Мақала

Еліміздің жетілуі Абай ілімі аясында

Жаңа жылда жетістіктерге жету үшін жаңа талап керек. Бұл жаңа талабымыз халқымыздың рухани ахуалын жаңа деңгейге көтеру болса керек. Еліміз өркендеу жолына қашан түседі? Мұндай сұрақ әркімді де толғандырады.

Фото: ашық дереккөзден

Бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ол жауап: еліміз өркендеу жолына халық қашан дайын болғанда, сонда түседі. Басқа жол жоқ. Абай ілімі бойынша осылай жауап беруге болады. Ел дайын болғанда соған сәйкес адамдар келіп, қоғамды өркениет жолына бағыттайды. Табиғи заңдылық бойынша, қоғам қандай болса, билік те сондай болуға тиісті. Қоғамың қандай болса, билігің де сондай.

Қоғамның, сонымен бірге, адамның жетілуінің табиғи заңдылыкғы бар. Бұл эволюциялық заңдылықты Абай жиырма бесінші сөзінде былай деп білдіреді:

... әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?.. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.

Бұл сөздерден ұғатынымыз, әуелі тән құмарын, сонан кейін жан құмарын қанағаттандыруға жағдай жасау керек. Қарны аш адам рухани болмыс туралы ойлай алмайды. Сондықтан әуелі экономиканы жетілдіру керек. Экономиканың жетілуі демократия арқылы болмақ. Демократия Абай көрсеткен «жарым адамдарды» бір жолға салып, олардың рухани болмысын тәрбиелеп «адам» деңгейіне көтереді. Осылай мемлекет күш алып, бекиді. Бірақ демократия шексіз емес, оның шегі бар. Белгілі бір деңгейге жеткенде жан құмары ұмыт қалса демократия өркениетті құлдыратып, өзінің зиянын тигізеді. Кеңес дәуіріндегі еліміздегі көркем-өнер, драматургия, әдебиет, ғылым салаларының өркендеуі есімізде. Бірақ бұлардың барлығы жан құмары емес, тән құмары үшін жасалған әрекеттер еді. Сондықтан олардың барлығының да белгілі бір шегі болып, ақыры Одақтың ыдырауына бөгет бола алмады.

Халықтың рухани дәрежесі өркендеу талабына сәйкес болу үшін адам Абай көрсеткен шартты орындауы керек. Бұл шартты Абай он жетінші сөзінде Қайрат, Ақыл, Жүректің таласуын суреттей келіп, былай деп бергені белгілі:

Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, — депті.

Бұл сөздер рухани жаңғыру талабын көрсетеді. Адам саналы болып, яғни ғылымды игеріп, барлық іс-әрекетін ақылға ғана емес, жүрекке де билететін болғанда, ол рухани болмысын жетілдіріп, өркениет жолына түседі.

Бүгінгі күндері талпынып жатқан рухани жаңғыруымыз бұл мәселені шешудің негізі болмақ. Олай болмаса басқа көптеген елдер тәрізді тарихтың шырғалаңынан шыға алмаймыз, тіпті ұлтымыздың жойылуына үлкен қауіп бар.  Сондықтан бұл өтпелі кезең  – еліміз үшін өте маңызды және жауапты кезең болып тұр. 

Абайдың «ғылым» дегені – рухани білім арқылы адамның өзінің рухани болмысын түсінуі. Ал бұл тек қана рухани жаңғыру барысында болады. Яғни рухани жаңғыру еліміз үшін бүгінгі ауыр жағдайдан шығу шарты болып табылады.

 Әуелі рухани жетілу арқылы демократияны қалпына келтіріп, елімізді өркендеу жолына салуымыз керек. Бірақ бұл жетілудің алғашқы деңгейі ғана болады. Бұл деңгей еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың әрі қарай жан құмарын қанағаттандыруға жол ашады. Осылай рухани жаңғырудың екінші деңгейіне, рухани деңгейіне көтерілуге болады. Бұл деңгейге көтерілу бізге басқа елдердің қателігін қайталамай, Мәңгілік елге жол  ашады. Бұл жол – Абай көрсеткен «толық адам» жолы. Толық адам жолы – тән құмары емес, жан құмары үшін өмір. Әрине, бұл жолмен әркім жүре алмайтынын Абай «бек нәзік, бек шетін жол» деп көрсеткен. Бірақ, тіпті санаулы адам ғана осы жолмен көтерілгеннің өзінде, олар бүкіл елге үлгі болып, негізгі бағытты көрсететін Темірқазық жұлдызы болар еді. Мұндай толық адамдар – халықтың рухани көзі, үлгі алатын нысанасы. Олар рухани ұстаздар, халықтың пірі. Бұрынғы заманда қазақтың үйлесімді өмірі осындай ұстаздарға байланысты болды.

Тіршіліктің зардабынан  шығудың бір жолы ой жүйені өзгерту болады. Ол үшін рухани біліммен болмыс заңдылығын түсіну керек. Осылай адамның ой жүйесі өзгереді. Негізгі шарт – жан құмары мен тән құмарының үйлесімді болуы. Заттық болмыс қана емес, рухани болмысты да ескеру керек. Өркениеттің құлдырауы адамның өзінің рухани болмысын ұмытып, тән құмары әсерімен материяның ықпалына түсу сәтінен басталады. Осылай қандай өрлеу болса да, ол заттық әлем заңдылығынан шыға алмай, әуелі жетілу қарқыны тоқырап, өзінің жетілу шыңына жеткен соң құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып кетеді.

Қоғамды өркениет жолына салу үшін, әуелі оның әрбір мүшесін жөнге келтіру керек екені белгілі. Әрбір адам жөнге келсе – бүкіл қоғам түзеледі. Ал адамның түзелуі үшін ол рухани жаңғыру жолына түсуі керек. Сондықтан біздің елдің даму жолы – рухани жаңғыру жолы. Әрине, бұл өте ұзақ және көп күш-қайратты қажет ететін құбылыс.

Абай ілімі бойынша – ішкі дүниесі өзгерсе, адам болмысы толық өзгеріске түседі. Ар-намыс, ыстық қайрат – рухани жетілген адамның қасиеті. Ұят – адамның ішкі тірегі. Ішкі тірек адамға болмыс үйлесімділігін бұзбай өмір сүруге мүмкіндік береді. Әділетті болу үшін оған ешқандай сыртқы себептің, заңдылықтың қажеті де жоқ. Үйлесімді өмір тәртібі оның ішкі қуатынан шығады. Әділетті қоғамның тірегі осындай адамдар.

Абай жетінші сөзінде «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғысса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық». Қарғаларды ауылдағы боқтықтан қуса, олар ұзамай, үйренген боқтығына қайта оралады. Ал егер боқтық емес, одан тәуір жемге үйретсең – олар боқтыққа қайтып оралмай, жемге ұмтылып, аққудай таза қасиет алар еді. Сол сияқты, адамның сана-сезімін оятып, оған өмірдің жоғары ләззатын берсе, оның ой-өрісі де өзгеріп, өзінің боқтық өмірінен бас тартады. Жан құмары тән құмарынан жоғары. Тек қана жан құмарының дәмін татып көруі керек. Жоғары жан құмарына жеткен адам тән құмарына қайтып оралмайды.

Ендеше Абай ілімі арқылы рухани жаңғыру ғылымын игеріп, сол жолға нық аяқ басу – қазіргі біздің ауыр жағдайымыздан шығу жолы. Рухани жаңғыру қазіргі жағдайымыз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте маңызды қажеттілік.

Егемендік алып, ерікті ел болғаннан кейін өркениет жолына толық түсуге мүмкіндігіміз бар. Ерік – жан қасиеті. Жан құмарынан шыққан еркіндік адамға шабыт беріп, оның талабын, қайрат-жігерін өсіреді. Ар-намыс оянып, жүректің көзі ашылады. Ал біз сияқты еркіндік шектеулі, әділеттілік аяққа басылған елдерде бәрі керісінше. Егемендікті аңсамаған, еркіндікті тағдырдың берген сыйы ретінде қабылдап, жан құмарын шыңдай алмаған республикаларда Кеңес Одағы тарағаннан кейін өркениеттің өрлеуі емес, құлдырауы осы себептен болып отыр. Кеңес Одағы тарағанда адам рухани ұйқыда болды. Ұйқыдан ояна алмаған көпшілік, тіпті егемендіктің қалай келіп қалғанын да байқамай қалды. Себебі Кеңес дәуірінде қатаң атеистік саяси жүйе адамның еркіндігін тежеп, бостандық бермеді. Рухани қыспақта тәрбиеленген адамдарда еркіндік сезімі болмай, өздерінің арман-мақсаттарын, қайрат-жігерін жетілдіре алмады. Сол мешеуліктің салдарынан көпшілік әлі күнге дейін саяси көзі ашылмай, ұйымшылдығы болмай, терең рухани ұйқыда жүр. Бұл жағдай ұйқыдан тек қана рухани жаңғыру арқылы ғана оянуға болады дегенді білдіреді.

Сонымен, бүгінгі жағдайдан шығудың екі жолы бар. Біріншісі – революциялық, ал екіншісі – эволюциялық жол. Екі жолдың да өзіндік қиыншылықтары бар. Келешегіміз осы қиыншылықтардың қайсысын таңдауымызға байланысты.

Революцияның қиыншылығы – ескіні қопарып, жаңаны орнату. 1917 жылы бұл өмірден өттік, сондықтан жақсы білеміз. Ел екіге бөлініп азамат соғысы басталды, бала мен әке, аға мен бауыр бір-біріне жау болып қару көтерді. Адамгершілік қасиеттер жұрдай болды. Біз үшін ескіні қопару дегеніміз, қазіргі онсыз да нашар жағдайымызды одан сайын құлдырату деген сөз. Ел бейберекет болып, жұмыссыздық, аштық басталады. Арты не болатынын ешкім болжай алмайды. Шет елдер араласып, тіпті егемендігімізден айырылу қаупі де жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, болашақ бұлыңғыр.

Эволюциялық жол керісінше, болашақ айқын. Жетілу қарқыны құлдырамай, өзінің сол жеткен деңгейінен басталады. Адамдарда азып-тозудың орнына намыс-қайрат, шабыт-жігер пайда болады. Осылай адам табиғи жетілу барысында ешбір күйзеліссіз өркениет аясына кіреді. Эволюциялық жол – табиғи жол. Бірақ бұл жолдың үлкен қиыншылығы бар. Ол қиыншылық – адамның ой-өрісін өсіру. Адамның сана-сезімі оянып, ой-өрісі жетілмесе эволюциялық жол мүмкін емес. Себебі, эволюциялық жол –  жан құмарынан шығатын әлеммен үйлесімді жол. Әлеммен үйлесімді өмір сүру үшін халық жан құмарына көңіл бөлуі керек. Яғни, «ұйқыдан оянуы» керек. Ұйқыдан ояну дегеніміз – жүрек көзін ашу. Жүрек көзі тек қана рухани жаңғыру барысында мүмкін болмақ. Сондықтан, еліміздің жетілуі үшін рухани дамудың орасан зор маңызы бар.

 Қорыта айтқанда, әуелі демократия принциптерін толық қабылдап, дұрыс пайдалана білуіміз керек. Бұл бүгінгі тығырықтан шығу жолы. Бірақ демократия адам өмірінің мақсатын толық шеше алмайды. Демократия шегіне жеткенде, ол қозғушы күштен тежеуші күшке айналады. Демократиялық жолмен өркениеттің сара жолына түскен соң осыны ескеруіміз керек. Бұрынғы жойылып кеткен империялардың қателігін қайталауға болмайды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button