Жаңалық Редакция таңдауы

Елдіктің төл тұмары

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ресми бекітілгеніне 30 жыл. Ту, елтаңба, әнұран – еліміздің нышандары төрімізде тұрғанда, жүрегімізде болғанда тәуелсіздігіміз тұғырлы, бейбіт күніміз ғұмырлы.

Қазақстан егемен ел болғаннан кейін тізгін ұстағандардың алдында аса жауапты міндет тұрды. Ол еліміздің келбеті мен көркіне сай келетін жаңа мемлекеттік нышандарды нақтылау ісі. Сөйтіп тәуелсіздік алған соң араға бір-екі апта салып, яғни, 1992 жылдың қаңтарында жүгі ауыр жұмыс қарқын алды. Президент жарлығымен арнайы комиссия жасақталды. Кейін жобаларға байқау жарияланды. Бес ай бойына жүрегім елім деп соққан талай адам өз талап тілектерін білдіріп, нұсқаларын ұсынды. Сол қатардан Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов табылды. Олардың еңбегі терең талдаудан өтіп, 245 жоба ішінен үздік шықты.

Мемлекеттік туды таңдау да тартысты өткен. Комиссия қарауына 1200 жоба ұсынылған. Солардың ішінен Шәкен Ниязбековтің қиялы жүйрік шықты. Алтын күнмен алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті, арман бүркіті қазақтың қыран көңілің, дархан да ақ жүрегің білдіреді. Сол пейіліміздің кеңдігі бүгінде бізді жеңіске жетелегендей. Қазақтың туы көтерілмеген төбе жоқ шығар. Ғарышта да болды, биік шыңға да шығарылды, Олимпиада тұғырында да тұрды, жаһан елдерінде де желбіреді.

1992 жылдан 2006 жыл аралығында «Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз» деп әнұран айттық. Бірақ бұл әнді күллі бұқараның жүрегінен шығар үнге айналдыру қиын болған сынайлы. Міне осындай себептерге байланысты 2006 жылдың 6 қаңтарында жаңа әнұран қабылданды. Сөйтіп бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған әуен, әнұранымызға айналды. Мәтінін Жұмакен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, ал әнін Шәмші Қалдаяқов жазған.

Жаңа әнұранның қабылдануымен қатар ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы заң да бекітілді. Ол құжатта нышандарды қолдану ережелері мен талаптары жазылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button