Елімізде сауатты пациент мектебі ашылды
Атырау облысында пилоттық режимде «Алғыс» сауатты пациент мектебі» өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жоба пациент пен дәрігердің арасында медиациялық көпір салу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жобаның міндеті – пациенттер мен дәрігерлердің олардың құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін арттыру, сондай-ақ жанжалды және дағдарыстық жағдайлардан қалай дұрыс шығу керектігі туралы коммуникация дағдыларын игеру.
Оқыту бағдарламасының шеңберінде мектепте дәрігердің пациенттермен өзара іс-қимылы, пациенттермен және дәрігерлермен жұмыс істеу психологиясы, пациенттердің шағымдарын талдау, аурулардың профилактикасы бағдарламасын әзірлеу, индикаторларды орындау бойынша аналитиканы қалай құру сияқты курстар оқытылады.
Қазіргі уақытта бұл жоба пилоттық режимде №4 Атырау қалалық емханасында және облыстық балалар ауруханасында өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта өңірдің барлық медициналық ұйымдарында ауқымды болады.