Елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет - Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Ruh.kz.
Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар, - деді ол.
Президенттің айтуынша, Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырған. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етіп отыр. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтауды тапсырды.
Деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін, - деді Тоқаев.
Сонымен қатар отырыс барысында соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржының айтарлықтай артуынан министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.