бұйырды.

14. 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада.

2017 жыл Қазақстан үшін мақтанышқа толы жылға айналды. Оның алдында, 2011 жылдың 29-шы қарашасында Халықаралық студенттік спорт федерациясы Алатаудың баурайындағы әсем қаламыз – Алматыны 2017 жылы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы қабылдаушы қала деп жариялайды. Сөйтіп сол жылдың 28-ші қантары мен 8-ші ақпаны аралығында оңтүстік астанамызда 28-ші қысқы Универсиада өтеді. Халықаралық деңгейдегі жарысқа әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысты. Ойыншылар спорттың 12 түрінен сайысқа түсті: тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары. 57 мемлекеттен келіп, жарысқа түскен Универсиада қорытындысы бойынша еліміз екінші орынды иеленді. Бірінші орын көрші Ресейге бұйырса, үшінші орынды Оңтүстік Корея мемлекеті алды. «Білгенге – маржан»: еліміз Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді және қысқы Универсиада ойындары ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда өтті. Сонымен қатар қазақ жұрты қысқы Универсиаданы қабылдаған 16-шы мемлекет болып тіркелді.

15. БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық.

2018 жылдың 1 қаңтары Қазақстанстанның сыртқы саясаты үшін маңызды тарихи дата. Өйткені сол уақыттан бастап еліміз БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ете бастайды. Аталмыш төрағалықтың діттегені: Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша құжат қабылдау еді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button