Елімізде білім берудің негізгі кемшілігі – ҰБТ
Сіздермен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес «Қазақстандағы білім берудің негізгі кемшіліктері қандай» деген сұрақтың нәтижесімен бөліссек. Естеріңізге сала кетейік, сауалнама жастар арасында жүргізілген.
Еліміздегі білім берудің негізгі кемшіліктеріне келетін болсақ, олардың тізімі өте кең. Отандық білім беру жүйесіндегі кемшіліктердің алғашқы үштігінде респонденттер жоғары оқу ақысын (35,3%), ұлттық бірыңғай тестілеуді (33,5%) және мектептердегі жаңа бағалау жүйесін (31,8%) атап өтті.
Мәселелердің екінші үштігінде төмен стипендия (23,8%), мемлекеттік гранттар санының жеткіліксіздігі (21,4%), сондай-ақ білікті педагогтардың жоқтығы (20,2%) орын алды. Сондай-ақ, жастар білім берудегі сыбайлас жемқорлық деңгейін (18,5%), кабинеттердің техникалық жарақтандырылуының төмендігін (17,2%) және де мемлекеттік тілде сапалы оқу материалдарының жетіспеушілігін (12,6%) негізгі кемшіліктердің қатарында атады.
Сонымен қатар, олар «еліміздегі білім берудің негізгі артықшылықтары қандай» деген сауалға да жауап берді. Жастардың пікірінше, елімізде білім берудің артықшылықтарына мыналар жатады: мектепте тегін білім беру, инфрақұрылымның болуы – кабинеттердің техникалық жабдықталуы және жаңа оқулықтардың болуы, халықаралық олимпиадаларға қатысу мүмкіндігі, оқытушылардың біліктілігі. Айта кету керек, 18,5% респондент қазақстандық білім беру жүйесінде қандай да бір артықшылық жоқ деп санайды.